Кәрі демократ немесе Асылбек Қожахметовтың жабылмаған жобасы
Бір заманда билікке бітіспес оппозиционер тұрқында, бүгінде ғылыммен айналысатын қатардағы азамат кейпінде жүрген, саясатқа деген ынтығы әлі басыла қоймаған Асылбек Қожахметов мырза да Парламентке апарар жолға қадам басыпты. Бұл оның бірінші ұмтылысы емес. Алғашқы талпынысын ол «ҚДТ» радикалды қозғалысы сапында 1999 жылы жасаған болатын. Бірақ ол кезде депутат мандаты үшін ұмтылысы өзі ойлағандай шықпады. Екінші рет, 2004 жылы «Коммунистер мен ҚДТ Одағы» блогынан партиялық тізімге үміткер болды, бірақ тағы да шептен шет қалды. Міне, 20 жылдан кейін Асылбек Базарбайұлы бұрынғы сәтсіз тәжірибесінен сабақ алып, заң шығарушы биліктің бір пұшпағын илемекке құлшынысынан тағы да хабар беріп отыр. Бірақ, бұл оған не үшін керек екені мүлдем түсініксіз.
Әрине, Асылбек Базарбайұлы депутаттық өкілеттік туралы «бұрыс» армандардың жетегінде жүрген жан екенін болжау қиын болмас. Бұл ретте, тіпті оны аяп та кетесің. Бірақ, арғы жағындағы алаяқтық қасиетінен хабары барлар оның болмысының бейкүнә, пәк ұғымдарынан әлдеқайда алыста жатқанын білер еді. Оның ұзақ уақыт бойы депутаттық креслоға деген өшпеген «махаббатының» түбінде бір сыр бары анық.
Асекеңнің асылық ойында не дүниенің тұнып жатқанын бірден дөп басып айту әрине қиын болар. Жалпы «көп қырлы» азамат қой. Алайда, болжам жасап көрсе, Базарбайдың Асылбегі бұл жолғы жорыққа саясатта соңғы рет «тұяқ серпіп» көріп, реті келсе тағы бір «қомағай тістеп, көп асап» қалғысы келетін сияқты. Қожахметовтың өмір баянын білетін жұрт үшін бұндай болжам қисынға әбден келеді. Парламентке бару деген, белгілі бір спортшының сөзімен айтқанда «нағыз рахат» қой. Тегін көлік, тегін баспана, алдыңдағы тетікті дер кезінде, дұрыс басып отырса болды. Басқа ауыр жұмыс қажет емес. Әрине, бұның бәрі нақты ақиқат, емес, тек долбар ғана. Алайда, жаңа да ескі кандидаттың бұған дейін жүріп өткен жолын ой елегінен өткізсек, бұл болжамның негізсіз де емес екенін көреміз.
Елдің есінде болар, кеңестар одағы заманында-ақ Асылбек Базарбайұлы «купондар нарығындағы» пысақай тірлікті дұрыс «ептей алмағандықтан» кінәлі деп танылып, социолистік мүлікті талан-таражға салғаны үшін алты жыл түрме мерзімін арқалаған еді. Студенттік құрылыс отрядының жетекшісі болғанда құжаттарды қолдан жасап, мемлекет мүліктерін үлкен көлемде қалтаға басқан еді. Бостандыққа шыққан соң бір-екі жылдан кейін Қожахметов өзін Халықаралық Бизнес Академиясынан «тауып» (Қазіргі AlmaU университеті) нағыз әділ де шыншыл еңбек адамының рөліне енеді. Бірақ бұл мамыражай қалып ұзаққа шыдамады. Бірқатар уақыт өткенде, оның жобасының түбі шикі екендігі түрлі сот процестерінде байқала бастады. Жария болған ақпараттардың мазмұны ЖОО-н нағыз жемқорлар басқарғанын көрсетті. Қаржы алаяқтығы, ақша жеу, Асылбек Базарбайұлының өзіне шексіз көлемде дивидендтер төлеу т.б. Бірақ, ол кезде біздің Асекең оқу орнынан ресми кетіп, оппозиция сапынан көрініп жүрген болатын.
2003 жылдың өзінде-ақ Асылбектің әл-ауқаты туралы бүгінде түрмеде жатқан Ермек Нарымбаев егжей-тегжейлі айтып берген еді. Неше жүз мың доллар тұратын элиталық пәтерлер мен Халықаралық Бизнес Академиясы, тұрмыстық ғимарат мен кеңсе дүкендерінің желісі т.б. Бірақ ол кезде Нарымбаевқа ешкім сенбеген болатын.
