Иран – АҚШ соғысы Орталық Азияға не береді?
Соңғы кездері АҚШ – Иран соғысының сценарийі жөнінде көп айтыла бастады. Сарапшылар қауымы қарсыласушы тараптардың бұл мәселені қарудың күшіне сүйеніп шешпек болып жатқанын жиі қайталайды. Бұл жағдай тек Иран үшін емес, Таяу Шығыс елдерінің қай-қайсысына болса да оңай тиейін деп тұрған жоқ. Таяу Шығыс аймағын былай қойғанда, әлемдік экономиканы есеңгіретіп жіберуінің ықтималдығы жоғары. Яғни ядролық қару дауынан басталған жанжалдың бір ұшы Орталық Азияға да келіп жетуі мүмкін.
Кез келген соғыстың өзге елдерге тікелей және жанама әсері бола алады. Иран – АҚШ, Израиль соғысының Қазақстанға тікелей әсері болмайды. Себебі құрлық шекарасында көрші болып отырған ел емеспіз. Қашқындар мен босқындар «шарбақтың» сыртынан сығалап, мазамызды ала қоймас. Бұған дейін Ресей әкімшілігі «Иран – АҚШ соғысы орын алған жағдайда Қырғызстандағы «Манас» әуебазасы сол мақсатта іске қосылады деп алаңдаушылық танытқан болатын. Алайда артынша АҚШ әкімшілігі «Манастың» мақсаты – тек Ауғанстан» екенін мәлімдеді. Алайда бұл соғыстың жанама әсері де еліміз үшін оңай болмайын деп тұр.
Бұл соғыс әлемдік экономиканы есеңгіретеді
Қазір «АҚШ-тың Иранға басып кіруі біз үшін қай жағынан болса да тиімді» деп сенетін қазақстандық сарапшылар бар. Олардың ойынша, «Израиль мен АҚШ Иранды нысанаға алса, бұл әлемдік мұнай бағасының шарықтауына әкеледі, сәйкесінше қазақстандық шикізатқа сұраныс артады». Алайда бұл пікірді толықтай теріске шығаратын мамандар да жетерлік. ҚЗСИ сарапшысы Болат Әуелбайдың айтуынша, Иран – АҚШ соғысының сценарийі әлемнің барлық елдеріне, олардың экономикалық сипатына әсер етеді. Шикізат экспорттайтын елдер де, импорттайтын елдер де, тіпті өзімен-өзі болып, шалғайда жатқан елдер де бұл соғыстың ауыртпашылығын сезінеді. Себебі қазіргі әлемнің экономикасы бір-біріне барынша тәуелді желіге айналып кеткен. 2008 жылы АҚШ-та басталып, әлемді қамтыған қаржы дағдарысы да соның бір дәлелі бола алады.
Ал Иран соғысы әлемдік экономиканың қалыпты жүйесіне тікелей әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, Иран елі географиялық тұрғыдан өте маңызды жерде орналасқан. Бұған дейін Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад: «АҚШ немесе Израиль Иранға қатысты санкцияларын жалғастыра беретін болса, біз Ормуз бұғазын жауып тастаймыз», – деп мәлімдеген болатын. Ал АҚШ-тың әскери теңіз күштері мұны әскери жолмен шеше аламыз деп сендірді. Қысқасы, әлдебір әскери қақтығыс пайда бола қалған жағдайда, ең алдымен осы Ормуз бұғазынан басталайын деп тұр.
Ормуз бұғазы Оман шығанағы мен Парсы шығанағын байланыстырып жатқан Иран, Араб әмірлігі, Оман анклавы елдеріне тиесілі. Соңғы деректерге сүйенсек, әлемдегі теңізбен тасымалданатын мұнай және мұнай өнімдерінің 40 пайызы, ал жалпы мұнай тасымалының бестен бір бөлігі осы Ормуз бұғазынан өтеді.
Соғыстың салдары әлемді аштыққа ұрындыруы мүмкін
Демек, Иран маңындағы қандай да бір әскери қақтығыс әлемге энергетикалық дағдарыс алып келеді. Бұл соғыстың салдарын ойша ғана елестетіп көретін болсақ, Ормуздан Парсы шығанағына өтетін мұнайдың барлығы болмаса да, 20 пайызы ғана жолынан адасатын болса, кәрі құрлық энергетикалық дағдарыс кешеді. Энергетикалық қуат көздері бағаларының шарықтауы есебінен әлемдік әуе қатынасы қиындап, мүмкін тоқтап та қалады. Асыра айтқандық емес. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрынғы мұнай баррелінің бағасы алғаш рет 110 долларға жеткенде әлемнің көптеген ірі компаниясы тасымал бағасын шарықтатып жатса, кейбір ұсақ компаниялар жұмысын мүлде тоқтатқан болатын. Әуе қатынасын былай қойғанда, Еуропадағы қарапайым қоғамдық көліктердің де бағасы қарапайым халықтың қалтасын қағатындай көрсеткішке жеткен болатын. Немесе 70-жылдары орын алған бес күндік Араб – Израиль соғысын алайық. Сауд Арабиясының мұнай экспортын, 5 пайызын ғана қысқартуының себебінен бүкіл Еуропада энергетикалық дағдарыс басталып кеткен болатын. Ал енді Иран-АҚШ соғысы орын алған жағдайда мұнай бағасы барреліне 200 доллардан жоғары болып кететіні – сөзсіз құбылыс. Яғни әлемде бұрын-соңды болған энергетикалық дағдарыс басталады. Қазіргі әлемді тіршілікке жан бітіруші энергетикалық қуат көздерінсіз елестету қиын. Еуропа, АҚШ, көрші Қытай елінің энергетикалық қуатқа тәуелділігі ерекше көрсеткішке жеткен. Қытайдағы энергетикалық дағдарыс жұмыссыздықты тудырады, жұмыссыздық аштықты тудырады. Сондықтан Қытай билігі мұндайға жол бере алмайды. Әскери жолмен болса да Иранның экономикалық мүддесін қорғауға мәжбүр.
Иран талқандалса, қазақстандық шикізатқа сұраныс пайда бола ма?
Екіншіден, отандық сарапшылардың «мұнай тапшылығы пайда болса, қазақстандық мұнайға деген сұраныс артады, екіншіден, мұнайымыздың бағасы қымбаттап, қазынамызға артық ақша түседі» деген пікірі де орынсыз екені анық. Өйткені мұнай саудасы қажетіңді алып кете беретін базар немесе кәдімгі дүкен сияқты емес. Алдымен сол тасымалды жүзеге асыратын жолдар жөнге келтірілуі керек. Теңіз жол, көлік қатынасы, құбырлардың арнасы кеңеюі керек. Дәл қазіргі жағдайда Қазақстанның бұл саладағы өткізгіштік қабілеті төмен. Тіпті Еуропа елдері «мұнайыңды қандай бағамен болса да аламыз, қанша болса да, әкеле ғой» деген күннің өзінде шикізат өндірісінің көлемін арттыру, оны тасымалдайтын құбырлар мен көлік қатынасын реттеу мәселесі бір-екі күнде жолға қойылатын іс емес, жылдарға созылады. Ал оған дейін энергетикалық дағдарыс кешіп отырған Еуропаның «ауруы асқынып, әлемге тарап кететіні» – айдан анық құбылыс. Жалпы, АҚШ пен кәрі құрлық елдерінің кез келгенінде осындай сын сағаттарға арналған энергетикалық қор болатыны белгілі: кәдімгі үлкен цистерналарға құйылған мұнай. Алайда сол энергетикалық қорларды түбіне дейін сарқып құйсақ та, бір-екі айдан артық уақытқа жетпейді. Ал Иран мен АҚШ соғысы – салдары сан жылға созылатын нәрсе. Тіпті негізгі әскери операцияның өзі бір айға созылды деген күннің өзінде салдары одан әлдеқайда ұзаққа кетеді.
Тіпті қазақстандық мұнай өндірісін дамытып жіберіп, оны шетелге, кәрі құрлыққа тасымалдаудың жолдарын жандандырып жіберген күннің өзінде одан түскен девальвацияланған қыруар ақшаға әлеуметтік жағдайымызды оңалта қоймаспыз. Яғни Иран – АҚШ соғысының сценарийі қай елге болса да, оның ішінде Орталық Азия елдеріне де оңай тимес еді.