Электронды үкімет қағазбастылықтан құтқарады
Кеше «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен жаңа бастама көтеріп, Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі порталын қолдануды үйретуге арналған оқыту бағдарламасын іске қосты. Олар жыл соңына дейін еліміздің 80-ге жуық елді мекенінде арнайы семинарлар өткізіп, 70 мыңнан астам қазақстандықтың көзін ашып, виртуалды мүмкіндіктерін түсіндіріп бермекші. Семинар барысында мамандар қатысушыларға электрондық үкімет туралы мәлімет беріп, портал арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны алу мен қолдану тәртіптерін және электрондық үкімет порталынан мемлекеттік қызмет көрсетулерді алу жолдарын үйретеді.
Сарапшылар қауымы электронды қызмет көрсету үрдісі Үкімет пен халықтың, мемлекет пен арыз берушінің арасындағы байланыста жекелеген адамдардың қатысуын барынша шектеп, сол арқылы жемқорлық пен қағазбастылықтан құтқаратынын жиі айтып келеді. Америкалық миллиардер Билл Гейтс бір кездері «компьютер – әрбір үстелде, әрбір үйде» деп армандаған болса, қазір қазақстандықтар да компьютер мен ғаламтордың тұрақты пайдаланушыларына айналуда. Қоғамның технологиялық дамуы мемлекеттік билік органдарына да әсер ететіні анық. Осы орайда соңғы он жылда әлемде электронды үкімет деген ұғым пайда болды. Электронды үкімет дегеніміз биліктегі кәдімгі үкіметке оппозиция болатын базбір құрылым емес, ол мемлекет атқаратын барлық қызметтер мен функциялардың электронды түрі. Электронды үкімет шынайы көрініс бергендегі артықшылықтар: үнемді түрде әкімшілік басқаруды жүзеге асырады; қоғам мен Үкімет арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертеді; биліктің халық алдындағы жауапкершілігі артып, демократия жетіле түседі.
Расында, қазіргі қоғам жеңіл, жедел әрі ыңғайлы тәсілмен, қазіргі заманғы технологияларды белсенді қолдана отырып қарым-қатынас жасайтын ақпараттық дәуірге әлдеқашан өтіп кетті. Тұрғындар кез келген мәселе үшін ауыл мен қаланың орталығына сабылмай, коммуналды төлемдерді, оның ішінде жарық пен газ, телебайланыс ақысымен есептесу, жылжымалы және жылжымайтын мүлік салықтарын төлеу операциясын электронды түрде жүзеге асырып, зейнетақы есептері, некені тіркеу операцияларын үйде отырып-ақ атқара беретін болды.
Әрине, әлемдегі ең белсенді электронды үкіметке қол жеткізген Сингапур мен Эстония елдерінің ерлігін қайталау үшін қазақстандықтарға көп еңбектенуге тура келеді. Қоғам назарын Қазақстан электронды үкіметті дамытуға аудару, азаматтардың е-қызметтерді пайдалануға деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар, халықты электронды үкімет арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсыну мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру қажет. Қазіргі жағдайда халықтың ұмтылысы мен оларды өз деңгейінде ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылдың нәтижелері бойынша электронды үкімет порталында 15 мемлекеттік қызмет және жергілікті атқарушы органдардың 20 мемлекеттік қызметі электронды форматқа көшірілді. «Е.gov» порталын пайдаланушылардың саны бір жылда бес есеге артқан. Жалпы, электрондық үкімет порталында 70-тен астам электрондық және 2000 ақпараттық қызмет түрлері ұсынылған. Портал арқылы 6 миллионнан астам электрондық анықтама берілген. Электронды үкіметтің жақтаушылары еліміздің Эстония мен Сингапурдағыдай барлық қызметті электронды тәсілге көшіруін армандайды, және оған билік тарапынан тосқауыл жоқ. Өткен жылы еліміз электронды үкіметті дамыту бойынша 192 елдің ішінде 46-орынға табан тіреді (2008 жылы 81-орында тұрған). Ал биылғы 2011 жылғы көрсеткіш сарапқа салынса, Қазақстан тағы да он сатыға өрлейді деген үміт бар.
Сарапшылар пікірі
Денис ЛЕДНЕВ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Жобаларды сараптау және талдау департаментінің директоры:
– Электронды үкімет халықты қағазбастылықтан құтқаратыны анық. Бұған дейін қызмет көрсетудің 74 түрін жүзеге асыру үшін 164 түрлі құжат қажет болатын. Бұл дегеніміз, 2010 жыл бойына азаматтар 62 миллион құжаттардың көшірмелері мен түпнұсқаларын ұсыну керек болған. Бұл азаматтар үшін айтарлықтай шығын және мемлекеттік органдар үшін де ауыр салмақ. Электронды үкімет қағаз арқылы құжат алмасуды барынша қысқартуға алып келеді және электронды қызметтердің көп бөлігін біртіндеп электронды форматқа аударуға болады. Қазіргі таңда қызметтерді электронды үкімет порталы, электронды үкімет төлем шлюзі арқылы төлеуді іске асыру мәселелері бойынша екінші деңгейлі банктермен белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар баж салығын төлеуге байланысты төлем терминалдары операторларымен, кедендік бақылау комитетімен белсенді жұмыс жүргізуде.
Алмас ТОЛЫҚБАЕВ, Электронды үкімет жобасының менеджері:
Қазіргі таңда электронды үкімет порталын пайдаланушылар негізінен мүліктің бар-жоқтығы жөнінде анықтама алу, зейнетақы қорында жиналған ақшаның анықтамасы және жол жүру ережесін бұзғандардың айыппұл төлеу сынды операцияларды жиі жүзеге асырады. Биыл порталдағы 70-тен астам қызмет түріне тағы 15 қызмет түрі қосылады. Оның ішінде жергілікті әкімшіліктермен қызмет түрлері, Ішкі істер министрлігінің қызметтері сынды ерекше маңызды мәселелер ескеріледі. Халықтың бұл порталға деген белсенділігі жоғары, мәселен, 2009 жылы алынған анықтамалардың саны 20 мыңнан астам болса, 2010 жылы 1,5 миллионға жуық анықтама алынды. Ал осы 2011 жылдың тек алты айында 3,5 миллионнан астам анықтама алынып отыр. 2010 жылы бұл порталға 20 мыңдай адам тіркелген болса, биылғы жылдың алты айында ғана 26 мыңдай адам тіркеліп үлгерді. Күніне 20 мыңдай адам осы порталдан анықтама алады. Яғни күн өткен сайын еселеп өсуде.
Электронды үкімет игіліктері
Электрондық үкіметтің көмегімен, e.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады:
жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкінің жоқ (бар) екендігі жайлы анықтама алу, баланың туылуын тіркеу, ӘЖК алу; теміржол немесе әуе билеттерін броньдау, ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеу, бюджеттік төлемдер, төлқұжат алғаны үшін, жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл, жылжымайтын мүліктің заңдастырушы құжаттарының көшірмесін алғаны үшін төлемдер, мемлекеттік органдардың басшыларына блогтары арқылы тікелей хабарласу, мемлекеттік органдардың жұмысы жайлы ақпарат алу.