«Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форум өтеді
12-13 қазанда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына орай елімізде қарусыздану саласындағы ауқымды халықаралық шара – «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форум өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше дүйсенбілік брифингіде СІМ ресми өкілі Асқар Әбдірахманов осылай мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, халықаралық шара негізгі екі бөлімнен тұрады. Оның алғашқысында Астанада халықаралық сарапшылардың, беделді әм белгілі саясаткерлердің басқосуымен ірі конференция ұйымдастырылса, алқалы жиынның жалғасы Семейде делегаттардың, сондай-ақ қалың жұртшылықтың қатысуымен полигонға сапарды қамтитын форумға ұласпақ. «Халықаралық шараның алғашқы күні Тәуелсіздік сарайында өтетін басқосу аясында Ядролық сынықтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарттың шапшаң түрде күшіне енуіне қатысты жаһандық әрекеттерге қосымша серпін беру, ядролық қару мен басқа да жарылғыш құралдарға арналған ыдырағыш материалдар өндірісіне тыйым салу жөніндегі шартты әзірлеу, сондай-ақ ядролық қарудан бос аймақтар қағидаларын тиімді енгізу мәселелері талқыға түсетін болады. Бұл ретте әлемге беделді сарапшылардың қатысуымен Ядросыз әлемнің жалпы декларациясын қабылдау туралы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасына ұсыныстар да әзірленбекші. Ал конференция қорытындысына орай – «Ядросыз әлем үшін» атты Астана декларациясын қабылдау жоспарланып отыр», – дейді А.Әбдірахманов.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, Семейде өткізілетін іс-шаралар шеңберінде Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық нысандарына бару және Қазақстан жеріндегі ядролық сынақтардың құрбандарына жаңартылған мемориалды тақта ашу салтанаты да өткізілетіні жоспарланған. Бұл ретте халықаралық форумды өткізу Қазақстанда және жаһандық қарусыздану мен таратпау әрекетіне зор үлес қосқан әріптес мемлекеттерде осы үдерістің бастамашылары, сонымен қатар бүгінгі күні де аталған мақсатқа жету үшін аянбай жұмыс жасап жатқандарға құрмет көрсету болып саналмақ.
Форумға қатысу үшін бірқатар халықаралық ұйымдардың басшылары, ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөл атқаратын мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының лауазымды тұлғалары, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ядролық қарусыздануды жүзеге асыруға қатысқан ардагер саясаткерлер шақырылып отыр. Бұдан бөлек, ауқымды шараға әлемнің жетекші мемлекеттерінің үкіметтері мен парламенттерінің, ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығының, жаппай қырып жоятын қаруды таратпау мен қарусыздану саласындағы беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері де қатысатын болады.