Еуразиялық одақты кім қалай түсінеді?
Кез келген өміршең идея абстрактілі құбылыс емес. Сан жыл, сан ғасыр бір немесе бірнеше адамның санасында пісіп-жетілген идея күндердің күнінде ұлттар мен адамзатты жұмылдырушы орасан зор күшке айналып жұмыс істей бастайды. Дұрыс идея игілік пен ізгілікке қызмет етеді, ал бұрыс идея орны толмас зардаптарға душар етеді. Кейбір идеялардың заман ағысы, уақыт талабымен бұрмаланып, өзінің түпкі мәнін жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдайда идея саясаткерлер мен сарапшылар арасында айтыс туғызып, түпкілікті саяси-әлеуметтік мән-мағынасы айқындала түседі. Соңғы кездері Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты пікір қайшылығы байқалып қалды. Елбасы еуразиялық идеяның негізінде Еуразия экономикалық одағында басты қағида экономикалық мазмұн мен тепе-тең әріптестікті ұсынса, Путин бастаған Ресей бұған саяси ұйым деп қарағысы келеді. Оның үстіне ресейлік саясаткерлердің Еуразиялық парламент құру туралы асығыс бастамасына қазақ саясаткерлері байыпты жауап қайтарды. Идеялық сәйкессіздік геосаяси мүдделер түйткілі қайшылығына ұласуы мүмкін.
Тарихтағы еуразиялық тоғысулар
Ғұн заманындағы Ұлы қоныс аударулар кезеңі құрлық үстімен Шығыс пен Батысты жалғаған көшпелілердің далалық өркениетін паш етіп, мәдени-экономикалық, сауда-саттық алаңы ретінде еуразиялық идеяның әу бастағы түпкі мәнін айқындады. Сан тораптарды жалғаған Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық еуразиялық мәдени-өркениеттік байланыстардың күре тамыры іспетті еді. Сол себепті де Ұлы Жібек жолы мен ілкі еуразиялық идеяның өзегі бір, тұма бастауы ортақ-тұғын. Ұлы Жібек жолы үзілген ХV ғасырдағы Ұлы жағрапиялық ашылулар дәуірінен бергі уақытта Батыс пен Шығыс әлі күнге дейін айналма жолмен сауда-саттық жасап келеді. Сол себептен Еуразия құрлығының екі шетінде Еуроодақ немесе АСЕАН сияқты әлемдік деңгейде ықпалы күшті интеграциялық құрылымдар қалыптасып, кәрі құрлық пен сары құрлықты табыстыратын әмбебап Еуразия сынды алып құрылымға зәрулік күн өзекті болды. Тіпті Батыс пен Шығысқа тән таптаурын һәм қарама-қайшы стереотиптерден арылуға Еуразиялық бірегейліктің қосатын үлесі мол болмақ. Қарап отырсақ, тарихта еуразиялық тауар алмасудың үш кезеңі өтіпті: Ұлы Жібек жолы (XI–XIII ғасырлар), еуропалық экспансия дәуірі (ХV–ХIХ ғасырлар) және қазіргі жаһанданған әлемдегі технологиялық, саяси және мәдени сұхбат. Оған қоса, Гумилевтің тұжырымы бойынша Еуразия территориясы тарихта төрт мәрте біріккенін ұмытпаған жөн: 1) скифтер кезінде ( б.з.д. VIII ғасыр – б.д. II ғасыры), 2) ғұн мен түрік кезеңі ( 434 жылдар – VI ғасырлар), 3) татар-моңғол дәуірі(1206 — 1368 жылдар), 4) орыс заманы (1721 — 1991 жж.). Континенталдық еуразиялық идеяның басты ұстанушысы құқығына Еуропа мен Азия құрлығын бірдей жайлаған Қазақстан, Ресей, Түркия ие бола алады. Соның ішінде Қазақстан Еуразияның нақ кіндігінде орналасқан.
Еуразиялық идея бастаулары
«Еуразияшылдық» идеясы «уақыттың үш түрлі бояуынан өтті». Яғни постимпериялық – ресейлік, империялық – кеңестік және посткеңестік кезеңді өткеріп, өзіндік мазмұны өзгеріп отырды. ХХ ғасыр басында еуразияшылдық идеясын ұстанған орыс зиялылары алдымен еуразияшылдық топ, кейін қозғалыс болып қалыптасып, одан саяси партия құрған еді. Савицкий, Трубецкой, Алексеев, Толь, Полковников, Бромбергтердің еуразиялық тақырыпқа арнаған еңбектері жарық көрді. Еуразияшылдардың Парижде «Евразия» деген апталық газеті, Брюссельде «Евразиец» деген журналы, Прагада «Евразийские тетради» журналы шықты. Ресейлік саясаткерлер айтып, орыс басылымдары жазып жүргендей, еуразиялық идеяның теориядан практикаға айналуын КСРО-ның қайта жаңғыруы деп түсіну жаңсақтық.
Себебі Кеңес билігі еуразияшылдардың еңбегін басқан емес, КСРО-да еуразияшылдар ұйым құрмақ болғанда, кеңестік барлау органдары арнайы «Трест» деген операция жүргізіп, оларды қуғын-сүргінге ұшыратқан еді. Ресейлік еуразияшыл ғалымдардың еңбектері тек 90-жылдары ғана жарық көріп, ғылыми айналымға ене бастады.
