М. Шоқай туралы тарихи ақиқатқа баға берілер мезгіл жетті
Тәуелсіздік алғалы бері толық зерттеліп, тұлғасы кейінгі ұрпақ үшін терең танылып болмаған ұлт кемеңгерінің бірі Мұстафа Шоқай. Келесі жылы алаш арысының туғанына 125 жыл толады. Осындай елеулі мерейтой кезеңінде отырып, ұлт мұраты үшін күреске түскен, күллі түркі жұртшылығының бірлігі жолында басын тіккен Мұстафа Шоқайды толығымен тануға ұмтылмау бүгінгі ұрпаққа сын емес пе? Дәл осы мәселені бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы көтеріп, Үкімет басшысының атына үшбу хат жолдаған болатын. «Алаш айнасы» интернет-газеті де халық қалаулысы көтерген осы мәселеге толық қолдау білдіреді.
«Қазақ елінің ұлттық азаттығы жолында бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен, сол үшін тағдыры кешегі кеңестік саясаттың талқысы мен талауына түскен ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына алдағы жылы 125 жыл толады.Ұзақ жылдар бойы Мұстафа Шоқай есімі қараланып келгені белгілі. Еліміз тәуелсіздік алып, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылған шақта Мұстафа Шоқай жайында шындық пен ақиқат айтылып, жазыла бастады. Халқымыздың санасында сақталып келген еліміздің көрнекті тұлғасының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында соңғы жылдары көптеген игі шаралар атқарылып келеді. Алайда М. Шоқай алдындағы бүгінгі ұрпақ мойнындағы парыз түгел атқарылып болды деуге әлі ертерек», – дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Оның сөзіне қарағанда, тұтастай түркі әлеміне танымал тұлғаның есімін елімізде насихаттау, дәріптеу, есте қалдыру, жас ұрпақтың санасына сіңіру секілді шаралар әлі де жеткіліксіз.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
–Егер алаштың көрнекті қайраткерінің ел тәуелсіздігіне ұмтылысы жолындағы күрескерлік тұлғасы кеңінен насихатталар болса, егер мемлекет тарапынан осынау ұлы тұлғаларға өз тарапынан тиісті деңгейде қамқорлық жасалып жатса, онда белгілі қаламгер Қасымхан Бегманов түсірген «Мұстафа Шоқай» деректі фильмінің тұсаукесері өткеннен кейін, Өскемен қаласында шығып тұрған «Flash!» газетінде көрнекті туындының тұтастай идеясына қарсы болған, тіпті кеңестік саясаттың үрдісімен «сатқын» деп негізсіз жаламен ғайбаттаған мақалалар жарияланар ма еді?
Жұртшылыққа белгілі, халқымыздың ұлы тұлғасына жала жабылып, М. Шоқай негізсіз қорланып жатқан тұста, қаламгер Бегманов сотқа жүгінді. Соған қарамастан Өскемен қалалық соты да Мұстафа Шоқайды қаралаған негізсіз үкім шығарды. Бұл да ұмытыла қойған емес. Бүкіл елді дүрліктірген соттың бұл үкімін тек кейіннен облыстық сот қана жоққа шағарған болатын. «Бұл жайт, Мұстафа Шоқайдай ғазиз тұлға жайлы біздің қоғамда теріс, түбірімен қате түсінікте жүрген адамдардың аз емес екендігін анық көрсетті. «Елім» деп еңіреп өткен арысымыз жайлы нендей ғайбат сөздер айтылып, жазылмады дейсіз? Егерде Мұстафа Шоқай есімімен облыс орталықтарында көшелер аталып жатса, Астана мен Алматы қалаларында, басқа да ірі қалаларымызда ескерткіштері тұрса, ұлт қайраткеріне кім көрінген соқтығыса бермес еді. Сондықтан да, Мұстафа Шоқай жайындағы тарихи ақиқатқа мемлекет тарапынан тұжырымды пікір айтылар, баға берілер мезгіл жетті деп білеміз», – дейді сенатор. Ал мұндай пікір қалай айтылады? Сенатордың айтуынша, мұндай пікірді білдіру үшін ең алдымен өз кезегінде Мұстафа Шоқай оқыған, тұрған, болған, жалпы оның еңбегімен жақын таныс басқа да мемлекеттің тарихшыларымен саясаттанушыларын Астана қаласына шақырып, халықаралық деңгейде үлкен ғылыми конференция өткізілсе игі. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде М. Шоқайдың барлық кітаптарын кітап етіп басып шығаруды қолға алынғаны да жөн.
«Мәңгілік ел болуды мұрат қылып отырған бүгінгі ұрпақ – біз, өзінің бар саналы ғұмырын, күші мен жігерін түркі халықтарының азаттығы мен тәуелсіздігіне арнап, сол жолда өз өмірін пида қылған Мұстафа Шоқай алдындағы өз парызымызды өтейтін кез де, кезең де келіп жеткенін ұғынсақ етті», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Орынды мәселе. Алаш айнасы газеті де осыны қолдай отырып, ұлт кемеңгерлері мен алаш арыстары жайында Елбасы Н. Назарбаевтың айтқан пікірін ортаға салады. «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да, халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген», – дейді Мемлекет басшысы. Мұстафа Шоқай - дәл сондай тұлғалардың бірі.