Лаңкестікке қарсы тұрудың біртұтас идеологиялық жүйесі керек
«Нұр Отан» ХДП орталық аппаратында кеше ерекше жиын өз жұмысын бастады. «Терроризм: оған қарсы тұру мәселелері» атты тақырыптағы халықаралық тәжірибелік конференция екі күн бойы бүгінгі әлем елдерін алаңдататын экстремизммен күрес мәселелерін қаузамақшы. Жиын мақсаты – халықаралық қатерге айналған терроризмге қарсы жамағатты жұмған жұдырықтай үйлестіру. Осының жолдарын саралау.
«Нұр Отан» ХДП мен ҚР Бас әскери прокуратурасы мұрындық болып, Қазақстанның әскери-спорт клубтары федерациясы, Қазақстанның жауынгерлік өнер республикалық одағының қолдау жасауымен өткізілген халықаралық мәжілістің берері де, оған қатысушы шетелдік әм отандық сарапшылардың жиыннан алары да зор болмақ. Оның үстіне терроризмге қарсы тұрудың тиімді тетіктерін қалыптастыру және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ секілді мемлекетаралық ұйымдардың шешімдерін іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады. Ал осы мақсаттарды қаузайтын екі күндік шараның қамту ауқымы да кең.
Конференция барысында сарапшылардың келтірген зерттеулеріне қарағанда, терроризммен күресте ең алдымен әлеуметтік проблемаларды шешкен ләзім. Түрлі халықтар арасындағы қарым-қатынас проблемаларына уақтылы назар аударып, тиісті жағдайда оң шешім қабылдаған жөн. Ал, ең бастысы, бүгінгі жаһандық қалыпты ескере отырып, терроризмге қарсы тұрудың идеологиялық жүйесін құрған абзалырақ. Бұл үшін мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының үйлестірілген күші біріге жұмылса игі. Жиын барысында сөз сөйлеген «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы да осындай түйінді мәселелерге кеңінен тоқталған еді. Партия хатшысы ең алдымен соңғы жылдарда орын алған оқиғалардың ислам мен батыс арасында түсінбеушілікті одан сайын күшейтіп жібергенін, ал мұндай жағдайды экстремистер кеңінен пайдаланып отырғанын алға тартады. Ал қарым-қатынастардың бұдан әрі ушығуына жол бермеуге тек халықаралық қауымдастықтың жұмылған күші арқылы ғана жетуге болады. Есте болса, ИЫҰ сыртқы істер министрлерінің Астанадағы сессиясы барысында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның дәл осы ұстанымды жақтайтынын жариялаған еді. Сонда ғана терроризмнің нағыз бет-бейнесі ашылып, онымен күрес те айқындала түсетін еді. «Дегенмен соңғы 10 жылда терроризм біршама өзгеріске енді: оның жаһандануы белең алып, лаңкестік қатердің қауіп деңгейі артты. Терроризм халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін басты факторға айналды. Лаңкестік қоқан-лоқымен бүгінгі таңда барлық дерлік мемлекеттер, тіпті бұл құбылыстың ошағынан жырақта орналасқан елдер де қақтығысып жатыр. Ал терроризмнің идеологиясы діни сауаты төмен жұрт арасына, қоғамның өткір әлеуметтік проблемаларына қарай жылжып барады. Терроризм сепаратистер мен әсіреұлтшылдардан да белгілі бір деңгейде қолдау тауып отыр. Ал ақпараттық желі радикалдық ағымдардың әсер ету майданына айналуда. Бұл әсіресе жастар арасындағы дүниетанымға айтарлықтай кері ықпал етуде», – деді Қ.Сатыбалдыұлы. Бұл ретте партия хатшысы ең алдымен террористік құбылыстың даму заңдылығын, оның себебі мен шарттарын зерттеу керектігін алға тартады. Оның пайымынша, лаңкестер тек мемлекеттің күшті соққысынан ғана емес, ұйымдасқан сауатты, діни білімі жетік азаматтық қоғамнан да тойтарыс алады. Ендеше, бұл бағытта терроризмге қарсы профилактикалық ықпал ету шараларын кеңейтудің маңызы айтарлықтай болатынын да еске салды Қайрат Сатыбалдыұлы.
