Геологтар күні тойланды
Енді ел геологтарының өз мерекесі бар. Осы уақытқа дейін геологтарымыз сәуір айының алғашқы демалыс күнін мейрам ретінде тойлағанымен, ресми күнтізбеде бұл мейрам атаулы күн ретінде ескерілмей келген еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, геологтардың кәсіби мерекесі анықталып, оның аталып өтетін күні сәуір айының бірінші жексенбісі болып белгіленді. Осыған орай Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында Геологтар күніне арналған мерекелік салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Геология саласының сүйекті ғалымдары бас қосқан жиынға Индустрия және жаңа технологиялар, Мұнай және газ министрліктерінің басшылары, «Самұрық-Қазына», «Қазгеология», «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамдары және тағы басқа ұйымдар мен кәсіподақтардың өкілдері қатысты. «Қазгеология» АҚ басқармасының төрағасы Болат Өжкенов қазақ геологиясының тарихы мен өркендеу кезеңі, жеткен жетістіктері, алда атқарылатын жұмыс жоспары туралы баяндама жасады. «Геология орталығының құрылуы түрлі пайдалы қазбалар жөнінен еліміздің тек ішкі қажеттілігін өтеп қана қоймай, зерттелген табиғи байлықтардың қоры мен сапасы жағынан Қазақстанды әлемде алдыңғы қатарға шығаратын бірегей минералдық-шикізаттық базаның қалыптасуына ықпал етті», – дейді Болат Өжкенов.
Серікбек ДӘУКЕЙ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, геолог:
– Геологтардың өз әлемі, тазалыққа негізделген өз ұстаным-ережелері бар. Олар үшін ең үлкен сыйлық – Жер-ананың қойнынан олжа табу. Жердің тарихын, қатпар-қабатын, өлкенің ауа райын, орналасу деңгейін, сейсмологиялық жағдайын жақсы сезініп, сараптама жасай білетіндер ғана шынайы жетістікке жетеді. Түзде жүріп, түрлі қиыншылықтарға тап болады. Соның бәріне шыдаған адам геолог атанады. Ұлы Қаныш Сәтбаевтар сондай мектептен өткен. Ол Жезқазғанды ғана ашқан жоқ, әлемде алғашқы болып металлургиялық карта жасады. Сондықтан Геологтар күнін Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында атап өтіп жатқанымызға қуаныштымын.