ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз туралы әлем көшбасшылары не дейді?
Ресейдің беделді ғалымы, саясаттанушы Юрий Солозобов ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында Қазақстан жұртшылығына үлкен еңбегін тарту етті. Кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: Сенім. Дәстүр. Транспаренттілік. Төзімділік» атты кітаптың тұсаукесері өтті. «Бұл кітап бір жылдан астам дайындықты қажет еткен үлкен еңбек», – деді жоба авторы кітаптың беташарында.
Кітап негізінен жеті бөлімнен тұрады. Алғашқы төрт бөлімі сенім, дәстүр, транспаренттілік, төзімділік хақында. Бесінші бөлімі «Саммит» деп аталады. Бұл бөлімде «Астанада өтетін саммиттен не күтеміз?» деген мәселе көтерілген. Алтыншы бөліміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың New Europe журналына және International Herald Tribune газетіне берген сұхбаттары енген. Ал соңғы бөлімінде әлем лидерлерінің Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жайында айтқан пікірлері берілген. 2000 данамен шыққан кітап көркемдігі жағынан әсем. Өте қымбат екені көрініп тұр. Кітапты дайындауға философ және саясаткер, профессор Жоффруа-Ириекс Блеттон (Франция), Потсдам университетінің саясаттану докторы Маттиас Донфельдт (ГФР), Шығысеуропалық зерттеу орталығының директоры Андрей Окара (Украина), Ресейдің шығыстану қоғамдастығының төрағасы Михаил Мейер, сондай-ақ басқа да ТМД және алыс шетелдердің көрнекті ғалымдары мен қоғам қайраткерлері атсалысқан көрінеді.
Юрий СОЛОЗОБОВ, жоба авторы:
– Жасыратыны жоқ, Қазақстан жайын әңгіме ете қалсақ, «бірінші» деген сөз ауызға жиі оралады. Жақында өтетін ЕҚЫҰ саммиті 60-қа жуық алып державаның мемлекет басшыларын 11 жылдан бері бірінші рет Еуразияның кіндігінде бас қостырып отыр. Қазақстан мұнымен өзін Еуразияның географиялық ортасы ғана емес екенін, сонымен қатар еуразиялық және еуропалық кеңістіктегі саяси орталық екенін дәлелдеді.
Кітапқа енген пікірлер
Пан Ги Мун, БҰҰ-ның Бас хатшысы:
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы – тарихи оқиға. Қазақстан – ЕҚЫҰ-ның тізгінін ұстап, республика ішінде реформалармен тапжылмай жұмыс істей отырып, Тәуелсіздік алған сәттен бастап бірегей тәжірибелер жасап келе жатқан посткеңестік және Орталық Азия елдерінің ішіндегі бірінші мемлекет. Қазақстан Республикасы басшылығы ұлтаралық және дінаралық келісім кеңістігінде өз елінің көпұлтты мемлекет ретіндегі сипатын күшейтіп, сақтай түсті. Бұл осы проблемалар төңірегінде ізденіп жүрген ЕҚЫҰ-ға тиімді шешімдер жасауына мүмкіндік береді. Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезіндегі сенім, дәстүр, транспаренттілік, төзімділік сияқты принциптері – ЕҚЫҰ үшін ғана өзекті емес, сонымен қатар бүкіл адамзаттық проблема. Осыған байланысты БҰҰ мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет.
Петрос ЭФТИМИУ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті:
– Әлемдегі жаһандық өзгерістердің күрделі кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өте нақты позициялар ұсынды. Бұл жағдайда сырттан қарап қана қалмай, ұйымның әлеуетін жоғарылату үшін жұмыс жасап қалу керек.
Джеймс Стайнберг, АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары:
– Қырғызстандағы жағдайды елеп, оңды шешілуіне ниетін білдірген Қазақстанға, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған елге айрықша алғысымды білдіргім келеді. Мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін шаралар қолдануда ниеттеріміз ортақ деп ойлаймын. Қырғызстандағы бассыздықты бақылау үшін бір топ полицейді жібергендері де өте құптарлық қадам болды. Сондай-ақ Ауғанстандағы және сол аймақтағы тұрақтылықты орнатуға жасаған әрекеттеріне де алғысым шексіз.