Елорда төрінде ЕҚЫҰ баспасөз орталығы ашылды
Кеше Астанада ЕҚЫҰ саммитінің журналистер қауымына арналған баспасөз орталығы жұмысын бастады. «Қазақ елі» монументінің жанында, Тәуелсіздік сарайының қасында тұрған Шабыт сарайында орналасқан бұл баспасөз орталығында саммитті жазып, көрсететін қазақстандық және шетелдік журналистердің жұмыс істеуіне қажетті қолайлы жағдай толық жасалған. Ал желтоқсанның 1-2-сі күндері өтетін ЕҚЫҰ саммитіне мыңнан аса шетелдік журналистердің келуі күтіліп отыр. Сондықтан саммиттің баспасөз орталығы 400-ге тарта компьютермен және жеке ноутбуктарға арналған қосымша жұмыс орындары бар сымсыз желідегі интернет, қалааралық және халықаралық тегін телефон байланысы, көшіру техникалары мен монтажға арналған арнайы бөлмелермен жабдықталған.
Осылайша Астана жұрты ғана емес, бүкіл Қазақстан, одан қалаберді әлем құлағын түріп, көптен күткен, еліміздің тарихындағы ең ірі халықаралық жиынның да дүбірі басталды деуге болады. Өйткені осы саммит аясындағы іс-шаралар бүгіннен басталып кетті. Мәселен, бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ЕҚЫҰ саммитінің қарсаңына орайластырылған Үкіметтік емес ұйымдардың форумы ашылса, ертең ЕҚЫҰ-ның шолу конференциясы басталады. Ал қарашаның 30-ынан Астанаға ЕҚЫҰ саммитіне қатысатын негізгі қонақтар – мемлекет және үкімет басшылары бастаған ресми делегациялардың алғашқы легін қарсы алу жоспарланған. Газетіміз оқырмандарын аталған шараның бәрінен егжей-тегжейлі хабардар етуді көздеп отырғандықтан, біз бүгін ЕҚЫҰ тарихынан қысқаша мағлұмат бергенді жөн көрдік.
ЕҚЫҰ деген ұйым қашан және қайдан шыққан?
Бүгінде баршамызға ЕҚЫҰ деген қысқартылған атаумен белгілі бұл ұйым Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестен (ЕҚЫК) басталған. Ал ол кеңес өткен ғасырдың 70-жылдарының басында КСРО мен Еуропадағы социалистік елдердің бастамашылығымен Еуропадағы әскери қырбайлықты азайту және қауіпсіздікті нығайту шараларын әзірлеу мақсатымен шақырылды. Үш кезеңде өткен кеңес батыс пен шығыстың арасындағы, дәлірек айтқанда, бақталасқан капиталистік және социалистік жүйенің арасындағы диалогті құруға бағытталған алғашқы көпжақты форум еді. Оның бірінші кезеңі – 1973 жылдың 3-7 шілдесінде Хельсинкиде өткен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі. Екінші кезеңінде, яғни сол жылдың 18 қыркүйегі мен 1975 жылдың 21 маусымында Қорытынды актінің мәтіні мен оған толықтырулар енгізілді. Ал 1975 жылдың 1 тамызында Хельсинкиде Еуропаның 33 мемлекеті және Канада, АҚШ ЕҚЫК-тің қорытынды актісіне қол қойды. Ал «Хельсинки қорытынды актісі» деп аталған құжат іс жүзінде осы ЕҚЫК-ке қатысушы мемлекеттердің өз азаматтарына және өзара қатынастарына қатысты қағидалық ережелерін бекітті. Бұдан әрі қарай ЕҚЫК өз мақсат-мүдделеріне жету үшін кеңеске мүше елдердің астаналарында түрлі деңгейде басқосулар өткізіп, уағдаластық құжаттарын бекітіп отырды. ЕҚЫК мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларының мұндай кездесулерінің есте қаларлық ең маңыздысы 1990 жылы 19-21 қарашада Парижде өтті. Онда жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы қабылданды. Бұл қырғиқабақ соғыстың аяқталуын жариялаған тарихи құжат еді. Сол саммитте сонымен бірге Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы Шартқа да қол қойылып, бүгінге дейін қолданылып жүрген, саяси консультациялардың үш деңгейлі тетігі: Жоғары деңгейдегі кездесулер, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және Аға лауазымды тұлғалар комитеті құрылды.
Одан кейінгі жоғары деңгейдегі кездесулердің ішіндегі атап өтерлік басқосу 1992 жылы Хельсинкиде өтті. Мұнда ЕҚЫК-тің оған мүше мемлекеттер арасындағы саяси диалог форумынан трансөңірлік ұйымға айналуына негіз қалаған құжатқа қол қойылды. Осы кезден бастап ЕҚЫК «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі» алып кеңістіктегі әскери-саяси тұрақтылықты сақтау мен ынтымақтастықты дамытуды мақсат еткен, өңірлік және жергілікті қақтығыстарды реттеу және болдырмау мәселесінде нақты әрекеттер жасай алатын ұйымға айналды. Ал 1994 жылы Будапештте өткен жоғары деңгейдегі кездесуде ЕҚЫК-ті 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) деп атау туралы шешім қабылданды. Бұдан кейінгі кезеңдерде ЕҚЫҰ назарын, негізінен, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдерде болған қақтығыстар мен тәуелсіздігін жаңа алған жас мемлекеттердегі демократия, сайлау мәселелеріне көбірек ауды. Ал оған мүше елдердің үкімет және мемлекет басшыларының ең соңғы саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда болды. Содан кейінгі кезеңде мұндай жоғары деңгейлі жиын тек биыл ғана ұйымның Іс басындағы төрағасы – жас Қазақ мемлекетінің мұрындық болуымен желтоқсанның 1-2 күндері Астана төрінде өтпек.
Жадыны жаңғырту:
Қазақстан ЕҚЫҰ мүшелігіне 1992 жылы қаңтарда қабылданды.
1995 жылы Венада ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіміз ашылды. Ал ЕҚЫҰ орталығы Алматыда 1999 жылы құрылды.