Лаңкестік пен экстремизм – исламнан алшақ мәселе

Лаңкестік пен экстремизм – исламнан алшақ мәселе

Кеше елордада әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен белді саяси сарапшылардың басын қосқан Х еуразиялық медиа форум басталды. Мерейтойлық іс-шара биыл алғаш рет Астана қаласында ұйымдастырылып отыр. Бұдан былай да форумның барлық мәжілісі Қазақстанның басты бұқаралық ақпарат құралдары қоныстанған осы «Қазмедиа» орталығында өткізіле бермек. Ұйымдастырушылары осындай ұйғарым жасапты.
Мерейтойлық алқалы жиынның ашы­луы барысында ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қатысушыларға арнаған құттық­тау хатын оқып берді. «Құрметті жиынға қатысушылар! Мерейтойлық Х Еуразия медиа форумының ашылуына орай менің құттықтауымды қабыл алыңыздар! 10 жыл ішінде Еуразия медиа форумы қазіргі за­манның мейлінше көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасатын ғаламдық ауқым­дағы бірегей сұхбат алаңына айнал­ды. Бұл – тек Қазақстан ғана емес, халық­ара­лық медиа қоғамдастықтың барлық өкілі үшін де маңызды оқиға. Әлемнің же­текші са­рап­шылары форумда XXI ғасыр­дың за­манауи сауалдарына ғаламдық тұр­ғыда зерделі жауап табады. Ақпараттың ғаламдық деңгейде қол­же­тімділігі мен жариялылығы дәуірінің бас­талуы БАҚ-қа талапты күшейтіп, олар­дың қоғам алдындағы моральдық жауап­кер­шілігін арттырады. Х Еуразия медиа форумы геосаясат пен медиа саласындағы тү­йіндерді шешу жолдарын іздестіруде журналистер, саясаткерлер және қоғам қай­раткерлерінің күш-жігерін жұмыл­ды­руға ықпал етеді деген сенімдемін» делін­ген Президент Н.Назарбаевтың құттық­та­уында.
Еуразия медиа форумы ұйымдастыру комитетінің төрайымы Д.Назарбаева  форумның ашылу салта­на­тында сөйлеген сөзінде баршамыздың алдымыздан шық­қан басты қауіп-қатер қазіргі заманғы қоғамның идеялық негіз­дері мен қазіргі заманғы әлем тәртібі сала­сында жатқанын айтты. «Дағдарыс арта түс­кен тұтыну жағдайында ескерілмеген бір­қатар проблеманы ашып берді. Құнды­лық, әділдік және мораль ендігі жерде эко­номикалық өсімнің маңызы сияқты мә­селелермен салыстырғанда екінші дәре­желі ұғым болып саналмауы тиіс», – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Осы жолғы кездесудің жөні бөлек екені сөзсіз. Бұл форум алмағайып уақытта – әлемдік қаржы дағдарысы, сан алуан әскери шиеленістер мен лаңкестік қауіп-қатерлердің аясында өтіп отыр. Сол се­бепті оған қатысушы делегаттар мәселенің мәнін ашып қана қоймай, ол проблеманың бұқаралық ақпарат құралдарында көрсе­тілу формасын да белгілеп алуы тиіс. Осы орайда лаңкестік пен экстремизм мәселе­ле­ріне арналған пікірталастарды ерекше атап өткен жөн. Бір жақсы жері, биылғы еу­ра­зиялық медиа форум барысында «дінім – ислам, кітабым – Құран» дейтін ше­телдік сарапшылар модератор болып, бүгінгі ислам мәселесіне қатысты ашық әрі әділ ой-пікірлердің айтылуына мүмкіндік жасады. Мәселен, Батыс елдерінің шиит­тер мен сүнниттер арасындағы қантөгісті тудырып, өз пайдасына іске асыруға ты­ры­сып жатқаны жайында айтқан Ресейдің Ислам комитетінің төрағасы Гейдар Дже­маль: «Иә, Батыс елдерінің шииттер