Кедендік одақ органдарының қызметі қандай?
Кедендік одақ құрылғалы бері қоғамды «Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмысын кімге тапсырамыз, кім үйлестіреді?» деген сауал мазалап келеді. Бұл орайда саясаткерлер мен экономист мамандар экономикалық кеңістіктің барлық қадамы мен мәселесін, шешімдері мен жұмыс істеу әрекеттерін Еуразиялық экономикалық комиссияның реттейтінін айтқан еді. Өйткені әу басында Еуразиялық экономикалық комиссияның негізгі міндеті болып Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі және даму жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі экономикалық интеграция саласында ұсыныстар әзірлеу бекітіліп қойған болатын. Осы бағыттағы жұмыс қарқыны қалай жүріп жатыр? Бүгінгі басты сауал осы. Бұл сұрақтың аясы «Кедендік одақ органдарының негізгі атқарар функциясы қалай болуы керек?» деген сұраулы оймен кеңейе түсетіні де белгілі. Ендеше, саралап көрелік.
Еуразиялық экономикалық комиссия деген не?
Қазір кез келген қоғам мүшесі КО-ны біртұтас экономикалық кеңістік деп түсінеді. Бұл кеңістік шеңберінде кедендік баж салынбайтынын, экономикалық шектеуші құралдар қолданылмайтынын, тек демпингке қарсы немесе компенсациялық шараларды қолдануға рұқсат етілетінін біледі. Десек те, біздің азаматтарымыз «осы шаруаларды, сонымен қатар Кедендік одақ шеңберінде біртұтас кедендік тариф және шет мемлекеттермен сауда айналымын кім, қалай реттейді?» деген сауалға аса мән бермей келеді. Бұл шаруалар тізгінін тікелей Еуразиялық экономикалық комиссия ұстап отыр.
Бұл комиссия Кеден одағының нормативтік-құқықтық қорын қалыптастыруға, кеден тәртібін оңайлатуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға міндетті.
Ең алдымен атқарар шаруасы не?
Еуразиялық экономикалық комиссия ең алдымен не жасауы керек? Бұл сауалға сарапшы мамандар Еуразиялық экономикалық комиссияның басты міндеті КО-ға мүше Қазақстан, Ресей, Белоруссия тараптарының өзара пайдасын, тең құқылығын және ұлттық мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету керектігін айтады. Әрбір қабылданатын шешімдердің экономикалық негізділігін де комиссия назарда ұстауы керек. Ашықтық, жариялылық және объективтілік қағидаттарды негізге алғанда ғана КО жұмысы жемісін бермек.
Комиссияның құрылымы қандай?
Еуразиялық экономикалық комиссия Комиссия кеңесі және Комиссия алқасынан құралған. Комиссия кеңесі мен Комиссия алқасы қызметінің тәртібін мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес бекітеді. Бұл екі құрылым өз қызметі шеңберінде құрылымдық бөлімшелерді, яғни департаменттерді құруға құқылы.
Комиссия Кеңесінің функциясы
Комиссия кеңесі тікелей Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі интеграциялық процестердің басқарылуын жүзеге асырады. Бұл кеңеске Үкімет басшысының бір орынбасары (мүше мемлекеттердің барлығынан) өкіл болып кіреді. Комиссия кеңесі Еуразиялық экономикалық комиссия қол қойған халықаралық шарттар жобаларын Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің мақұлдауына ұсына алады. Сонымен қатар Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру бойынша жұмыстарды ұйымдастырады.
Комиссия Алқасының функциясы
Комиссия алқасы Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі мәселелерді интеграциялау саласындағы ұсыныстарды әзірлеуді жүзеге асыратын Еуразиялық экономикалық комиссияның атқарушы органы болып есептеледі. Комиссия алқасы тоғыз мүшеден тұрады. Алқаға КО-ға мүше елдерден үш өкілден кіреді. Сол тоғыз өкілдің біреуі Комиссия алқасының төрағасы болып тағайындалады. Сонымен қатар Комиссия алқасы тікелей Еуразиялық экономикалық комиссия департаменттеріне басшылық жасайды. Комиссия алқасының мүшелерін мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі төрт жыл мерзімге тағайындайды.
Еуразиялық экономикалық комиссияның департаменттері
Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес, Комиссия кеңесі және Комиссия алқасының қызметін Еуразиялық экономикалық комиссияның департаменттері жүзеге асырады. Комиссия департаменттерінің құрамы Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметкерлерінен жасақталады. Еуразиялық экономикалық комиссияның департаменттерінің директорлары мен орынбасарларын төрт жылдық мерзімге Комиссия алқасының төрағасы тағайындайды.
Түйін
Біз бүгін КО шеңберінде дүниеге келген Еуразиялық экономикалық комиссияның атқарар шаруасын ғана сөз етіп отырмыз. Бұл жай оқырман санасына «Егер де КО-ға мүше бір ел Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен келіспесе не болады?» деген ой ұялататыны хақ. Мұндай жағдайлардың консенсус шешімін қабылдайтын мемлекет басшылары деңгейіндегі Кедендік одақтың жоғарғы органы бар. Бұл жоғарғы орган – Мемлекет басшыларының деңгейіндегі мемлекетаралық кеңес және Үкімет басшыларының деңгейіндегі мемлекетаралық кеңес болып екіге бөлінеді.
Тақырыпқа орай
Біріккен алқа деген не?
Еуразиялық экономикалық комиссиядан тысқары Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы кеден қызметтерінің Біріккен алқасы қызмет жасайды. Біріккен алқаның төрағасын кеден қызметі басшыларынан жасақталған алқа мүшелері сайлайды. Кеден одағы аясында құрылған алқаның негізгі міндетіне кеден қызметін үйлестіру, кеден ісі мәселелері бойынша Кеден одағының бірыңғай құқықтық базасын қалыптастыру ісі жатады. Бұдан бөлек Біріккен алқа кедендік бақылау ұйымдастырудың біріздендірілген тәртібін қамтамасыз етіп, Кеден одағы аумағында кеден саясатын іске асыруға жәрдемдеседі. ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі (Кеден одағының жоғары органы) және Кеден одағының комиссиясы қабылдаған шешімдерді іске асыруға да мұрындық болады.
Сіз не дейсіз?
Сайполла Сапанов, саясаттанушы:
– Кедендік одақ шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссия секілді ұлтүсті ұйымдардың құрылуы – Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістерді дамыту саласындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Меніңше, осындай ұйымдар – интеграцияның дамуының басты кілті. КО мүшелерінің ортақ мүддесі ескерілуі керек. Мысалы, Еуроодаққа мүше елдердің экономикалық әлеуеті әртүрлі. Десе де, ол елдердің Еурокомиссиядағы құқығы демократиялы түрде теңестірілген. Бізде де сол ұстаныммен демократиялық принциптерге сүйене отырып дауыс беру, шешім қабылдау секілді кейбір мәселелерді қайта қарауымыз қажет.