Ғалым Исмаилов Мақтарал ауданының әкімі болып тағайындалды - ОҚО
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Мақтарал аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Мақтарал ауданының әкімі лауазымына Ғалым Ыбрайұлы Исмаилов тағайындалды, - деп хабарлайды "Алаш айнасы" inform.kz-ке сілтеме жасап.
Ғ.Ы.Исмаилов 1961 жылы 10 қарашада туылған, білімі жоғары, инженер-құрылысшы-технолог, мемлекеттік басқару бакалавры.
Еңбек жолын 1983 жылы Шымкент облысы Бөген құс фабрикасында жұмысшы ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1999 жылы Шымкент қалалық әкімшілігі коммуналдық шаруашылық департаменті бастығының орынбасары лауазымында бастаған. 2001-2007 жылдары Шымкент қалалық № 2 халықпен жұмыс жүргізу басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы табиғатты қорғау басқармасы бастығының орынбасары, Түркістан, Шымкент қалалары әкімінің орынбасары ретінде еңбек еткен. 2007-2013 жылдары аралығы «Бадам Тас», «Kazakhstan Connecting System», «OLYMPIA KAZAHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
2015 жылдың қаңтар айынан бастап Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі лауазымын атқарып келді.
Ал бұған дейін Мақтарал ауданын басқарып келген Ж.Бейсенбаев басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.