Терроризмге қарсы ең үлкен қару – Құран мәтіндерін дұрыс түсіндіру
Жиын барысында сөз алған Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Құранды орыс тіліне аударған атақты аудармашы Иман Валерия Порохова ең алдымен «ислам экстремизмі» атауынан, жөн-жосықсыз телінген тіркестен қашудың маңыздылығын ашып көрсетті. «Мен әскери адам да, мемлекет қайраткері де емеспін. Сондықтан да терроризм уәжі үшін жиі қосақталатын мәселе туралы айтсам деп едім. Бұл – ислам. «Ислам» атауының өзі – бейбітшілікті, тыныштық пен қауіпсіздікті білдіреді. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары «ислам терроризмі» деп жазса, бұл «бейбіт, тыныш, қауіпсіз терроризм» дегенді білдіріп тұрған жоқ па?! Ал БАҚ «ислам экстремизмі» дегенді қолданар алдында олар бір мәселені білуі, сосын ойлануы керек. Құранда «біз сендерді ұстамды етіп жараттық» (мұсылмандар туралы – авт.) деп жазылады. Яғни «ислам экстремистері» дегеніміз «ұстамды экстремистер» болып шықпай ма?! Сондықтан да ең алдымен БАҚ мұншалықты филологиялық «былық-шылықтан» ада болуы шарт. БАҚ-қа қандай жағдай болсын арсыз түрде «ислам терроризмі», «ислам экстремизмі» деген сөз тіркесіне жол бермеу туралы шарт қою керек деп білемін», – деді В.Порохова. Иман Валерия терроризм мәселесіне үңіле отырып, күресті қалай және неден бастау керек деген проблемалардың қырына да көз жүгіртті. «Терроризм туралы айтқанда, ең алдымен, терроризмнің мотивациясы туралы ойлап, соны айқындаған ләзім. Содан соң барып мұны жасап шығарған және оны тәжірибеде қолданып жүрген адамдарды табу керек. Яғни міндетті түрде мұның кімге тиімді екендігін білгеніміз жөн. Міне, осыны білу – біздің басты міндетіміз. Ал қалғаны құқық қорғаушылар мен күш құрылымдарының шаруасы», – дейді В.Порохова. Екіншіден, қандай да бір лаңкестік пиғылдағы ағым пайда болса, оған ең алдымен аудитория қажет болады. Сондықтан да мұндай аудиторияны болдырмаудың амалына қарай жұмыс істеу ләзім. Ал ондай аудиторияны болдырмаудың жолы – сауатты діни білім. Бұл ретте өзінің бір сөзінде «Құран мәтіні – ешқандай мәтінмен салыстыруға келмейтін шедевр», – деп айтқан академик В.Порохова халықтың діни сауатын көтерудің аса маңызды екендігін алға тартады. Әйтсе де ең бірінші кезекте Құран мәтінін дұрыс түсінген ләзім. «Алланың сөзін өңірлер бойынша жіктеуге, талдауға еш болмайды. Мәселен, Сауд Арабиясында Құран сөздерін бір бөлек, Араб Әмірліктерінде одан басқа, Сирия, Иордания мен Ливанда тағы бір бөлек, Мағрипте және басқаша талдамау шарт. Сол үшін бізге Құран мәтіндерін толық түсініп, білу қажет. Бұл тұрғыдан алғанда терроризмге қарсы ең үлкен қару – Құран мәтіндерін дұрыс білу дер едім. Лаңкестік актіні жасап, адам өлтіруші – мұсылман да, иудей де, христиан да емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Жазықсыз жанның қанын төккен адам бізден емес» деп айтқан. Сондықтан да ислам дініндегі адамға басқа елдің территориясында соғысуға еш рұқсат жоқ. Мұсылман адам өз еліне басқыншылық жасағандарға ғана қарсы соғыса алады. Яғни исламда басқыншылық акциясы болған жағдайда ғана соғысуға рұқсат беріледі», – деді В. Порохова. Бұдан бөлек, шара барысында сөз алған шешендер терроризмнің алдын алу шаралары бойынша тиімділікті арттыру үшін жастар саясатына мән беруді, бұл бағытта ыңғайлы халықаралық жүйе құруды нысанаға ала сөйледі. Этно-конфессиялық экстремизмнің негізін жою, жастарды толеранттық рухта тәрбиелеуге баса мән беруге тоқталғандар болды. Ең бастысы, терроризмге қарсы идеологиялық күресті жариялап қана қоймай, оны түгел қоғамға сіңіру, осы бағытта халықтың түрлі әлеуметтік топтарына ілгері ықпал жасау мәселелері талқыға түсті. Жиын қорытындысына сәйкес, қатысушылар арнайы қарар қабылдауды да жоспарлап отыр.
Иман Валерия ПОРОХОВА, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Құранды орыс тіліне аударған тәржімашы:
– Мен Қазақстанда экстремизмнің ерекше қатерін көріп тұрған жоқпын. Менің ойымша, қазақ халқы ақылды, ұстамды әрі білімді. Дегенмен көтерілген мәселе бойынша Қазақстанға қатысты айтсақ, бұл бағытта не жетіңкіремейді? Ең бастысы, жоғары діни білім жетіңкіремейді. Құрандағы таза исламды сауатты уағыздайтын, бұған бөтен дәстүрлерді енгізбей дәріптейтін ауқымды, қуатты, білімді құрылым керек. Мұны түсіну керек. Түсінетін уақыт та жетті.
Қайрат САТЫБАЛДЫҰЛЫ, «Нұр Отан» ХДП хатшысы:
– Идеологияны қарумен жеңу мүмкін емес. Идеологияны жеңу үшін одан да қуатты идеология керек. Кеңес Одағы дінге қарсы күресті, оның басты қателігі де сол болды. Партияның рөлін арттыру үшін діни бәсекелестік керек емес еді. Сондықтан да дінді жою арқылы Кеңес Одағы өзіне ор қазып, соған құлады. Ал бүгінгі біздің жағдайымызда еліміз үшін маңызды міндет – жұртшылыққа діни сауат беру, оның сауаттылығын көтеру. Бұл үдерістің мәнін терең түсінгендіктен де елімізде Дін істері жөніндегі агенттік құрылды.
Ерғали МЕРЗАДИНОВ, ҚР бас әскери прокуроры:
– Экстремизммен күресте ең алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуетін пайдаланған орынды. Дәл осы теңдессіз институт діни толеранттыққа, барлық этностар арасындағы достықтың нығаюына жәрдем береді. Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатын да кеңінен пайдаланған абзал. Осы бағытта біз экстремистік әрекеттерді насихаттап, жүзеге асырып жүргендердің тізімін қамтитын халықаралық ақпараттық мәліметтер банкін құруды ұсынамыз. Біздің ойымызша, ақпараттық банкті пайдалану экстремистік идеологияны тасымалдаушы элементтердің басқа елдерге ауысу жолын кеседі.