Киберқауіпсіздік мәселесін қолға алатын уақыт жетті
Ақпараттық технологияның тасы өрге домалап тұрған қазіргі кезеңде интернетке тәуелділік артып келеді. Жер шарын 6 миллиардтан астам адам мекендесе, соның 1,5 миллиардтан астамы ғаламторды тұрақты түрде пайдаланатындар санатында екен. Яғни осынша жұмыр басты пенденің немесе одан да көп адамның электронды поштаға иелік ететіні анық.
Ақпараттық тәуелділікке өзіміз сұранып отырмыз
Жасыратыны жоқ, елімізде кеңінен тараған ресейлік mail.ru сайты. Осы сайттың әкімшілігі таратқан мәліметтер бойынша, mail.ru-ды пайдалану бойынша қазақстандықтар алғашқы орынға шыққан. Аталған сайттың отаны Ресейдің өзі екінші сатыда. ТМД кеңістігінде кеңінен тараған бұл сайтты қолдану бойынша, Өзбекстан – үшінші, Украина – төртінші, Белорус елі бесінші орында екен. Ресейлік аталған сайттың мерейін үстем етіп отырғандардың арасында mail.ru-ды м-агент үшін пайдаланатын жастар ғана емес, өкінішке орай мемлекеттік мекемелер де бар. Аудандық әкімшіліктер, мәдени ошақтардың дені – осы сайттың тұрақты қолданушылары. Қазақ қаріпін «оқығысы» келмейтін сайттың дамуына неге өзіміз үлес қосып отырмыз. «Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау үшін орыстың газет-журналына тосқауыл қою керек» деп ұрандататындардың өзі ресейлік сайттардың шырмауында екенін аңғара бермейді. XXI ғасырда ақпараттық қауіпсіздікті сөз еткенде халықтың санасын жаппай жаулап жатқан интернет сайттарын да естен шығармау қажет. Блоггерлердің пікірінше, mail.ru – хакерлер ұнататын сайт көрінеді. Ендеше, мемлекеттік мекемелердің осы сайттың пошталық қызметін пайдаланып отырғаны қалай?
Анар МҰСТАФИНА, блоггер:
– Қазақ жастары ақырындап интернетті пайдаланудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Алайда интернет тек Mail.ru деп ойлайтындар көп, оның ішінде тек м-агенттігін ғана пайдаланатындар қаншама. Mail.ru пошта қызметі қауіпсіздік жағынан әлсіз жүйе деп мамандардың бәрі айтады. Оның бірден-бір себебі, қолданушылардың оңай кілтсөздерді пайдалануында болып отыр. Оны хакерлер бірден «бұзып-сындыра» алады және спам-жарнамаларды сүзгіден өткізу бөлімі де толық қамсыздандырылмаған. Әсіресе мемлекеттік құпия саналатын хаттармен жұмыс істейтін мекемелерге абай болу керек деп ойлаймын. Білікті фирмалардың өзіндік ішкі хат алмасу жәшіктері болады. Ал ондай жоқ болса, ресмилігін байқату мақсатында Gmail.com, Yahoo.com деген сияқты пошта жәшіктерін қолдануды ұсынар едім. Интернетті көптен бері пайдаланушылар баяғыдан осы пошта қызметтеріне ауысып үлгерген. Өйткені бұл пошталардың функциялары өте ыңғайлы, әрі спам-жарнама сүзгісі де қолайлы. Бірақ қауіпсіз деп ешбір пошта жәшігін кесіп айтуға болмас.
Киберқауіпсіздікке мүдделі болуымыз керек
Еліміздегі әрбір азамат құпиялы хат алмасуға құқылы. Бұл туралы Конституциямызда былай деп жазылған:
«Әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі». (ІІ бөлім. Адам және азамат, 18-баптың 2-тармағы.)
Адам құқығын бәрінен жоғары қоятын мемлекеттердің негізгі заңдарында дәл осы бап бар. Баптың құрылымында ерекшелік жоқ, бірақ сол талаптардың қаншалықты сақталуына келер болсақ, айырмашылық көп.
