Енді Армения да Путинді тұтқындауы мүмкін
Армения конституциялық соты Рим статутында бекітілген Халықаралық қылмыстық сот туралы міндеттемелерді ел Конституциясына сәйкес деп таныды. Бұл жөнінде New.Am агенттігі хабарлады. Шешім күшіне енген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азаттықтың мәліметінше, енді Ресей президенті Владимир Путин және бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белова Арменияға барған жағдайда Халықаралық қылмыстық соттың 17 наурыз күнгі ордеріне сәйкес тұтқындалуы мүмкін. Халықаралық қылмыстық сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған.
Кремль армян билігімен Арменияның Халықаралық сот юрисдикциясын мойындауы мәселесін талқыламағанын айтты.
Армения үкіметі 2022 жылдың соңында Әзербайжанды мойындалмаған Таулы Қарабақ аумағында "қылмысы үшін" жауапқа тарту мақсатында конституциялық сотқа Рим статутын мойындау жөнінде жүгінген.
Армения статутқа 1998 жылы қол қойғанмен оны ратификацияламаған, себебі конституциялық сот 2004 жылы келісім міндеттемелері сол кездегі Конституцияға қайшы келеді деп таныған. 2004 жылдан кейін Арменияның бас заңына өзгертулер енгізілген, үкімет соны басшылыққа ала отырып, конституциялық сотқа қайта жүгінген еді.
Бұған дейін Украина бас прокуроры Андрей Костин Гаагада Халықаралық соттың Киевтен өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылғанын хабарлаған.
New York Times жуырда Халықаралық қылмыстық соты Ресейдің Украинадағы басқыншылығына байланысты екі қылмыстық іс қозғайтынын және бірнеше адамды тұтқындауды сұрайтынын жазған.
Басылымның жазуынша, істе Ресейге украин балаларын ұрлады және азаматтық инфрақұрылымға қасақана соққы жасады деген деген айып тағылады.
NYT жазуынша, дегенмен Халықаралық қылмыстық сот бас прокуроры Карим Хан әуелі сотқа дейінгі сот алқасына ордер жөнінде өзінің негіздемелерін беруі тиіс. Сот алқасы күдіктілерді тұтқындауға ордер беру кезінде құқық стандарттары сақталды ма, тергеушілерге қосымша дәлелдер керек пе деген сұрақты талқылап, шешім шығарады.