Ішкі саясат басқармалары ішкі саясатқа мығым ба?

Ішкі саясат басқармалары ішкі саясатқа мығым ба?

Еліміздің ішкі саясаты тұрақтылықты, қоғамдық үдерістерді демократияландыру мен топтастыруды қамтамасыз ету дейтін болсақ, бұл саясатты жергілікті әкімшіліктерде ішкі саясат басқармалары жүргізеді. Әкімдердің есебін тыңдасаңыз, ішкі жағдайымыздың деңгейі жыл сайын көтеріліп келе жатқанын естисіз. Алайда, бір ғана мысал, еліміздегі діни ахуалдың қалай қалыптасқанын өткен жылғы оқиғалардан аңғаруға болады. Ендеше, жергілікті билікке қарасты басқармалар қазір қандай шаруалармен айналысып жатыр, нәтижесі қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Ішкі саясат басқармаларының құры­лу­дағы ең алғашқы мақсаты қандай еді? Бұл туралы уақытында осы істің басы-қасында болған саясаттанушы Айдос Сарымнан сұрап білген едік.
 – Кезінде ішкі саясат мәселесі облыстық әкімшіліктердің ішіндегі бөлімдер арқылы іске асырылды. Ол кездегі жағдай әр жерде әртүрлі қалыптасты. Тіпті кей жерлерде тек қана әкімнің шаруасымен ғана айналысып кеткендер де болды. Содан кейін респуб­ли­калық бюджеттен қаржыландырылатын бір орталық құру керек болды. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі құрылғаннан кейін БАҚ-пен, діни бірлес­тік­термен жұмыс істейтін ақпарат және қо­ғамдық келісім басқармалары құрылды. Одан кейін үш-төрт жыл өткен соң жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тіл, мә­де­ниет басқармалары пайда бола бастады. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, кейбір жағ­дайда қақтығысып қалатын жағдайлар да болды. Осыдан кейін бұл мәселе Президент Әкімшілігі деңгейінде қаралып, жергілікті және республикадан қаржы алатын бө­лім­дердің басын біріктіру керек деген ұсыныс айттық. Қазіргі ішкі саясат бас­қар­ма­лары­ның құрылу тарихы осындай.
Әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазіргі ахуалдарға байланысты ішкі сая­сат басқармалары жергілікті жерлердің беделді азаматтарымен, жастарымен тіке­лей жұмыс істеуі керек қой. Қоғамдық-сая­си, түсіндіру жұмыстарын үйлестіріп оты­ру, әрине, ішкі саясат басқармаларына байланысты.