мен сүн­нит­тер арасындағы қантөгісті көру ар­маны бар. Шын мәнінде, жанжал Иран мен Парсы шығанағы халықтары арасында емес, Иран мен Парсы шығанағы елдерінің монархиясына байланысты. Осындай қақты­ғыстарды тудырып, өз пайдасына іске асыруға талпынғандар оған қомақты қаржы салғанымен, арам пиғылдарына жете алмады. АҚШ  басқыншылығы ке­зін­де Иракта да мәзхаб жанжалы ушықты­рыл­са да, оған жол берілмеді. Себебі ол жер­дегі адамдар бейбіт өмір сүру шииттер мен сүнниттердің бірлігінде екенін жақсы түсінеді», – дейді. Ал «Мұра» қоры (АҚШ) жа­нындағы Ресей, Еуразия және халық­ара­лық энергетикалық саясат мәселелері бағдарламасының жетекшісі Ариэль Коуэнның ойынша, болашақта лаңкестіктің легі Орталық Азияға ауысуы әбден мүмкін. «АҚШ Ауғанстаннан кетіп жатыр. Неге? Себебі Ауғанстанның қазіргі үкіметі «Тали­банның» тегеурінді күшімен күресе алмай жатыр. Демек, лаңкестік легі Орталық Азия­ға қарай ығысуы әбден мүмкін. Қазір­дің өзінде ол бұрынғы кеңестік елдерде тұрақсыздыққа себеп болып отыр», – деп атап көрсетті А.Коуэн.
Еуразиялық медиа форумда «Еуразия үйі» халықаралық орталығының прези­денті Армен Саркисян (Ұлыбритания) Қа­зақстанның ядролық саясатта көшбасшы болуға құқығы бар деген пікір білдірді. «Қазақстанның ядролық базасы мен ядро­лық қаруы бола тұра, мемлекет одан өз еркі­мен бас тартты. Осы орайда Қазақ­станның осы бастамасы өте маңызды деп санай­мын. Сондықтан бұл елдің осы бағыттағы қадамдары айтарлықтай кең ауқымда қолдауға ие болуда», – деді ол. Иран сырт­қы істер министрінің ресми өкілі Рамин Мехманпараст өз елінің бейбіт яд­ролық бағдарламасын жүргізу құқығы рес­ми түрде құпталуы тиіс деген ой біл­дірді. «Біз Қазақстанның ядролық қару­дан бас тартудағы қадамын толығымен құп­тай­мыз. Біздіңше, барлық ел ядролық қарусыз әлем жақтасы болуы тиіс. Біз Таяу Шығыс өңірі үшін ядролық қарусыз әлем идеясын өзінің басымдығы ету ұсынысын көтердік», – деді Рамин Мехманпараст.
Рамиль ЛАТЫПОВ, Ресейдің лаңкестік қатерлер мен қақтығыстарды талдау орталығының директоры:
– Меніңше, лаңкестік – үлкен гео­саясаттағы құрал ғана. Көптен бері түр­лі мағынада түсіндіріліп жүрген «лаң­кес­тік» деген құбылыс бүгінде «адам­затқа қарсы қылмыс» деп аталып жүр. Не үшін? Әрине, белгілі бір мақсаттарға жету үшін. Сондықтан бүгінде лаңкестік белгілі бір геосаяси мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде пайдаланылып жүр деп ашық айтуға болады. Лаңкестік міндетті түрде біреуге қажет және ол бір орталықтан басқарылады.

Стивен КОУЛ, Ұлыбританияның «Аль-Джазира Инглиш» телеарнасының жүргізушісі:
– 2001 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Буштың «лаңкес­тік­ке қарсы күрес» деген сөзі пайда болды. Оның дәл осы сөзі мұсылман әле­мінде көптеген қақтығысқа себеп болды. Ауғанстан, Ирак және тағы бас­қа ислам елдерінде болған «бейбіт» мис­сиялар­дың бітіргені шамалы. Кері­сінше, кедей­шілік кең етек жайып, эко­но­ми­калық құлдырауға тап болдық. Негізі, лаңкес­тікке қарсы соғысуға бол­майды, себебі «лаңкестік» – абстрак­ция­лы ұғым.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста