Латын әліпбиі қазақ тілінің қаймағын сақтай ма?

Латын әліпбиі қазақ тілінің қаймағын сақтай ма?

Латын әліпбиіне көшу мәселесі алғаш 1990 жылы көтерілген болатын. Содан бері тіл мамандары, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, түрлі БАҚ өкілдері бұл тақырыпты жиі көтеріп жүр. Мемлекет басшысының өзі де қолдау білдірген бұл бастаманың неден тежеліс көріп отырғаны белгісіз. Болжамдары биліктен үш ай алда жүретін және онысы дәл келетін Ермұхамет Ертісбаевтың латын әліпбиінің ерте ме, кеш пе енетінін айтқаны бар еді. 70 жыл кириллицамен жазып келген қауымды бір сәтте латынға көшіріп жіберуге болмайды деп жүріп те, талай жылды өткізіп жібердік. 900 жыл бойы араб әрпін қолданып келген қазақты кириллицаға ауыстыру да мұндай қиындық тудырмап еді. Бәлкім, кирилл әрпінен бас тартуға оңайлықпен көне қоймайтын орыстілді қауымның көңіліне қарап отырған шығармыз. Себебі латынға көшкен жағдайда тек қазақ тілі ғана емес, Қазақстандағы орыс тілінің де болмысы латынша таңбаланатын болады.
Кеше Мәжілістегі Үкімет сағаты бары­сын­­да әріптің мәселесі тағы сөз болды. Де­путат Айгүл Соловьеваның осыған қа­тысты са­уа­лы­на министр Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Жеке басым латынға көшуді қолдаймын, бірақ мен соңғы инстанция емеспін», – дегенді ай­тып, бұл мәселенің шешімі өз қолында емес екенін жеткізді. Министрдің айтуынша, латын әліп­песі қазақ тіліне ең үнемді құрал болар еді: «Қазір қазақша алфавитте 42 әріп бар, орыс­тарда – 33, арабшада 28 әріп бол­­са, латын­ды игерсек, бар болғаны 25-26 әріп болар еді».
Ресми органдар кирилл жазуына деген қимастықтан арыла алмай отырғанда ғалам­­тор мен ұялы байланыстың жазарман­дары, әсі­ресе жас буын өкілдері латын әліп­биіне әл­деқашан өтіп кеткен. SMS-пен хат алмасу­шы халық көбіне осы латын әліпбиін қолда­нады. Сонымен қатар ресми мекеме­лер­ден бұрын қимылдап, латын әліпбиінің құтты қадамын жылдамдатуға елден бұрын еңбек сіңіріп жатқан баспасөз құралдары да пайда бола бастады. Шет­елдегі қазақтар латын әріпте­рімен қазақша ақпарат тарататын «Жас қазақ үні» газеті мен «Қазақпарат», Masa.kz сайттары арқы­лы ел тынысымен танысып жатыр. Атал­ған сайттардың оқырмандары арқылы латын әліпбиіне деген сұраныстың бар екенін бай­қауға болады.
Жүзден жүйрігі қайсысы?
Өкінішті жері, бұқаралық қолданыстағы латын­ша әріптер жүйесіз көріністе дамып жа­­т­ыр. Қазақша латын әріптерінің мем­ле­кет­тік ортақ стандарты белгіленбегендік­тен, ғалам­тор мен ұялы байланыстағы хабар алмасу­ларда әркім өз ойынша, өз «диа­лектісімен», өз «жа­ңа­лықтарымен» жазады. Тіл маман­дары латын әліппесінің ортақ үлгісін оңайлықпен қалыптастыра алмайтын сияқты. А.Байтұр­сынов атындағы тілдер институты­ның маманы Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, қазір қазақ тіліне арналған латын әліпбиінің 100-ге жуық нұсқасы пай­да болды. Онсыз да бұл мәселені созғыштап жүрген құзырлы органдар үшін 100 нұс­қадан біреуін ғана таңдап алу оңай бола қоймас.
Білім министрлігінің мамандары латын әрпіне көшудің «ғылыми негізделген» жолын ұсынады. Сол бойынша, алғашқы кезең, 2007-2012 жылдар – шетелдік тәжіри­бені зерттеуге, 2012-2014 жылдар – алфа­вит­ті қалып­тастырып, компьютермен жарақ­тан­­дыру­ға, 2015-2017 жылдар – оқу­лық жа­зып, оны енгізуге және оның ар жағын­дағы уақыт әдебиеттерді аударуға жұмсалуы тиіс екен.
Әліпби ауыстырсақ, сингармонизм заңдылығы сақтала ма?
Жалпы, латын әліпбиінің енуімен қатар қазақ тіліне бірқатар реформа жасалу қажет екенін тіл мамандары көптен айтып жүр. Бізге дәріс оқыған фонетик ғалым, марқұм Сапархан Мырзабек бір кездегі Алаш азаматтары, Абай заманының адам­дары тіріліп келсе, бізбен түсінісу оңай болмасын айтушы еді. Себебі табиғаты бөлек кирилл алфавиті қазақтың дыбысын, сөзін, керек десеңіз, акустикасы мен сөйлеу аппараттарын, тіл мен жақ, сол арқылы бет пішініне дейін өзгертіп жібергені ғылыми тұрғыдан дәлелденіп жатыр. Фонетик ғалы­м қазақ тілінің табиғаты үнемділікті сүйетінін, алайда қазіргі кезде сол сингармонизм заңдылы­ғы­ның бұзылғанын жиі айтатын. Қарап отырсақ, кирилл алфавиті бойынша 42 әріп болса да сөздердің қазақы дыбысталуы толық жүзеге аса алмайды. Бір ғана мысал, қазақтың сөздерінде алғашқы буында кездескен еріндік дауыстылар сөздің соңына дейін, керек десеңіз, келесі сөздер­ге де ықпалын көрсетіп, жалғасып отырған. Мы­са­лы «жүрек», «дүкен», «өмір», «көңілім», «кө­лем­­ді» деген сөздер таза қазақы дыбысталса: «жү­рөк», «өмүр», «дүкөн», «көңүлүм», «көлөмдү» болуы керек. Бұл – бір ғана еріндік дауыстыларға қатысты дыбыстық ықпалдың түрі. Мұндай үнемділік заңдылығы қатаң сақталған тілде сөйлеуші адам оңайлықпен шаршамайды. Себебі сөйлеуші аппараттар, тіл мен жақ әлдеқайда аз қимылға ұшырайды. Қысқасы, бәрі де есептеулі. Осы жерден тағы бір сұрақ туындайды: алдағы болашақта шенеуніктер уәде еткендей, латын әліппесіне көшетін болсақ, қазақ тілінің осы табиғи ерекшеліктері ескеріле ме? Ескерілмейтін болса, кирилл әріптерінің 70-80 жылдық зардабы ары қарай да жалғаса бермек. Яғни тіл мен жақ, үн мен сөз – ары қарайда өзгерістер мен ауытқу­ларға ұшырай береді деген сөз. Бұлай болмасын десек, сөздер қалай дыбысталуы қажет болса, солай таңбалануы тиіс. Мұндай тілдік тәртіпті енгізудің ұрымтал тұсы – осы латын әліпбиінің жаңа үлгісін енгізу сәті.
Айналып келгенде, толғауы тоқсан қызыл тілдің мәселесі де саясатқа тіреледі. Әйтпесе, Ресейдің қол астындағы татарлар Кремльдің қытығына тиіп латынға көшеміз деп даурықпас еді. Молдовандар «румын бауырларымызға оралудың бірден-бір жолы – латынға көшу» деп шешім шығармас еді. Латын әліпбиі түркі әлемінің ортақтығына апаратын ізгі бастамалардың бірі екені онсыз да айтылып жүр. 200 миллионды құрайтын түркітілді аудитория аз көрсеткіш емес. Қысқасы, кеңестік ностальгиядан арыла алмай, жалғыз қалып бара жатқан сияқтымыз. Өзбек пен түрікмен, әзірбайжандар латыншаға он жыл бұрын өтіп кетті. Татар анау: Мәскеудің қол астын­да жатып та бұлқынып жатыр. Ал іргедегі қырғыз бауырларымыз латынға көшу-көшпеу мәселесінде тек қазақтарға қарап отыр десек те болады. Қазақ тәуекел етсе, қырғыз да артынан еретіні сөзсіз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста