Ескерткіш – елдіктің белгісі
Алдымен айтқанымыз жөн, Абай ауданының орталығы Қарауылдан Кеңгірбай би мен Шәкәрім Құдайберді ұлының ескерткіштерінің ашылуы – облыс әкімі Б.Сапарбаевтың шығыс өңірінің әр ауданында «Туған елге тағзым» акциясын өткізуінің нәтижесі. Арман жылдар жетегінде есейіп, қай қиырға тартса да кез келген азамат өзінің туған ауылының алдында қашанда борыштар. Яғни өзі өсіп-өнген атамекеннің болашағы жарқын болуына атсалысып, жоғын түгендеуге, іздегенін табуға үлес қосуы перзенттік парызы болып табылады. Сол себептен де Қарауылға ат басын тіреген жанды құшақ жая қарсы алар тұстан бой көтерген Кеңгірбай би ескерткішін кейінгі жылдарда аудан орталығының ажарын ашқан тағы бір жақсы нысан деуге әбден болады.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік негізі жылдар бойы қаланды. Оның әрқайсында да бабаларымыздан қалған айшықты іздер бар. Бүгінгі ескерткіші ашылған Кеңгірбай би Жандосұлы да – өз дәуірінде елдік мұратымыздың қалыптасуына үлкен үлесін қосқан қайраткер. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөзді халқымыз бекер айтпаған. Қандай істі қолға алсақ та, біз ең алдымен бірлігімізді сақтасақ, тірлігіміздің көші түзеле түсері айқын. Сол мақсатта бірнеше жылдардан бері дәстүрге айналған «Туған елге тағзым» акциясын өткізудің де өзіндік тәрбиелік мәні барын ұмытпауымыз керек.
Аптал азамат Тұрсынғазы Мүсәпірбеков басшылық ететін Абай ауданының атын асқақтатып тұрған жақсылықтардың жарқын көріністерінің негізгі бөлігі «Туған елге тағзым» акциясының үлесінде. Аудан орталығы Қарауылдың қазіргі келбетінің кісі қызығарлық нысандарында талай азаматтың қолтаңбасы жатқаны түсінікті. Бір ғана Медғат Құтжановтай атымтайжомарттың 171 млн теңгеге спорт кешенін салып бергендігін айтсақ та жеткілікті болар. Сол сияқты алдағы уақытта мәдени саябаққа айналатын Кеңгірбай би ескерткішінің ел игілігіне берілуіне Қабидолла, Дулат Айтхожиндер, Мұрат Тұрғанбаев, Қуат Өзбеқанов, Қайрат Қасымжанов, Қанат Кәбер, ағайынды Сармурзиндер тағы да басқа көптеген азаматтардың осы іске демеушілік көрсеткенін атап өткен артық болмас. Баба ескерткішіне ғана емес, Би ата ауылының жанындағы Кеңгірбай би мазарының кешендік көрінісіне де Қабидолла Айтхожиннің көп еңбек сіңіргенін ел ұмытпаса керек.
Ал осынау Кеңгірбай би ескерткіші – өмірден ерте өткен талантты мүсінші Мұратбек Жанболатовтың бір кездері шығармашылық жоспарында болған істің бірі. Ұстазының бастап берген мақсатын жалғастырған ескерткіш бюстің авторы – қарауылдық мүсінші Сәтбек Съезханов және Серік Оразов бастаған өнер мектебінің ұжымы.
Түс ауа аудан орталығы Қарауылда қазақтың үш алып тұлғасының бірі, ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 155 жылдық мерейтойының шымылдығы түрілді. Түске дейін Қарауыл ауылындағы аудандық мәдениет үйінде «Қазақтың жайнар даласы, жетілер өсіп баласы» атты облыстық мүшәйра өтіп жатқан болатын. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған жыр бәйгесіне 18 ақын келіп, өздерінің жүрек толқытқан толғаныстарын төкті.
Ал Қарауылдағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған алаң төрінен бой көтерген Шәкәрім ескерткішінің жөні бөлек. Ескерткіштің ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзімен айтсақ, «Бүгін – Шәкәрім бабамыздың арманы орындалған күн». Яғни данышпан баба аңсаған Тәуелсіздік туын тіктеді. Аймақ басшысы туған елі үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген меценат азамат, Шәкәрім симфониясын шетелде бастырып шығарған Медғат Құтжановқа және «Туған жерге тағзым» акциясына белсене қатысқан барлық азаматтармен қатар, меценат Қуат Өзбехановқа арнайы алғысын білдірді. Ескерткіштің ашылу салтанатында ақынның немересі, осы шараға арнайы келген Мереке Зиятұлының да жан толқынысы куә болғандардың көңілінде өзіндік әсерін қалдырды.
Ескерткіштің ашылуынан кейін көпшілік қауым аудандық мәдениет үйінде облыстық мүшәйраның қорытындысына куә болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Төлеген Жанғалиев төрелігін айтқан жыр сайысында ІІІ орын – осы жолдардың авторы мен Б.Игілікке, ІІ орын иегері – үржарлық А. Бейсенғазыға, І орын – Арман Шеризатовқа, ал бас жүлде өскемендік А.Тасқараұлына берілді. Мүшәйра қорытындысынан кейін көпшілік тағы бір қуанышқа қол соқты. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов «Қаламқас» ән-би ансамблінің ұжымына автокөлік кілтін табыс етті.