Еуропа мультимәдениеттен неге бас тартып жатыр?
Өткен аптада Франция Президенті Николя Саркози: «біздегі мультимәдениет саясаты құрдымға кетті», – деп мәлімдеме жасады. Бұған дейін осындай пікірді Еуропа елдерінің бірқатар айтулы саясаткерлері де айтқан болатын. Атап айтқанда, Германия канцлері Ангела Меркель, артынша Британияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон, Австралияның экс-премьері Джон Ховард, Испанияның бұрынғы үкімет басшысы Хосе-Мария Аснар сынды саясаткерлер батыс әлемінің төл туындысына айналған мультимәдениет идеясының сәтсіздікке ұшырағанын жеткізген болатын...
Николяның наласы
Францияның жергілікті телеарнасы арқылы тікелей эфир сұхбатында мемлекет басшысы Николя Саркози: «Егер сен Францияда өмір сүруді қалайтын болсаң, сен сол жердің мәдениетін игеруге, сол жердің мәдениетіне біржола сіңіп кетуге, біртекті қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуға, нақтырақ айтқанда, ұлттық қоғамның бөлшегіне айналуға дайын болуың керек. Ал бұған көнбейді екенсің, Францияға қонақ болуға құқың жоқ!», – дегенді ашына отырып жеткізді. «Біз осы уақытқа дейін жатжерліктердің қамын ойлап, оларға, олардың мәдениетіне жағдай жасаумен болдық, ал өзімізді көп жағдайда назардан тыс қалдырып отырыппыз. Енді олай болмайды. Мысалы, біздің мұсылман отандастарымыз еліміздің әрбір толыққанды азаматы секілді өзінің сенімін берік ұстануына құқы бар, бірақ біз Франция көшелерінің бойында, қоғамдық орындарда баз біреулердің боямалы түрде құлшылық жасап жатуын қаламаймыз. Әрине, біз әртектілікті құрметтеуіміз керек, бірақ қазір біз бұлай істегіміз келмейді...», – деп көпұлтты, көпмәдениетті құрылымнан біржола бас тартқысы келетіндігін ашық айтты.
Ұнамасақ, кетіңдер!
Бұған дейін мемлекеттік деңгейдегі мультимәдениет саясаты құрдымға кетті деген мәлімдемені Британия премьер-министрі Дэвид Кэмерон жасаған болатын. Ол да Британиядағы жатжерліктердің жергілікті ағылшын мәдениетін ерекше құрметтеуі қажет екенін анық меңзеген еді. Ал өткен жылдың соңында Германия канцлері Ангела Меркель осы тақырыпта маймөңкелеп жатпай, ашық түрде мәлімдеме жасағанда әлемдік БАҚ мұны сенсация ретінде бағалады. Бірақ Меркельден кейін мұндай пікірді Еуроодақтың негізгі діңгектері болып саналатын Франция, Британия, Испания сынды мемлекеттердің бірінші нөмірлі саясаткерлерінің қайталауы мұны жалпыеуропалық саяси тенденция ретінде қабылдауға жетелейді.
«Барлығымыз бір қоғамдық ортада, бір-бірімізді құрметтей отырып, тең қатынаста қатар өмір сүре аламыз деген мультимәдениеттік көзқарас қате болып шықты», – деді Ангела Меркель өткен жылдың соңындағы Христиан-демократиялық жастар конференциясы барысында сөйлеген сөзінде. Германия канцлері иммигранттарды қабылдауға қашан да болса дайын екенін, бірақ сол жатжерліктердің неміс тілін үйреніп, балаларын неміс мектебіне беруге міндетті екенін, олай болмаған жағдайда иммигранттардың жағдайы қиындайтынын жеткізді. Осылайша, Ангела Меркель Германиядағы мультимәдениет саясатының толықтай жеңіліс тапқанын айта отырып, бұдан былай тілдік талаптың қатаңдатылатынын ескертті.
Әр мәдениеттің өз Отаны бар
Ал австралиялық саясаткер Джон Ховард: «Австралияда жүрген жатжерліктер жергілікті мәдениетке бейімделу керек. Әркім өз мәдениетін, өз ұстанымын, көзқарасын енгізгісі келеді. Жоқ, олай болмайды, әр мәдениеттің өз Отаны бар. Австралияның мемлекеттік тілі – ағылшын. Яғни қанша жерден тірегі мықты десеңіз де, қытай, жапон, араб, испан тілдерінің ешқайсысы бізде қауқарсыз болып табылады», – деген мәлімдеме жасаған.
