Діни алауыздықтан қалай құтыламыз?
Дін – елді біріктіреді. Әйтсе де Қазақстандағы діни ахуал, оның ішінде халқының 70 пайызы ұстанатын ислам дініндегі қазіргі алалық һәм әсіре ағымдық сипатына қарап «біріктіреді» деп айта салудың оңай емес екенін түсінетіндейміз. Біздің қоғамда дін тақырыбы туралы сөз ұстайтындар қатары көбейген сайын, оның өте-мөте күрделеніп бара жатқаны да әмбеге аян. Тіпті белгілі бір тұрғыдан қиын әрі «жабық» тақырыпқа айналғаны да байқалады. Сондықтан елдегі діни ахуал жұртты біріктіруден гөрі, қоғамды ыдыратуға, жік-жікке бөлуге әкетіп барады десек қателесеміз бе? Көзі қарақтылар бірден «қайдам!» дер еді. Ендеше, осындай алалықтан халықтың 70 пайызы жапа шексе, «жар астындағылар» ұтымды саясат жүргізіп жатқаны ғой. Бізді осы мазалайды.
Мешіттің шіркеуден несі кем?
Былтырлары Қазақстандағы шіркеу поптарының мемлекеттік тілде уағыз айтуға көшетіні туралы мәселе көтеріліп, қоғамды бір дүр сілкіндіргені бар. Әттең, бұны тілге деген шынайы құрмет немесе мемлекеттің тіліне жасаған шіркеудің жанашырлығы, қазақты сыйлап, заңға бой ұрғаны деп еш қабылдай алмайсыз. Шіркеуге қазақтың тілін үйренуден гөрі, сол тілді білетін уағызшы ұстау аса керек-ті. Тілінде мүкісі жоқ уағызшы арқылы Құдайға қазақша сыйыну үшін жұртшылықты шіркеуге тартуды көздейтінін бірінші байқаймыз. Ендеше, мұндай пиғылдың «дұрыстығын» дәлелдеп жату артығырақ. Бұл – бір жағынан. Екінші жағынан, зайырлы Қазақстанның ұлы даласында соңғы жылдары саны да арта түскен шіркеу өз саясатын Астанамен емес, Мәскеумен келісіп-пішеді. Қазақстанның заңына мойынсынғанымен, шіркеулік саясат бағдары бүкілорыстық патриархатының пәрменінде. Ендеше, қазақ тіліне қатысты «құштарлықты» шіркеудің тамыр басу әдісіне теңеуге де келеді. Зайырлы әрі жан-жақтан мемлекеттік тілді қолдау туралы ұран дүркін-дүркін естіліп жататын қазақ қоғамында бұған соншалықты қарсы реакция байқалмады. Тіпті мемлекеттік тілді ұран етіп, ұлардай шулаған топтың қаруын жұлып алып, сол қарумен өз бастарынан бір соққандай әсер алған тәрізді. Сондықтан болар, орыстың православиелік шіркеуі ендігі сатыда өз миссиясын ашық жүргізуге беттеп отыр. Бұған еш кедергі де жоқ, қолдайтын ақпараттық қауқары да әу бастан ақ әзір еді.
Поп қимылдап, имам қарап тұрғандай...
Жақында «РИА Новости» халықаралық ресейлік ақпарат агенттігінің Астана қаласында орналасқан Орталық Азиядағы өкілдігінде Астана–Мәскеу–Киев арасында «Ресей православиелік шіркеуінің посткеңестік аумақтағы гуманитарлық миссиясы» тақырыбында телекөпір өтуі де соның айғағы. Рас, «РИА Новости» агенттігінде бұған дейін елдераралық ынтымақтастық, экономикалық байланыстар мәселесіне қатысты тың тақырыптар талқыланып тұратын.
Бұл жолғы телекөпір арқылы қазақ даласындағы «шіркеудің гуманитарлық миссиясы» талқыланатын шараға ресейлік, украиндық дінтанушылар, сондай ақ Астанадағы шіркеу қызметкерлері ғана емес, мемлекеттік органынан жіберілген ресми өкіл де белсене қатысқан тәрізді. Әйтсе де телекөпір тақырыбының «өзектілігіне» осы шараға қатысты баспасөз айғағы қолымызға тигенде тағы бір мәрте көз жетті. Онда қаузалатын мәселе туралы былай делініпті (қаз қалпында): «Дамыған мемлекеттер әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарынан қоғамның тиімді емес гуманитарлық және әлеуметтік мәселелерін «лақтыруға» мәжбүрлі. Бұл мәселелерді кім шешеді? Соңғы уақыттардағы қауіптерге шіркеу қалайша жауап бермек? Сонымен қатар Кеңес Одағының күйреуінен кейін тәуелсіз мемлекеттер орнаған посткеңестік аумақта рухани және идеологиялық вакуум пайда болды. «Кеңестік коммунистік рухтандырушылықтың» орнына не келуі керек? Шіркеу бір кездері біртұтас мемлекеттік және идеологиялық кеңістіктің рухани біріктіргіш рөлін өзіне ала ала ма? Қазіргі мәдениеттің рөлі қаншалықты? Қаншалықты ол рухани, адами? Мәдениеттегі рухсыздықты жоюда шіркеудің рөлі қаншалықты? Шіркеу заманауи рухани және идеологиялық жолсеріктің рөлін атқаруға дайын ба? Осы және басқа да көптеген сауалдарға телекөпір барысында қатысушылар жауап береді». Телекөпірде не айтылып, не қойғанынан хабарсызбыз. Көтерілген тақырып аясында төңкеріс іздейтін жаулық жасаудан да аулақпыз. Өйткені мемлекеттегі басты дін исламнан кейінгі тұтқаға ие болып отырған православ шіркеуі өз ісімен айналысып жатыр. Қарын аштыратын бір-ақ нәрсе – Қазақстандағы ислам дінінің сойылын соғатындар шіркеу көтерген мәселені неге көтере алмай келеді. Поп посткеңестік кеңістіктен вакуум тауып, оны шоқындылардың қатарымен толтырсам дегенді көксейді. Бұл – бір ғана православтық шіркеудің емес, елімізге дендеп еніп жатқан өзге де христиандық діни ағымдардың да көксегені осы. Ондай олқылықтың орнын толтыруға неге шеттегі шіркеу емес, өзіміздің мешіт ұмтылыс жасамайды, неге үнсіз?! Бақсақ, қырық темірдің қылауындай болған елдегі дәстүрлі дін мәселесі бұған барғызбайтын тәрізді.