Дегенмен, Асылбектің ақша жасау ісінде жұмыртқадан жүн қырақатын қу екенін айналасы әрқашанда хабардар. Және ең қызығы, шешуші сәтте, оның бұл қасиетінің бетін ашып, достары үнемі сатып кететін. Солардың бірі «ҚДТ» қозғалысында бір кездері айырылмас дос болған Гүлжан Ерғалиева ханым.
«Домкловмеч» жарияланымында ол: «басында біз А.Қожахметов тек ұрлықпен шектеледі деп ойлаған едік. Оңбай қателесіппіз. Қос майданда ойнай отырып, ойран салған бұл ұятсыз неме «ҚДТ» негізін қалаушылар М.Әбілазов пен Ғ. Жақияновты да өзара «сүзістіріп» қойды. Не үшін? Себеп біреу. Әрине, партияның бірнеше құрылтайшысы болуы заңдылық. Бірақ, көшбасшы біреу ғана болу керек екен. Алкеуделік пен пайдакөздік, билікке құмарлық, диктаторлық қитұрқылық, қасында жұмыс істейтін адамдарға деген түкірген құрметсіздік және қарапайым саяси білімнің жоқтығы – бұның барлығы Асылбекке тән пендешіліктің бір бөлігі ғана» деп ағынан жарылыпты.
Әбіләзов пен Жақияновқа жұмыс жасай жүріп, «ҚДТ» қозғалысын «Алға» тіркелмеген партиясына айналдырып ала қойған Асылбек Базарбайұлы мөлшермен шамалағанда артында бес нөлі доллар эквивалентінде ақшалай пайда тапқан екен. Қожахметовтың құлқыны бұдан аз «гонорар» үшін жұмыс істеуге дағдыланбағаны белгілі әрине.
Қожахметовтың ақша жымқырудағы пысықтығы отандық алаяқ Әблязовты қойып, әлемдік филантроп – Джордж Соростың өзін үптеп кетуге жеткенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл туралы «ЦентрАзия» интернет-басылымы былай деп жазған еді:
«Асылбек Базарбайұлы жеке бизнес-құрылымдарын құрумен қатар 1999 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының басқармасына да кірген еді. Осы ұйымның басқарма мүшесі ретінде Асылбек Қожахметов – «Орталық Азия менеджментті дамыту қорының» президенті Асылбек Қожахметовке түрлі жобаларды қаржыландыруға бірнеше рет грант бөледі (15 мың долларға дейін). Джордж Соростың өзі бұндай қадамнан не ұтқаны түсініксіз. Мүмкін, оппозицияның рейтингін көтергісі келген болар (ол жылдары Асылбек Базарбайұлы өзін дәл осы санатқа жатқызатын еді). Бірақ үміт еткен рейтингтің орнына Қожахметовтің элиталық тұрғын үй кешенде жеке меншік пәтерлері мен қымбат көліктері көбейіп жатты. Жиған дүние-мүліктің жалпы құны, ең қарапайым есеп бойынша кем дегенде 180 мың АҚШ долларын құрады. Бұндай жағдайдың мұхиттың арғы жағындағы демеушілерге ұнамағаны анық. Қаржылық тергеу-тексерудің қорытындысы бойынша Қожахметов мырза Қор басқармасы мүшелігінен масқара түрде қуылып, бұдан былай «Сорос Қоры» қаржысына оны жібермеу туралы бұйрық берілді.
Соңғы жылдары, дұрыс жолға түскен сыңай танытқан Қожахметов қоғам мүддесі үшін жұмыс жасап жүрген кейіп көрсетті. Ол тіпті, кезінде «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрес комиететінің құрамына да енген еді. Бірақ, «бүкірді көр ғана түзейді» деген мақалдың мәнін көзі қарақты оқырман түсінсе керек. Мешкей деген ат жақсы емес. Сондықтан артын қазса осындай былықтарын қазбалай беруге болатын Қожахметов ғайыптан тайып, Мәжіліске өтіп жатса, мемлекеттік бюджеттің жайы көңілге күдік ұялатады. Себебі мембюджетті қалыптастыру мен бюджетті бөлу ісіне депутаттар тікелей араласады ғой. Тағы да қойды қасқырға бақтырғаннан кім не ұтады? Кім сорлайды? Таңдау сайлаушыларда!