Бір кездері ағылшындар қылмыскерлер мен қарақшыларды жазасын өтету үшін аса ауыр жұмысқа, Австралияға жұмсап отырған еді. Сол бас бостандығынан айырылғандар жиылып, осыдан 200 жыл бұрын ғана құрған Австралия мемлекетінің бүгінгі күні өзінің төл мәдениеті жөнінде пікір айтып жатуы және мультимәдени саясатынан бас тартуы аталған ұстанымның өзге мемлекеттердегі болашағына күмән тудырады. Бірқатар батыс сарапшылары мемлекеттерге мультимәдениеттілікті міндеттеудің қажеті жоқ екенін айта бастады. Олардың айтуынша, барлық ел азаматтарының ел мен елдің арасында еркін көшіп-қону құқын берсе де жеткілікті. Мұндай жағдайда әр адам өзінің тілдік ерекшелігіне, ұлттық, діни конфессиялық, тіпті ғылыми және философиялық көзқарасына байланысты өзімен пікірлес болатын ортаға орналаса алады. Яғни егер қытайлықтар Америкаға, Британияға немесе басқа да кез келген елге барып, өзінің тілін талап ететін болса немесе мұсылмандар қауымы жат жерде жүріп, шариғат заңдарының орындалуын сұраса, бұл агрессия болып табылады.
Дегенмен әлемде Ресей мен Қытай секілді мультимәдениеттілік саясатын ресми түрде ұстануға міндетті мемлекеттер де бар. Мәселен, егер Ресей де Германия мен Франция секілді мультимәдениеттіліктен бас тартатын болса, өзінің тарихи отанын мекендеп отырған шешен, татар, ноғай, башқұрт, чуваш сынды халықтардың тағдырын қайда қоямыз? Себебі мультимәдениеттілік саясатының қарама-қарсы ұғымы «сіңісу саясаты» деп аталады. Яғни аталған этностардың тілі мен мәдениеті, діні біржола жойылып, мемлекет ауқымында бір ғана мәдениет үстемдік құруы тиіс деген мағына береді. Яғни логика бойынша Ресейде қос таңдау тұр. Бірі – құрамындағы тарихи отанын мекен етуші этностарға тәуелсіздік беру, екіншісі – мультикультурализм саясатын ұстана отырып, сол азшылық ұлттардың тілі мен мәдениетін өшіріп алмау. Әрине, мұндай терең гуманистік ұстанымға берік болу әрбір биліктің қолынан келмейді. Құрамында ұйғырлар, тибеттіктер секілді тарихи отанын қоныстанушы этностары бар Қытай мемлекеті де мультикультурализмнен ресми түрде бас тарта алмайды.
Тағдырдың тәлкегімен Қазақстанды 140 ұлт өкілі мекен етіп отыр деп қанша айтсақ та, олардың барлығы да өздерінің ата-бабалары қоныс еткен тарихи отанының бар екенін мойындайды. Яғни Қазақстанның мемлекеттік үлгісі де жаңағы айтқан Германия, Франция, Британия елдері секілді ұлттық негізде құралса ойға қонымды.
Осылайша, бір қазанға бірнеше қошқардың басын сыйдыруды көздейтін мультикультурализмнің бір ғана Отаны болмақ, ол – АҚШ. Әйтпесе ресми түрде басқаша сөйлеп отырған федерациялық құрылымды Ресейдің өзі де болашақта біртекті, ортақ этносқа айналдыруды армандайды. Яғни елдің полиэтностығы, көп конфессиялығы ұран ретінде көтерілмейді. Тоқетерін айтқанда, мультимәдениетті демократиямен сабақтастырып, соңғы үлгідегі либералды демократия ретінде әлемге ұсынып жүрген батыс елдерінің кенеттен осындай кері бұрылуы әлі сан мың шақырымдарды алқымдап үлгермеген мемлекеттер үшін сабақ болуы тиіс. Себебі Еуропа мұны сан жылдар бойы сынақтан өткізіп, оның қыр-сырын жетік меңгеріп барып тұжырым жасауда.