Ресейде мынандай бір оқиға тіркелген. Бір әйел хакерлерге өзге азаматтардың электронды адрестерін беріп, құпия кілттерді айтып отырғаны үшін 10 доллардан «сыйақы» алып отырған. Осылайша, олар Конституциямен қорғалған жеке адамдардың құқығына қол сұққан. Жақында АҚШ-тық хакер есімі жұртқа мәшһүр тұлғалардың электронды пошталарына шабуыл жасаған. Киберқылмыскер осы қылмысы үшін 121 жылға бас бостандығынан айырылды. Біздің елде де мұндай оқиғалар аз емес. Алайда жеке құқығын қорғап, сотқа шағымданып жатқан ешкім жоқ. Жақында айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның mail.ru сайтындағы поштасына өзге адам кіріп, Айнұрдың таныстарын балағаттап шықты. Бір күннен кейін ақын қызымыз барлығынан кешірім сұрап, хакерлердің кіргенін баяндады. Аяулы ақынның ар-намысын аяққа таптаған адамның кім болғанын, оның үстінен сотқа шағым түсірілді ме, жоқ па, соны анықтау мақсатында ақынның өзіне хабарласып көріп едік, байланысу мүмкін болмады. Ал АҚШ-та танымал адамның электронды поштасына кірген адам өмір бойы темір тордың арғы жағында отыратын болды. Ал бізде ше? Хакерлер тайраңдап жүр. Бұл жерде азаматтар құқығына кепілдік беретін Конституцияның кейбір баптары орындалмай отыр ма, әлде азаматтардың өзі шағымданбай ма?
Берік Бекжанов, Мәжіліс депутаты:
– Конституциямыз еліміздің әрбір азаматының құқығын қорғайды. Яғни азаматтардың еркін хат алмасуына, оны жария етпеуге ерік берілген.
– Бізде азаматтардың көпшілігі электрондық поштасына хакерлердің кіргенін айтып жатады. Осы ретте Конституцияның тиісті баптары орындалмай ма, әлде азаматтар тарапынан шағымдар түсіп жатқан жоқ па?
– Сіздің осы мәселеге байланысты нақты дәлеліңіз бар ма?
– Әрине, дәлел де, мысал да көп.
– Егер жеке электронды поштасына хакерлердің кіріп, ойына келгенін істегені анық болса, әрбір азаматтың сотқа шағымдануға құқығы бар. Азамат өз құқығын Конституциямен, тиісті заңдармен қорғай алады.
– Ал сіз кезінде сот органында істегенде осындай жағдайлар тіркелді ме?
– Жоқ, мұндай мәселеге байланысты шағымдар түскен жоқ.
Демек, бізде азаматтардың өзі бейжай қарайды. Хакерлерге кешіріммен қарау қауіпті екенін әлі түсіне бермейміз. Егер қандай да бір экстремистік, сепаратистік пиғылдағы дүниелерді сіздің атыңыздан өзгелерге жолдаса ше?
Кейбір азаматтарға бір мәселемен хат жазсаңыз, «кешіріңіз мен ол емес едім» деген жайбарақат жазылған жауап аласыз. Бәлкім, ол сенімді адамы шығар. Алайда электронды пошта адамның жеке мүлкі сияқты емес пе? Әлде біздегі интернет мәдениетінің қалыптаспағанының бір сыры осында ма? Жоғарыдағы кемшіліктердің алдын алу үшін киберқылмысқа қарсы шараларды күшейту керек шығар. Мысалы, Түркияның 70 млн азаматының әрқайсысының электронды поштасы бар. Бір қызығы, бұл елде электронды пошта адресі бала өмірге келгенде туу туралы куәлігіне жазылып, кейіннен оның жеке куәлігіне де көшіріледі. Яғни ол адамның жеке паспорт нөмірі сияқты болады. Биылдан бастап қолданысқа енгізілген бұл жүйе адамға өзінің жеке құпиясын сақтауға мүмкіндіктер көп. Бұл – киберқылмыспен күресудің бір тәсілі.
Түйін
Көктемде Тунис пен Мысырдан басталған көтерілістер бүгінде Ливиядағы соғысқа жалғасуда. Сарапшылар бұл бүліктердің өршуіне ғаламтордың оның ішінде әлеуметтік желілер мен электронды пошталардың ықпалы болғанын жасырмайды. Сондықтан қазір қауіпсіздік туралы мәселе қозғалғанда киберқауіпсіздік деген қатар аталатын болды. Әрбір индивидтің қауіпсіздігі – бүтін бір мемлекеттің қауіпсіздігі. Ендеше, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммитінде бірінші болып Елбасы көтерген киберқауіпсіздік мәселесін қолға алатын кез жеткен сияқты.
Тарихы
Электронды пошта 1965 жылдың 2 қазанында пайда болды деген мәліметтер бар. Дәл осы күні Массачусетс технологиялық институтының қызметкерлері Ноэль Моррис пен Том ван Влек MAIL бағдарламасын жазып шықты. Алайда электронды поштаның «әкесі» – BBN Technologie компаниясының бас инженері, профессор Рэй Томлинсон деген дерек басымырақ. Аталған ғалым 1971 жылдың 2 қазанында пошталық бағдарламаның авторы атанады. Биыл электронды поштаға ресми түрде 30 жыл толып отыр. Айта кететіні, бәрімізге жақсы таныс «айқұлақ» яғни @ белгісін осы Рэй Томлинсон ойлап тапқан.