Келешек көкжиек – көппартиялы Парламентте
Сайлау - демократияның аса маңызды нышаны. Сайлау құқығы – мемлекетіміздің болашақ дамуын айқындауға мүмкіндік беретін әрқайсысымыздың айрықша мәртебеміз. Осы ретте америкалық сарапшы Джордж Уиллдің: «Дауыс беру оқиғалар барысын анықтамайды, дауыс беру оқиғалар барысын дәл кімнің айқындайтынын шешеді» деген қанатты сөзі ойға оралады. Әрбір дауыс көзге елеусіз болғанымен, елімізде 9 миллионнан астам сайлаушы барын ескерсек, бұл мемлекеттің тағдырын шешетін аса маңызды таңдау, келешек бетбұрысты бағдарлайтын саяси науқан екенін түйсіне түсеміз. Бұл сайлау – бір емес, екі бірдей өкілді билікті сайлау: Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны. Қалың сайлаушы пропорционалды сайлау бойынша Парламент Мәжілісіне сайланатын саяси партиялар көппартиялық Парламентті қалыптастырады деген сенім артып отыр. Өйткені көппартиялы Парламент тұтас елдегі саяси жаңғырудың басы, әр алуан көзқарастардың алаңы болмақ. Әрине, бұл үшін әрбір сайлаушының саяси белсенділігі, азаматтық ұстанымы қажет. Сондықтан да мемлекетіміздің қоғам, мәдениет, өнер қайраткерлері барлық сайлаушыларды саяси таңдауын жасауға, өзі қалаған партияға дауыс беруге, елдің болашағын айқындауға атсалысуға шақырады. Ендеше, өз келешегіміз үшін таңдау жасаудан қалыс қалмайық, Алаш жұрты!
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты:
Сайлау күні – мен үшін мереке
– Біз кезінде бодан мемлекет болдық. Сол кезеңдерде сайлау учаскелерін ат-арба, ат-шанамен аралап жүріп, концерттер қойып, сайлаудан қалмайтын едік. Ол кездегі сайлаумен қазіргі егемен еліміздегі саяси науқандарды салыстыруға да келмейді. Өз еліңнің мемлекеттік саясатына араласуға тікелей мүмкіндік алу – үлкен бақыт. Саясатқа қарапайым азаматтар тікелей қатысатын күн. Осы бақытты халқымыз, әсіресе жастар жан-тәнімен сезінсе екен деймін. Біз бүгінгі бейбіт күнге жеткенімізді саралай келіп, болашағымыз үшін дауыс беруіміз қажет. Сайлау күні – мен үшін мереке, мән-маңызы өте жоғары. Өзім ертеңгі күнді асыға күтіп отырмын. Және барша қазақстандықтарды сайлауға қатысуға шақырамын.
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Сайлаудан кейін оң өзгерістер жүзеге асады деген үміттемін
– Сайлау – мемлекеттік деңгейдегі маңызы зор, үлкен қоғамдық оқиға. Кез келген адам осы мемлекеттің азаматы, қоғамның мүшесі болғаннан кейін, бұған бей-жай қарамау керек. Өз мемлекетіңде, өмір сүріп отырған қоғамда болып жатқан саяси жағдайлардың бәрінде өзімнің азаматтық парызымды орындауға міндеттімін деп санаймын. Сондықтан осы ел үшін маңызды сайлауға дауыс беруге барамын. Мен де бір партияның белсенді мүшесі ретінде өзге азаматтарды сайлауға қатысуға үгіттеймін, дауыс беруге шақырамын.
Парламентте елдің жағдайын жақсы білетін, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін батыл, қарымды азаматтар керек. Проблемалар жоқ емес, бар. Мәселен, өнер саласындағы мәселелер баршылық. Ел таңдаған депутаттар халықтың игілігіне, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеуі керек. Сондықтан Парламент және мәслихат сайлауынан кейін елімізде оң өзгерістер жүзеге асады деген үміттемін.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, композитор, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің директоры:
Еліміздің болашағы мен ұрпағымыздың келешегі үшін таңдау жасауымыз керек
– Бұл сайлау – түсіне білген әрбір адам үшін еліміздегі ірі саяси науқан. Конституциямыз әрбір азаматқа саяси таңдау мүмкіндігін береді. Сол құқығымызды пайдалана отырып, еліміздің болашағы мен ұрпағымыздың келешегі үшін таңдау жасауымыз керек. Биылғы сайлауға қатысып жатқан саяси партиялардың барлығы да осы жерді сақтай отырып, елді дамытуды көздейді деп ойлаймын. Барлық саяси партия белсенді. Олар сайлаушылармен емін-еркін кездесулер ұйымдастырып, бағдарламаларын халыққа таныстырып жатыр. Бұл да біздің демократиялық жолмен келе жатқанымызды аңғартса керек. Біздің таңдауымыз арқылы Парламентке барған депутаттар біздің құқықтық жүйемізді реттеп, тиімді заңдармен қамтамасыз етіп отырса, одан артық не керек бізге? Сондықтан халық болып бірлігімізді, елдігімізді көрсетуіміз қажет.
Айман МҰСАҚОЖАЕВА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Тұрақты еліміздің берекелі өмірі үшін өз таңдауымызды жасап, дауыс берейік, ағайын!
– Мен алдағы өтетін сайлауға міндетті түрде қатысып, өз даусымды беремін. Себебі бұл мен үшін және елімнің келешегі үшін маңызды. Осы орайда әрбір қазақстандық бұл сайлауға қатысып, өздерінің таңдауын жасаса екен деймін. Өйткені біз үшін еліміздегі орын алып жатқан кез келген саяси болсын, әлеуметтік болсын, экономикалық болсын өзгерістер назарымыздан тыс қалмауы тиіс. Біз Қазақстанның азаматы болғандықтан, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі үшін, болашағымыздың жарқын болуы үшін Парламент сайлауына қатысып, өз даусымызды беріп, мемлекетке үлес қосуымыз керек. Халыққа, ең бірінші, не керек, әрине, тыныштық, жайлы өмір, тұрақты жұмыс қажет. Қазақстанда қазір осының барлығы бар. Ынтымағы берік елдің іргесі әрқашан бүтін болады. Сондықтан тұрақты еліміздің берекелі өмірі үшін өз таңдауымызды жасап, дауыс берейік, ағайын.
Бағдат СӘМЕДИНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
Ел қалаулысы деген атқа лайық азаматқа дауыс беремін
– Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға депутаттарды сайлау – еліміз үшін аса маңызды саяси науқан. Сондай-ақ сайлау – ел тағдырын саралайтын аса жауапты іс. Оған байыппен қарап, оны абыроймен атқару әрбір қазақстандықтың міндеті деп білемін. Ел қалаулыларын дұрыс таңдау арқылы біз Қазақстанның болашағы мен халықтың ертеңгі тағдырын шешуге атсалысатынымыз сөзсіз.
Егер біз, яғни халық, сайлауға бей-жай қарап, енжарлық танытсақ, депутаттар қатарына өзгенің емес, өз қамын көбірек ойлайтындар өтіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да мен өз басым сайлауға міндетті түрде барамын. Және ел қалаулысы деген атқа лайық азаматқа дауыс беремін.
Сайлау әділ өтпейді деп айта алмаймын, бірақ егер халық бірауыздан қатыспаса, еліміздің, жеріміздің көркеюіне, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүдделі жандардың жолы жабылып, керісінше, тек қара көбейтіп жүргендердің бағын жағып береміз.
Еліміздің, жеріміздің саяси болсын, экономикалық болсын және әлеуметтік, мәдени өмірі – сайып келгенде ел қалаулыларының қолында. Ал тағдырымызды сенімді қолға тапсыруымыз үшін, ең бастысы, сайлауға бірауыздан қатысуымыз керек.
Ахметжан ҚАДЫРОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:
Көппартиялық-демократиялық жаңарудың белгісі
– Қазақстан үшін аса маңызды, халық толқып күткен «Сайлау – 2012»-нің мәресіне жетер күн де келіп қалды. Бұл сайлаудың көппартиялы түрде өтуінің өзі Қазақстанның демократиялық жаңаруының белгісі емес пе? Негізі, мен сайлауды қан жүгірту деп түсінген болар едім. Бұрынғы құрам қалай жұмыс істеді, ол – өз алдына бөлек әңгіме. Тек айтарым, шешуші сәттерде кімнің кім екені білініп қалып жатты. Былайша айтқанда, патриот жандар аз болған жоқ. Енді сондай елі үшін еміреніп тұратын, рухы биік азаматтар қатарының бұдан көп болғанын қалайды екенбіз, онда сайлаудан қалмайық. Жұртшылыққа айтарым – осы. Біз, аға буын, көпті көргенбіз. Сол себепті де өзімізден кейінгілерге үлгі көрсеткеніміз жөн.
Балаларымыздың болашағы мен бейбіт өмірі үшін біз жауаптымыз. Былайша айтқанда, еліміздің, жеріміздің тыныштығы мен оның тұрақтылығы саясатында да депутаттардың аса сауатты болғандары аса қажет. Мен бірінші кезекте сайлауға осы үшін қатысамын.
Сайлауға тағы не үшін қатысамын? Ел қалаулыларын дұрыс таңдау – өзіміздің қолымызда. Сүзгіден өтіп кеткендерді кеш сынап-мінегенше, сайлауға бір кісідей қатысып, сайдың тасындай азаматтарымызды бүгін іріктеп алайық. Сонда ертеңіміз үшін алаңдамайтын боламыз.
Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, режиссер:
Жаңа Парламенттен үміт күтеміз
– Назым Хикметтің «Мен жанбасам жалындап, сен жанбасаң жалындап, біз жанбасақ жалындап, кім жанады жалындап?!» деген өлеңі бар. Сол сияқты «мен бермесем дауысты, сен бермесең дауысты, біз бермесек дауысты, кім береді дауысты?» Бұл тұрғыдан келгенде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы болған кезде біздің дауысымыз арқылы ғана Парламент сайланады. Бұл Парламент сайлауы бұрынғылардан ерекше. Осы жолы біз алғаш рет қоспартиялы немесе көппартиялы Парламентті жоспарлап отырмыз. Демек, бұл – біздің мемлекетіміздің демократиялық жолға түскендігінің нық белгісі. Әрине, «Көш жүре түзеледі» дейді. Бәлкім, бұл партиялар бір-бірін қайталауы, толықтыруы мүмкін не бір-бірінен асып түсетін, не болмаса, екі түрлі жолды таңдайтын партия болуы мүмкін. Бірақ мұның бәрі – ел үшін, халық үшін, адам үшін, адамгершілікті қадір тұтатын қоғам үшін жасалатын қадам. Біз ХХІ ғасырда өмір сүретіндіктен, жаңа ғасырдағы жаңа Парламентті сайлаймыз. Бұл Парламентке артатын үмітіміз де зор. Көптен көкейімізде жүрген көп сұрақтың шешуін табатын, осы уақытқа дейін қордаланып келген түйіндерді шешетін Парламент болады деп үміт артамыз.
Сол тұрғыдан келгенде, біздің алдағы сайлауға баратынымыз хақ. Өз басым қайткенде де барамын. Өйткені өзім де, отбасым да үлкен үміт артып отырмыз. Тек үміт қана, арман ғана алға жетелейді. Біздің арман-үмітіміз осы Парламентке байланысты. Елдің қамын ойлайтын, еліміздің, жеріміздің тағдырына алаңдайтын, халықтың тағдырына жаны ашитын ақылды да аяулы Парламент болады деп үміттенеміз. Біз сол үшін сайлауға барамыз, сол үшін дауыс береміз.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:
Парламентте партия неғұрлым көп болса, соғұрлым әділдік болады деген сенімдемін
– Тәуелсіздік маған сайлау құқығын беріп отыр. Сондықтан да мен сайлауға біреу үшін емес, өзім үшін барамын. Парламент – мемлекетімнің болашағын, бала-шағамның тағдырын айқындайтын орган. Сондықтан мен сайлау дегенде сергек болуым керек. Сайлау – үлкен әрі маңызды шара. Былайша айтқанда, мемлекетті басқарудың ең негізгі кілті. Ал оған қатыспай, тыс қалатын болсам, онда ол Тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматы деген атағыма үлкен сын болмай ма? Сол себепті сайлауға міндетті түрде барамын. Ал кімге, қай партияға дауыс беру – әркімнің өз еркінде.
Бұл сайлаудан мен үлкен серпіліс күтемін. Алдағы сайлаудан кейін халықтың осы күнге дейін шешілмей, қордаланып келген мәселелері шешіледі деп үміттенемін. Бұл сайлаудан мен әділдік күтемін. Партиялардың ішінде де мемлекетті ойлайтын азаматтар өтсе екен деп ойлаймын. Кездейсоқ адамдар өтпесе екен деп тілеймін. Өйткені депутаттарды сайлап, тағдырымды сеніп тапсырғаннан кейін, ол депутаттардың деңгейі менен биік болуы тиіс. Мемлекеттік, ұлттық деңгейде ойлай алатын азаматтар болуы қажет. Бізге олар елді дамытатындай, тыныштыққа ұйытқы болатындай, елдің қауіпсіздігіне сенім артатындай, болашағыма, тұрмыс-тіршілігіме кең жол ашатындай, халық қысылмайтындай, алаңсыз ғұмыр кешетіндей жағдай жасау қажет. Елімізді халық пен биліктің арасында ешқашан сызат түсірмей, халық пен билік қоян-қолтық жұмыс істейтіндей деңгейге жеткізсе екен деймін. Оның ішінде ұлттық мәселелерге, мемлекеттік тілге ден қойса демекпін.
Сондай-ақ Парламентте партия неғұрлым көп болса, соғұрлым әділдік болады деген сенімдемін. Жалғыз партия билеген елді коммунистік партияның тұсында көрдік қой. Сондықтан депутаттар әр партиядан сайланатын болса, әртүрлі көзқарас болады. Бұл жағдайда шындық та салтанат құрады.
Есмұқан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Таңдауымыз ел ертеңі үшін жасалатын үлкен шешім болмақ
– Қазақстан – бейбітшілік пен достық бесігінде тербелген Тәуелсіз мемлекет. Мына нарықтық кезеңде еліміздегі тыныштық, бейбітшілік секілді құндылықтардың жоғары бағаланғаны мені қатты қуантады. Шәкірттеріме де осы құндылықтардың маңызын әрдайым айтып отырамын. Енді алдағы өткелі тұрған сайлауға келетін болсақ, бұл – біз үшін өте маңызды таңдау. Еліміздің болашағы үшін өз даусымызды береміз. Бұл – менің өмірімде ерекше орын алатын елеулі оқиға. Жұртшылық елдің келешегі үшін, ұрпағымыздың болашағы үшін міндетті түрде сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы тиіс. Өйткені бұл еліміздің ертеңі үшін жасалынып отырған үлкен шешім болмақ. Мен бұған дейінгі сайлаудың ешқайсысынан қалып көрген емеспін. Бұл жолы да сайлауға Обаевтар әулеті түгел қатысып, өз дауыстарын беретін болады. Сондықтан мен барша халықты сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын.
Азамат ЖЫЛТЫРКӨЗОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Сайлау – мен үшін, әрбір қазақстандық үшін маңызды шара
– Сайлау – мен үшін маңызды шара. Жалпы, бұл әрбір қазақстандық үшін маңызы үлкен шара деп есептеймін. Өйткені Тәуелсіз елімізде бүкілхалықтық сайлау өткізіп, әрбір қазақстандықтың көкейіндегісін жеткізе алатын тұлғалардың Мәжілістен орын алып, елдегі қордаланған мәселелерге атсалысуы, мемлекетіміздің аяғынан нық тұруы үшін жасалып жатқан әрекет. Сайлау қазақстандықтардың ертеңі үшін өткізілуде. Сондықтан Тәуелсіз елдің азат азаматы ретінде әрбіріміз бұл сайлау үшін жауаптымыз. Атсалысуға міндеттіміз. Өз басым еліміздің ертеңі үшін сайлауға қатысуды міндетім санаймын. Сондай-ақ бұл жолғы сайлаудың бұрынғы сайлаудан жөні бөлек. Биылғы жылғы сайлаудың көппартиялы түрде өтуінің өзі еліміздің демократиялық жаңаруының үлгісі деп білемін. Ендеше, бүкіл қазақстандықтар сайлауға бір кісідей қатысып, өз бағыттарын айқындап дауыс берсе, нұр үстіне нұр болар еді.