Ғаламдық тығырықтан жол таба аламыз ба?
Қазіргі кезде ақырзаман туралы ақиқат дінбасылардың уағызы ғана емес, ғалым, ойшылдарды, саналы күллі адам баласын толғандыратын, алаңдататын өзекті тақырыпқа айналды. Жұмыр басты пенденің алыс-жақын болашағына байлам жасап, келешек ұрпағының баянды ғұмыр кешуі үшін не істеуі керектігі күрделі сұрақ болып отыр. Ғылыми жаңалықтар ашылып, адам өркениеті қарыштап дамыған сайын ғаламдық тығырықтарға тап бола түсеміз. Осы орайда футурология әлемі, яғни адам болашағы туралы пәлсапаның мән-маңызы арта түсері анық.
Бүгінгі таңда адам баласы интерәлеуметтік (бейбітшілік, қарусыздану, әлеуметтік-экономикалық даму), антропоәлеуметтік (адам мен қоғам, мәдениет, ғылыми-техникалық прогресс) және ғаламдық табиғи-әлеуметтік (экология, табиғи ресурстар, энергетика) мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ғаламдық проблемаларды еңсеру үшін бүкіл адам баласының рухани, адамгершілікке негізделген ғылыми-интеллектуалдық потенциалын жұмылдыру қажет. Ең құрығанда, әрқайсымыз табиғатқа титтей қиянат жасамауға дағдылануымыз керек. Алайда барған сайын табиғатқа агрессивті ашкөздік, конформизм, тұтыну культі, бұқаралық мәдениет, рухани азғындыққа бой алдырдық. Трансгуманистер тығырықтан шығу үшін адам жоғары ақыл-ойға көшуі қажет деп санайды. Алайда ақылы артықтың жүрегі жұмсақ бола бере ме? Ақылы артықтардың жаңалықтары жұмыр жерді жалмап бара жатқан жоқ па? Дәл қазір күллі жер-жаһанды рухани ізгілікке жетелейтін ірі рухани көшбасшыларға зәрулік бары анық. Адам баласы қат-қабат келген қауіп-қатерлермен күресу үшін алдымен өз бойындағы құлқынын ырыққа салуы керек. Сол себепті адамзаттың басына төнген ең басты қауіп – энвайроменталды апаттар емес, жаппай қырып-жоятын ядролық қару. Жер қожайындары ядролық қарусызданудың қажеттігін біле тұра, ядролық клуб мүшелерінің одан мүлде бас тартқысы жоқ. Әлемде 500-дей атом электр станциялары жұмыс істеп тұрғанда қауіпсіздік туралы ойламау мүмкін емес. Келесі ғаламдық зор қауіп – уақыт өткен сайын өршіп бара жатқан экологиялық апаттар. Адам өндіретін техномасса табиғат шығаратын құрлық биомассасын жалмап жұтып барады. Бір жылдық техномасса мен биомасса арақатынасы – 1013:23. Қазіргі кезде Жердің әр тұрғынына 30 тонна өндірістік қалдықтан келсе, ал жыл сайын ауа 200 млн тоннадан астам күкірт пен азот қышқылынан ластанып барады. Ал оның арты озон қабатының тесілуіне, ғаламдық жылынуға, мұздықтардың еруіне әкеледі. Әрине, бұдан өзге ғаламдық қауіп-қатерлерді түгендеп шығу мүмкін емес. Адам баласы осындай қауіп-қатердің алдында тарихи таңдау жасауы тиіс: не адамшылық, не тағылық жол. Осы ретте футурологтар адамзат болашағы туралы оптимистік және пессимистік сценарийлер түзген.
Болашаққа болжам:
Жалпы, бүгінгі ғылым Жердің алдағы 100 миллиард жылдан кейінгі болашағын болжап қойған екен. Таяу 80 жылдағы болашаққа жасалған болжамды ұсынуды жөн көрдік.