Еуразия идеясының негізін салушылардың бірі Николай Яковлевич Данилевский «Россия и Европа» еңбегінде Ресей тарихын Еуропа елдерімен үздіксіз байланыста қарайды. Ол тарихи тәжірибеге сүйене отырып, Батыстың саяси, мәдени экспансиясынан сақтану қажет деп шешті. Ол мәдени-тарихи түрлерге қатысты зерттеуінде славяндық түрдің болашағы туралы тұжырымдап, болашақта герман-романдық түрдің құлдырауына орай, Ресейде славяншылдық тарих төріне шығады дейді. Белгілі түркітанушы ғалым Л.Гумилев еуразиялық кеңістікті орман мен даланың тіршілік қамы үшін бір-бірімен тығыз тауар айырбасы, қажеттіліктер алмасуымен байланыстырды. Яғни қазіргі Еуразияның гумилевтік нұсқасы еуразиялық интеграцияның тек экономика мен сауда-саттыққа негізделуі керектігін дәлелдейді.
Қазіргі Ресейде неоеуразиялық ағымы үш бағытқа бөлінген: олар – радикал-оңшыл А.Дугин, тарихи-мәдени бағыттағы Э.Баграмов және этатистік бағыттағы А.Панарин және Б.Ерасовтар. Мәселен, А.Дугин бастаған зерттеушілер «жаңаеуразияшылдықтың», яғни оның таза орыстық жаңғыртылған имперлік нұсқасын жасаған. Оларда іс жүзіне асуына байланысты еуразиялық идеяны КСРО-ның қайта жаңғыруы деп санайтын ностальгия байқалады. Ресейліктер Еуразия идеясында орыстың рөлін әспеттеуге тырысқанымен, оның күні өткенін ара-тұра мойындағандай болады. Егер ресейлік сарапшылар Еуразия идеясына славянофильдік-орыстық тұрғыдан келетін болса, бұл жаңсақтықтан өздері зардап шегуі мүмкін.
Қазақстандық Еуразия идеясы
Көптеген әлемдік зерделі зерттеушілердің өзі посткеңестік кеңістікте ықпалдастық тудырған негізгі күш Қазақстан Президенті екенін бүгінде сөзсіз мойындап отыр. Ресейлік философ В.Цымбурскийдің пайымдауы бойынша, Нұрсұлтан Әбішұлы мүлдем мүмкін болмайтын нәрсені жасады. Еуразияшылдыққа жаңа көзқарас танытқан геосаяси «хартлендтегі» Еуразия кіндігі Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев болатын. Қазақстандық еуразиялық идея мазмұны мен мақсат-мұраттары жағынан неоеуразиялық ресейлік концепциядан өзгеше идеялық, экономикалық, тарихи-мәдени концепция болып саналады. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық еуразия идеясының ресейлік нұсқадан басты ерекшеліктері мынадай: 1. Н.Назарбаевтың еуразияшылдығы Еуразия халықтарының тарихи дамуын тарихи-философиялық тұрғыдан біртұтас өркениет ретінде қарастыруға сүйенеді. 2. Еуразиялық идея Батыс пен Шығысты бір-біріне қарсы қою идеясына емес, керсінше, адамзаттың ғаламдық мәселелерін бірлесіп шешуге жаңа жол ашуға тырысады. Н.Назарбаевтың еуразиялық идеясының классикалық еуразияшылдықтан ерекшелігі – ол Еуразия халықтарының кең ауқымды тарихи-географиялық және мәдени кеністікке жататын елдерді қамтиды. 3. Қазақстандық еуразияшылдық ол академиялық ізденістермен шектелмей, нақты формалар мен іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан жобалар болып табылады. 4. Осы кезге дейін еуразиялық идея көбінесе біржақты Ресей тарихымен байланыстырылып келген болса, қазіргі заман тарихында ол Қазақстанмен тығыз байланыста дамуда. Еуразиялық идея бүгіндері бір ел атынан айтылып жүрген монолог емес, көпжақты диалог алаңына айналған. 5. Еуразиялық ресейлік идея русьтік- православиелік мәдени-рухани құндылықтарға сүйеніп келген болса, оның қазақстандық нұсқасы ұлттар мен діндердің, мәдениеттердің теңдігіне, бірдей деңгейдегі құндылық дәрежелеріне негізделген. Әлдебір тұйықталған, Батыс пен мұсылман әлеміне қарсы бағытталған қауымдастықты құруды мақсат етпейді.
Сарапшылардың пікірінше, назарбаевтық еуразиялық тұжырымдаманың артықшылығы – прагматизмінде, өйткені ол әдемі ұрандардан емес, нақты идеялардың түйінінен құралған. Бұрынғы еуразияшылдар: Трубецкойдан, Савицскийден, Гумилёвтан Назарбаевтың айырмашылығы ғалым ретінде ғана емес, саясаткер ретінде оның саяси механизмін жүзеге асыруында. Елбасы Н.Назарбаев мақаласында: «Еуразиялық одақты мен әу бастан-ақ мемлекеттердің теңдік, бір-бірінің ішкі ісіне араласпаушылық, егемендік пен мемлекеттік шекаралардың қол сұғылмастығын құрметтеу қағидаттары негізіндегі бірлестік ретінде көрдім. Мен «Еуразиялық одақтың әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік органын құруды ұсындым. Бірақ бұл саяси егемендікті беру дегенді тіптен де қарастырмайды. Бұл – аксиома. Негізінде, интеграция бойынша, әріптестердің теңдігі алынған Еуразиялық одақ құрудың табысты тәжірибесі дәл осындай болатын», – деген еді.
Еуразия идеясының геосаяси жобалары
1. ЕурАзЭҚ – экономикалық ынтымақтастық
2. ҰҚШҰ – әскери-саяси ықпалдастық
3. Кедендік одақ – тауар алмасу
4. Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісім – еркін сауда
5. ТМД – әлеуметтік-саяси өзара әрекеттестік
6. ШЫҰ – жалпы саяси және қауіпсіздік мәселелері
7. Азия кеңесі (АӨШСК) – еркін форматтағы ықпалдастық