Кадр тапшылығының сыры неде?
Кадрлық резерв қалыптасу үшін кадрлық саясат оңтайлы болуы керек. Еліміздегі осы кадр саясаты туралы және кадрлық резервтің әлеуеті хақында аз айтылып жүрген жоқ. Президенттің өзі бірнеше мәрте осы мәселені төтесінен қойған болатын. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелерімен кездесуінде «Жастарды қамқорлыққа алу – менің саясатым, алайда министрлік пен мемлекеттік ведомстволардың аппараты «балалар бақшасына» айналып кеткен. Тіпті лауазымды орынтаққа отырған жастар өздерінің бұл қызметке не үшін келгендерін де білмейді» деп қатаң ескерту жасаған-ды. Ал сайлаудан кейінгі тағайындаулар нәтижесінде түзілген ескі де жаңа Үкіметпен қайта қауышқан Президент тағы бір мәрте кадрлық резерв хақында ой қозғап өтті. Ұдайы Мемлекет басшысының сынына ұшырап жүретін бұл саланың шекесі қызып тұрмағаны белгілі. Ендеше, осы саладағы мәселелерге тоқтала кетейік.
Жалпы, кадрлық саясаттың кең тараған бірнеше түрі бар. Пассивті, реактивті, превентивті және активті. Пассивті кадр саясатында мемлекет немесе мекеменің қандай да бір жоспары болмайды. Мұның соңы келеңсіздіктерге, орны толмас олқылықтарға әкелуі мүмкін. Ал реактивті кадр саясаты – басшылық кадр дағдарысының себеп-салдарын анықтап отырады. Кадрлық қызметті дамытуға күш салынады, бірақ толыққанды жоспар мен болжамдар жасалынбайды. Алдын ала жасалатын кадрлық саясат (превентивті) – басшылық кадрға қатысты барлық жағдайдан шыға алады. Қысқа әрі ұзақ мерзімдерге жоспарлар жасалынады. Белсенді кадрлық саясат – бұл саланың ең жоғарғы сатысы. Мұндай кезде мемлекет немесе мекемеде кадрға қатысты проблемалар болмайды.
Активті кадр саясатына не кедергі?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында пассивті кадр саясаты жүргізілгенімен, 1993 жылдың соңына қарай реактивті кадр саясатына көштік. Сол жылдың қараша айында Президенттің Жарлығымен «Болашақ» стипендиясы тағайындалып, 1994 жылдан бастап қазақстандық жастар шетелде білім ала бастады. Мемлекет өзін қай салада болсын бәсекелестікке бейімдеу мақсатында қазіргі кезеңде әлемнің 20-дан астам елінде мамандар даярлап жатыр. Ұзақ мерзімді даму жоспарларын бекіткен Қазақстан дәл қазіргі уақытта превентивті кадрлық саясатын жүргізіп отыр деуге болады. Ал еліміздегі қазіргі кадр саясатын сын садағына алып жүрген Президенттің қалауы – активті кадрлық саясатты қалыптастыру. Яғни кадрлық резерві әлеуетті, кез келген дағдарыстан шығара алатын кадр саясатын қалыптастыруымыз қажет. Бірден айта кетейік, активті кадр саясатын жүргізіп, әлеуеті жоғары кадрлық резерв жасақтауға кедергілер де жоқ емес. Ең біріншіден, Елбасының өзі айтып өткендей, елдегі кадрлық резервті қалыптастыруға көшіп-қонып жүретін әкімдер салған «сара жол» –командалық жүйенің кедергісі үлкен. Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін жақсы білетін, әлеуметтік сатымен көтеріліп келе жатқан жас мамандар көп жағдайда осы командалық әдістің кесірінен шетқақпайланып қалады. Саяси ғылымдар докторы Есенжол Алияровтың пікірінше, кадрлық саясатқа кедергі келтіріп отырған командалық жүйе Президент Әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімімен қадағалануы тиіс. Ғалымның айтуынша, басталған істің соңына дейін жүргізілмей қалуына кедергі болып отырған командалық жүйеге тосқауыл қоймайынша, кадрлық саясат жөнге келмейді. Екіншіден, бізде кадрлық резерв, негізінен, «Болашақ» бағдарламасы арқылы жасалып отыр. Оған дәлел – аталған бағдарламаның 18 жыл бойы жүргізіліп келе жатқаны. Аталған стипендия алдағы уақытта да өз иелерін таба бермек. Жасыратыны жоқ, қарапайым азаматтар арасында «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алсаң, басшылық қызметке орналасасың» деген пікір кең тараған. «Болашақ» бағдарламасы шәкірттерінің тасасында қалып қойған жергілікті жас мамандардың екі қолға бір күрек таппай жүргеніне қоғам тарапынан көңілтолмаушылық бар. Бұл өз кезегінде бірнеше мәрте зиялы қауым мен жастар ұйымдарының наразылығына ұшыраған болатын. Шетелдің ірі оқу орындарында білім алған мамандарды да тарту керек. Бірақ бұл да жеткіліксіз сияқты. Сондықтан жоғарыдағы мысалдарды ескере отырып, баламалы жүйе жасалып, бірнеше бағыттар бойынша кадрлар даярлау қолға алынуы қажет. Конкурстық, ротациялық жүйелердің жүзеге асырылғаны дұрыс. Үшіншіден, әр маман өз саласын бес саусағындай білу үшін жоғары оқу орындарында нақты тәжірибелік курстардан өтуі керек. Ол үшін енді ғана қалыптасып келе жатқан ЖОО жанындағы ғылыми-зерттеу институттарын дамыту шарт. Жалпы, кадр саясатының өзі ашық және жабық болып екі түрге бөлінеді. Ашық кадр саясаты кезінде мамандар қандай қызметке болсын алынады. Қажет болса, жоғарғы қызметке де конкурстық негізде жұмысқа қабылданады. Ашық кадр саясаты көп жағдайда мерзімді даму бағдарламаларына сүйенген мемлекет пен нарықты игеруге мүдделі мекемелерге тән. Жабық кадр саясаты – жаңа қызметкерді тек қана төменгі қызметке ғана алу. Саяси-экономикалық, мәдени дамуды бастан кешкен, төрт құбыласы тең постмодерн сатысындағы мемлекеттерге тән.
Түйін
Біздің елде тікелей Президенттің тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы «кадрлық резерв» жобасын әзірлеген болатын. «Кадрлық резерв» бағдарламасы саяси, әкімшілік және сайланатын лауазымдар үшін резервтегілердің жоғары білікті жедел құрамын қалыптастыруды қамтитын болады. Оны жүзеге асыру да биліктегі саяси құрылымға тапсырылған. Біздіңше, ұлттық деңгейдегі бағдарламалар көптің талқысынан өткеннен кейін ғана қабылданып, тәжірибеге ұсынылғаны дұрыс. Алуан пікір бар жерде кем-кетік аз болады. Және Мемлекет басшысы айтқан лауазымға ие болатын мамандардың аймақтарда екі-үш жыл жұмыс істеуі керектігін және тұрмыс пен тіршілік тауқыметін жақсы түсінетін қала мен аудан әкімдерін жоғарылату мәселелері жүзеге асқаны абзал. Сонда ғана солқылдақ кадр саясатынан құтылатын боламыз.