Ғаламтордағыларды тәнті еткен мемлекеттік қызметкердің киім-үлгісі
Ол Қызылордада бас инспектор боп жұмыс істейтін көрінеді. Аты-жөні – Мұратбек Санақұлы.
Зейнеткер болса да қоғамдық мәселе талқысында белсене аралысып, тіпті Фейсбук арқылы да ой бөлісіп отыратын атыраулық ағамыз – Сергей Алпатанов жуырда осы әлеуметтік желідегі өз парақшасында мемлекеттік қызметкерлерге үлгі-өнеге болатын киім үлгісінің «жарнамасына» сілтеме жасапты.
Нақтырақ айтқанда, ағамызға өзімен осы әлеуметтік желіде пікірталас боп жүрген Мұратбек Санақұлының жұмыста отырып түскен суретіндегі киімі қатты ұнаған. Ұлттық нақышта қазіргі сәнге сай әдемі тігілген кәстөм «Алаш айнасы» қызметкерлерін де қатты қызықтырды.
Біреу өзін ұялы телефоны арқылы суретке түсіріп, оны ғаламторға орналастырғанда ол сельфи деген атпен жұқпалы індет секілді барша әлемге тарап кеткен-ді. Мүмкін бұл бастама да біздің мемлекеттік қызметкерлерге «жұғып» жатар деген ниетпен оны оқырман қауым өздеріңізге ұсынып отырмыз.