Тақырыпқа орай бір пікір
Асхат Бекенов, Мәжіліс депутаты:
– Қоғамдағы діни ахуалды ретке келтіру – өзекті. Исламға жат діни ағымдардың ел арасына кірігіп, жұртымыздың өркениетті өсуіне кері әсер келтіретін мысалдары жеткілікті. Бұл – болашақ үшін қауіпті құбылыс, тіпті біз белгілі бір деңгейде мәселені шабан әрі тым кеш көтеріп жүрген тәріздіміз. Менің ойымша, билік дін ісіне етене араласпаса да, ұлт болашағы үшін арнайы бағдарлама әзірлесе деймін. Ал ондай бағдарламаны әзірлеуге Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері мен Діни басқарма бірігіп кірісуі шарт. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мемлекеттік органдармен үйлесетін әрекетін көргіміз келеді. Ислам ішіндегі ағымдарға, жұртты, ұлтты бөлетін бағыттарға қарсы баға беру шаралары, жүйелі жұмыстары жүргізілгені ләзім. Әзірше мен мұндай ұмтылысты байқап отырған жоқпын. Діни басқарма жұмадағы намазда, басқа да күндері тек мешітке келген, сонда жиналған халыққа ғана ислам құндылықтары төңірегінде уағыз айтумен шектеліп отыр. Уағыз үшін қолданатын баспасөзінің ауқымы да кең емес. Яғни Діни басқарманың жұмысы үдетуді талап етеді. Сонда ғана қоғамнан жат теріс ағымдарды ысырып шығаруға болады. Әйтсе де тым кеш қалып бара жатқандай әсерді әлі де баса айтқым келеді. Одан бөлек, Діни басқарманың мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізуге болатын тетіктері де бар. Кейбіреулер мемлекет пен дінді біріктіріп қарағысы келеді, муфтияттың мәртебесін көтеруді ұсынады. Оның керегі де жоқ тәрізді. Өйткені Діни басқарманың өзінің ішкі жарғысы, соған сәйкес мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізу бағыттары айқын. Тек белсенділік деңгейі төмендеу. Ұлттың келешегі болып табылатын жастарды сауықтыру бағытындағы жұмыстың нәтижесін көрмей отырмыз.
Түйін
Қазақстанда «исламның қай ағымы бар?» дегеннен гөрі, «біздің елде қандай ағым жоқ?» деген дұрысырақ. Бір көкеміз айтпақшы, «қазақ даласына ағым жердің астымен де, үстімен де келіп жатыр». Тіпті «ұлттық ислам», «ұлтсыз ислам» деген терминдер де әрқилы ауызға ілігіп кетіп жүр. Мешіттер Діни басқармаға бағынады делінгенімен, басқарманың өзін қаралайтын топ та баршылық және бұл бір ғана ағымның жетегіндегі топ емес. Жік-жікке бөлінгендердің «менікі дұрыстан» басқаға бара алмайтынын «орамал дауы» тағы бір мәрте дәлелдеп бергеніне лажсыз куә болдық. Сөзіне қарасақ, бәрінікі дұрыс. Әйтсе де 70 пайыз мұсылманның бәрі бірдей мүше-мүшеленіп, әр ағымның соңынан кетпегені анық. Дегенмен «толық мұсылмандыққа» ұмтылғандар қай жолды ұстанамын деп бас қатырып жүргенін байқаймыз ба? Неге Қазақстандағы исламшылар бір шаңырақ астына жиылып, пікір алмасып, бірін-бірі мойындай, мойындата алмай әсіре бөлшектенуге кетіп барады? Әлемнің дәстүрлі де, дәстүрсіз де діндерінің басын қосқан қазақтың киелі шаңырағында бір діндегі өз қандастарымыз ортақ дастарқан басында отыра алмайды екен. Бұған, бәлкім муфтияттың күші жетпесе, биліктің қозғалысы керек шығар? Әйтеуір бір жолын табу керек. 70 пайыздың ішіндегі басым жұртшылықтың күтетіні осы деп біліңіз.