EXPO – 2017: Қазақстан таңдаған тақырып маңызды
«EXPO – 2017» көрмесін 2017 жылы қай ел өткізетіндігі Халықаралық көрмелер бюросының алдағы қарашада Парижде өтетін 152-ші Бас ассамблеясында дауыс беру арқылы анықталады. Ал осынау ең ірі халықаралық көрмені өткізуге Қазақстан да өтініш беріп, сол бағытта түрлі ақпараттық-насихаттық шаралар жарысына Астана қаласының кірісіп кеткені мәлім.
Осы мақсаттағы аса маңызды шараның бірі кеше, маусымның 28-і күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Болашақ энергиясы. Ғаламшардың тұрақты дамуы» деген атпен ашылған халықаралық симпозиум болды. Оған Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес, ҚР Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов және басқа да қазақстандық лауазымды тұлғалар қатысты. Естеріңізде болса, біздің ел аталған халықаралық көрменің басты тақырыбына экология мәселесін арқау етіп, «Болашақ энергиясы» деген атауды ұсынған еді. Бұл симпозиумның басты мақсаты да әлемдік қауымдастықтың назарын осы тақырыпқа аудару болды. Соған орай, симпозиумға келген 100-ден аса делегат климаттың өзгеруі, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігі, балама энергия көздерін дамыту мәселелерін талқыға салды.
Висенте ЛОССЕРТАЛЕС, Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы:
– Астананың 2017 жылға ұсынған тақырыбы үлкен қызығушылық тудыратыны анық. Бүгін осы жерде ҚР Үкіметі мен әлемнің энергетика саласының жетекші мамандарының жиналуы ЕХРО-ның маңыздылығын айшықтай түседі. ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығына үміткер Қазақ елі үшін бұл симпозиумның маңызы зор. Оның басты мақсаты – ғаламшардың назарын Қазақстанның ЕХРО-2017 көрмесіне таңдаған «Болашақ энергиясы» тақырыбына аудару. Астана 2017 жылы өткізуге ниет танытып отырған көрме түрлі идеялардың тоғысқан ортасына айналатындығына сенімім мол. РИО+20-дан кейін, яғни бес жылдан соң өтетін көрме үшін Астана тамаша кезеңге айналуы мүмкін.