Каспийге ерекше күтім керек
Каспий теңізінің солтүстігіне құятын Еділ өзенінде бөгендердің салынуы, мұнай кәсібінің өркендеуі теңіздің экологиялық жағдайын едәуір нашарлатқанын қоршаған ортаны қорғау мамандары көптен айтып келеді. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты табиғи апатты жағдайға душар болған аймақтың экологиялық жағдайына ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген «Капустин Яр», «Азғыр» секілді полигондардың зардабын қосыңыз. Бұл – бүгінгі халықаралық семинарлардың бас ауыртар бас тақырыбы.
Жоғарыда аталған факторлар – біздің көзіміз көріп отырған түйткілдің бергі жағы ғана. Мұнай мен газдың өндірілуіне байланысты осы теңізге ғана тән итбалықтың жаппай қырылуы, бекіре, көксерке секілді балықтардың азаюы, суасты өсімдіктерінің жойылуы күннен-күнге кең етек алып барады. Сонымен қатар жел эрозиясы да бұл өңірдің жағдайын мәз етіп тұрған жоқ. Өткенге көз жүгіртіп қарайтын болсақ, Каспий теңізінің тартылуы 1925 жылдан бастап байқалған. Бірақ оған Кеңес өкіметі айтарлықтай мән бермеген. Соның әсерінен шығанақтар сусыз қалып, теңіз суы 100 шақырымға қашықтаған екен.
Теңіз суын жағалай орналасқан мемлекеттер арасындағы Каспийді бөлісу келісімі әлі де біржақты емес. Осының салдарынан теңізге келген залал үшін ортақ жауапкершілік алу мәселесі де жан-жақты талқылауды талап етеді. Мәселен, Ресей мұнайшылары теңіз суындағы біздің аумаққа жататын «Новинск» аралына мұнай ұңғымасын орнатты. Мұнай ұңғымалары қамыс, қоға, қопа, балдыр үйінді-шірінділерінің ортасына орналасқан. Бұлар теңіз жағасының бұзылған ауасын одан сайын ластағанымен қоймай, мұнай көздерінің өртену қаупін арттыруда.
«Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан экологиялық апаттардың ащы сабағынан оң қорытынды шығармасақ, Каспийдің келешегіне де қауіп төнеді» дейді халықаралық сарапшылар. Алдымен итбалықтардың, соңынан құстардың жаппай қырғынға ұшырауы теңіздің қазақстандық бөлігінде дабыл қағылар жағдайдың қазір-ақ қалыптасқанын аңғартты. Бұл – өз кезегінде табиғи ортаның азуына, яғни деградацияға апарып соқтыратын негізгі жол. Сондықтан жыл сайын осындай проблемалардың алдын алу мақсатында Каспий жағалауын мекендеген елдер бас қосып, келелі кеңес құратын дәстүр қалыптастырған. Бұл жолы да Иран, Түрікменстан, Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан бір жерден табылып, ортақ мүддесін ортаға салды. Халықаралық табиғи апаттардың алдын алу және бақылау орталықтарынан көптеген сарапшылар тартылған бұл жиында әңгіменің өзегіне айналған тақырып Каспий жағалауында орын алған проблемалар емес, Каспийді сақтап қалу проблемасы екенін барлығы бір кісідей мойындады. Мамандардың айтуына қарағанда, Каспийдің экологиялық проблемаларына қазір мән бермесе, аз уақыттың ішінде Арал тағдырын қайталауы мүмкін екен. КАСПКОМ мүшелерінің шешімі бойынша соңғы жылдары атмосфераға, топырақ қабатына, теңіз суына тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Бұл мониторингтер Каспий акваториінің жағдайын жақсартуға едәуір септігін тигізеді екен. Сонымен қатар бұл бақылау көктемде және күзде екі рет жүргізіледі. Нәтижесінде кеңейтілуге тиісті жерасты суының арналары мен тоғандарының жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар көрінеді.
Тайызхан ҚОЖАХМЕТОВ, «Қазгидромет» орталығы Климатты зерттеу және су проблемалары департаментінің директоры:
– Қазақ мемлекеті Каспий акваториін сақтап қалуға бастамашыл, мүдделі мемлекет екенін бәріміз білеміз. Батыс аймақтағы экономикалық ахуал экологиялық жағдайды ушықтырып тұр. Каспий теңізі қазір тартылып бара жатқан су бассейндерінің қатарында. Сондықтан дабыл қағып жатырмыз. Қазіргі таңда Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының аумағында төрт автоматты ауа сапасын бақылайтын стансы орнатылған. Тек осындай шаралар арқылы ғана қалыптасқан жағдайды тұрақты бақылауға қол жеткізіп отырмыз. Ол да ғылыми-техникалық мүмкіндіктердің жаңарғанының арқасы. Әр 20 минут сайын онлайн режимінде автоматты түрде «Аджип» компаниясының орталық білгесаясына (компьютеріне) берілетін мәлімет сол жерде сақталады, өңделеді, сараптама жасалады. Содан кейін алынған ақпарат Атыраудағы Гидрометеорология орталығына келіп түседі. Егер табиғатқа зиянды ошақтардың барлығына осындай қондырғылар орнатар болсақ, барлық жағдайды бақылау біз үшін, жалпы, сарапшылар үшін жеңіл болар еді.