2010-2032 – «жаңа матриархат» аз уақыт дәуірлейді;
2010-2012 – Еуропада, Америкада, Тынық мұхиты бассейнінде ірі аймақтық одақтас елдер құрылады;
2010-2100 – Еуропада демографиялық құлдырау болады;
2010-2025 – АҚШ, Еуропа, Жапония, Австралияда робот-андроидтер жаппай енгізіледі;
2010-2020 – рухани және дәстүрлі діни сана әлсірейді, дәстүрлі емес медицина қанат жаяды, табиғат апаттарынан (тасқын, құрғақшылық, жанартаулар атқылауы) 50 млн адам босқынға айналады, 200 жылдық экологиялық дағдарыс (су тапшылығы, орман, өзен-көлдер, флора мен фаунаның бір бөлігінің жойылуы) басталады;
2011-2023 – Таяу және Орта шығыста демографиялық қысым күшейеді, иммигранттар көбейеді, Еуропа, АҚШ-та демографиялық процесс баулап, олардың басшылығына авторитарлық жолмен көшбасшылар келеді, мемлекеттердің полицейлік рөлі артады, қоғам бөлшектенеді, бай мен кедейлердің арасы алшақтай береді;
2013 – адамдар делдалсыз (психолог, көріпкелсіз) жаппай рухани әлемге саяхат жасай бастайды, локальді аймақта ядролық қару қолданылу қаупі бар, Ресейдің территориялық тұтастығына қауіп төнеді, жасанды ет өнімін жасайтын алғашқы плантация пайда болады;
2013-2017 – жерліктер энергоақпараттық деңгейде сыртқы ақыл иелерімен жаппай байланысқа түсе бастайды, ТМД елдері конфедерацияға бірігеді, Жапония мен Қытайдың сауда-экономикалық жанжалға келіп қалуы мүмкін;
2015 – Күннің қызуы күшейіп, Арктика мен Антарктикадағы мұздықтар жылдам ери бастайды;
2021-2024 – адамзат үшінші дүниежүзілік соғысқа килігуі мүмкін;
2025 – Жер халқы 7,9 млрд адамға жетіп, оның 1 миллиарды жаңа технологиялар арқасында шалқып байыған миллионерлер болмақ. Адам өмірін 120 жылға дейін ұзартатын қоспа ойлап табылмақ;
2044 – БҰҰ анағұрлым тиімді халықаралық құрылыммен алмастырылады;
2051-2072 – «нью-эйдж» қозғалыстары пайда болады;
2055 – полиграфия дәуірі өтіп, оның орнын цифрлық баспасөз, компактілі газет-журналдар басады;
2069 – Ресей мен Қытай Сібір жері үшін соғысады;
2084 – Жерде түгелдей және жалпыға бірдей қарусыздануға қол жеткізіледі.
Оптимистік сценарий:
Адамзаттың прогресті дамуы ізгілік, бейбітшілік пен татулықтың салтанат құруына тікелей қатысты болмақ. Адам моральдық қағидаларды жоғары қоюының арқасында қауіп-қатерлердің алдын алады. Сананың түбегейлі өзгеріске ұшырауынан адамзаттың бұрынғыларға мінез-құлқы, өмірлік ұстанымдары, ойлау жүйесі мүлде ұқсамайтын индиго балалары деп аталатын дарынды ұрпағы пайда болып жатыр. Ғалымдар ортақ айдар таңып, үлкен үміт күтіп отырған индиго құбылысының қаншалықты жағымды екенін уақыт көрсетеді.
Пессимистік сценарий:
«Машиналар көтерілісі» болу ықтималдығы айтылады. Жасанды интеллект иелеріне кездейсоқ жан бітіп, олардың екі аяқты қожайындарына қарсы жорық ашатыны туралы пікір білдіретіндер бар. Қара ниеттілердің қуатты құлтемірлерді адамға қарсы айдап салуы әбден мүмкін. Деградация, яғни азып-тозушылық. Психотропты заттарды күнделікті қолдану, арақ, темекі, есірткіні тұтынуға тәуелділік т.б. салдарынан адамның ойлау қабілеті нашарлап, үрім-бұтағы азғындыққа бой алдырады.