Ертай Сұлтан:"Қазақ дегенде еске түсетін ұлттық бояу, ұлттық сарындағы ерекшеліктің барлығы елеп, ескерілген"
«Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаланың өзі «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі» деп басталады. Бұл тегіннен тегін емес. Уақыт пен кеңестік категориясы жалпы ғылым саласында маңызды саналады. Жай әдебиеттанушы ретінде менің айтарым, әдебиетте уақыт пен кеңістік кез келген жазушының алып отырған шығармасы уақыт пен кеңістіктің тереңдігіне, ауқымына байланысты анықталып отырады. Соған орай ол роман болуы мүмкін немесе повесть болуы мүмкін, тіпті ертегі, драма болуы да ықтимал деген секілді. Осы тұрғыдан уақыт пен кеңістіктің рөлі өте үлкен. Сондықтан Елбасы мақаласы осындай сөздермен басталып отыр.
Мақаланың алғашқы бөлігіне арқау болып отырған Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны секілді көтерілген тақырыптардың барлығының маңызы зор! Өзімізге ғана тән, біздің брендімізге айналатындай, ұлт ретінде ерекшелігімізді танытатындай ерекшелігіміз. Мұның барлығы ғылыми деректерге сүйене отырып, тарихтағы өз рөлімізді анықтауға тырысатын дәлелдемелер. Осы жеті қырымызға орай айта кетер жайт, мұның барлығы Археология институты, Тіл білімі институты секілді ғылыми орталықтарымыздың үлкен жұмысының көрінісі деуге болады. Екінші бөлімде аталып өткен тарихи сананы жаңғырту дәл бүгінгі күні қоғамымызға қажетті нәрсе. Жоғарыда атап өткенімдей уақыт пен кеңстік жазушының жазып отырған шығармасының жанрын анықтаса, тарихи сананы жаңғыртудағы уақыт пен кеңстік арқылы біздің жахандық дәуірдегі ұлт ретінде біздің бейнемізді айқындайды. Қазақ халқының, қазақ ұлтының «жанрын» анықтайды десек болады. Әдебиеттанушы ретінде бұл мақалаға менің көзқарасым осындай. Жалпы осындай мақалалары арқылы Елбасымыз қоғамымыздың ақсап жатқан тұсын әрқашан дөп басып отырады. Осы орайда киноға қатысты ойы да өте құптарлық. Фальклорлық шығармалар негізінде кино түсіру идеясы бүгінгі күні талай шығармашылық саладағы тұлғалардың ойын дөп басып отыр. Қазақ халқының руханиятына арналып отырған мемлекет басшысының мақаласы арқылы жоғымызды түгендеуге мол мүмкіндік.
Жалпы мақаланың біздің еліміз үшін, ұлтымыз үшін маңызы зор! Стратегиялық мақала дер едім. Қазақ дегенде еске түсетін ұлттық бояу, ұлттық сарындағы ерекшеліктің барлығы елеп, ескерілген. Жахандық дәуірде қазақ ұлты болып қалу үшін жасалып отырған маңызды қадам.