Негізінен, бұл басқармалардың құзы­ре­тіне ақпараттық саясат, этносаралық қа­ты­настар және саяси партиялармен, үкі­мет­тік емес ұйымдармен және діни бір­­лес­тіктермен қарым-қатынас жұмыс­тарын жүргізу жатады. Ал осы негізгі жұ­мыс­тары қалай жүзеге асып жатыр?
Осыдан бес-алты жыл бұрын Алматы ма­ңындағы Шаңырақ, Бақай, Мало­вод­ное ауылдарында этносаралық қақ­ты­ғыс оқиғалары болды. Біздіңше, осыдан кейін ғана этносаралық қарым-қатынасқа байланысты нақты жұмыстар қолға алына бастады. Олай дейтініміз, қазір мұндай проблемалар жоқтың қасы. Түрлі жиындар, конференциялар мен басқосулар да жиі ұйымдастырылатын болды.
Біздегі діни бірлестіктердің санында қи­сап жоқ екенін екінің бірі біледі. Қала­лық, облыстық деңгейде тіркелген мысық­тілеулі миссионерлердің халықты мәң­гүрт­теу жұмысының қаншалықты «жемісті» жүр­гізіліп жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Радикалды діни идеялардың кеңі­нен таралуы салдарының қандай екенін был­тыр Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жам­был, Алматы облыстарындағы оқиғалар көрсетіп берді. Діни, әлеуметтік проб­ле­ма­лардың шиеленісінен адам шығындары да болды. Бұл ішкі саясат департаменттерінің негізгі міндеттерінің бірі – діни бірлес­тік­тердің қызметіне бақылау жасау, жоғары оқу орындары студенттері мен жұмыссыз жас­тарға түсіндіру жұмыстарының өте төмен деңгейде екенін көрсетті.
Міне, осындай келеңсіздіктерден кейін бір­неше салалық басқарма ашылды. Ке­зінде бір ғана басқарма жүргізетін жұмысты қазір бірнеше басқарма атқарып отыр. Нақ­ты айтатын болсақ, олар – тілдерді дамыту, енді ашылып жатқан дін бас­қар­ма­лары. «Бұл, сайып келгенде, бюро­кра­тия­ға әке­леді» деп есептейді сарапшылар.
Шыны керек, оқиғаның алдын алудың орнына сан соғып қалатын жағдайлар көп кездеседі. Жергілікті жағдайды, ішкі сая­сат­ты жақсы білуі шарт мамандар істейтін бас­қармалардың жұмысы неге солқылдақ? Мұның себебін әлеуметтанушы-сарапшы былай түсіндіреді.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ, «Стратегия» әлеу­мет­тік зерттеулер орталығының сарап­шы­сы:
– Ішкі саясат басқармаларының жұ­мы­сына көңілім толмайды. Елдің ішкі жағдайын тереңірек білетін кез келген адам осындай пікірде шығар. Нақты қай әкімшілік екенін айтпай-ақ қояйын, бір кездесулерде ондағы мамандардың білік­сіздігі анық байқалып қалды. Сайып келгенде, кадр мәселесіне көңіл бөлу керек деген проблема шығады. Ол жердегі мамандар елдің ішкі жағ­дайын бес саусағындай жатқа білуі ке­рек. Тіпті талдау, зерттеулер жүргізіп, алда не боларын алдын ала болжай алатын дәрежеде болуы тиіс. Ал бізде керісінше, қағаз жүзінде есеп берумен шектелетін қызметкерлер жұмыс істеп отыр.

Жергілікті жерлердегі үкіметтік емес ұйым­дар бөлінген қаржыны қандай мақ­сат­қа жұмсап жатыр? Бұл туралы ішкі саясат басқармаларының арнайы сайттарынан табу мүмкін емес. Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының жеке сайтында Пре­зидент Жарлығымен бекітілген азамат­тық қоғамды дамытудың 2006-2011 жыл­дарға арналған тұ­жы­рым­дамасы тұр. Енді сол тұжырымдаманың қа­лай жүзеге ас­қа­нын қайдан білуге болады? Бағдарламалар мен қаржы бар, нәтиже мен есеп жоқ… Шы­ғыс Қазақстан об­лысының ішкі саясат басқармасының сайтында жастар саясатын іске асыру туралы 2009 жылғы ақпараттар тұр әлі…

Түйін
Бейресми деректерге қарағанда, ішкі саясат басқармаларының жылдық бюджеті 500 миллионнан 1 млрд теңгеге дейін жетеді. Яғни қаржы бар, белгілі бір құзырет те берілген. Алайда идеологиялық жұмыстар әлсіз. Мұны біз ғана емес, мамандар да мойындап отыр. Осындай әлеуетке ие бола тұра, көп жағдайда жеке сайттары уақтылы жаңартылмайды. Сіреспе есептерден өзге ақпаратты көзіңіз шала қоймайды. Мысалы, Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының сайтындағы қазақ тіліндегі кейбір мәліметтерде қазақ әріптерінің орнында сұрақ белгісі өріп жүр. Нақты мысал ретінде оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік. Бұл – тек тақырыбы ғана: «?аза?стан Республикасында азаматты? ?о?амды дамытуды? 2006-2011 жылдар?а арнал?ан т?жырымдамасы». Ал тұтас тұжырымдаманы оқу мүмкін емес. Бұл қателерді тілдерді дамыту басқармасының мамандары неге көр­мей жүргенін біз түсіне алмадық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста