Маған саясатты жүргізгеннен саясатты орындау жақын

Маған саясатты жүргізгеннен саясатты орындау жақын

Ерлан Арын, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Ерлан мырза, сіз оқу орнын басқарып қана қоймай, қоғамдық істермен де етене араласып жүрсіз. Бірнеше жұмысты қатар алып жүру қиындық етпей ме?
– Қиын емес. Ректордың міндеті бір ка­бинет төңірегіне шектеп, қамалып отыру де­ген – қате түсінік. Керісінше, қоғамдық қызу жұмыстардың ұйытқысы болып, Ел­ба­сымыздың алдымызға қойған міндет­терін, тапсырмаларын орындау арқылы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, ру­хани-мәдени сұранысын қамту зор рух беріп, келешек істеріме жетелейді. Жас ке­зімде көз көрген «ректор» деген азамат­тардың тұлғалық қасиеттері жоғары бо­латын. Мәселен, Мәлік Ғабдуллин, Өмір­­бек Жолдасбеков, Евней Бөкетов, Мұхтар Арынов, Мырзатай Жолдасбеков, Кен­жеғали Сағадиев, Көпжасар Нәрібаев, Жүнісбек Жұмабековтер сол кездегі әлеу­меттің сүйеніші бола білді. Олар уни­верситет ісімен ғана шектелмей, елдің жүгін мойынсымай арқалап, ұлттың мүд­десі үшін зор жауапкершілікпен қалтқысыз үлкен қуат-күшімен қызмет атқарды. Ота­нымызда жақсы өзгерістер болып жатқанда тып-тыныш кабинетте қалай отырасың? Тіл, тарих, мәдениет мәсе­ле­леріне атсалысу азаматтық парызым, борышым деп біле­мін. Сондықтан да қашанда әлеуметтің рухани сұранысына қажетті мәдени шара­лардың ортасында табылуға тырысамын.
– Қазір сондай-ақ Павлодар облыстық мәслихатының депутатысыз. Жалпы, болашақта үлкен саясатқа араласу ойыңызда бар ма?
– Жоқ. Облыстық мәслихаттағы жұмы­сым жаныма жақын. Министрліктегі тәжі­рибемді білім, денсаулық, мәдениет сала­сын өркендету, дамыту жолында іске асыру үшін барынша аянбай еңбек ете беруге дайынмын. Ұлтжанды азамат ре­тін­де халықтың рухани һәм мәдени өсуіне ат­салысып, пайдамды тигізе аламын деп бі­ле­мін. Үлкен саясатқа араласу жос­па­рым­да жоқ. Жоғары оқу орнының бас­шы­сы болу мен үшін әлдеқайда маңыз­ды­рақ.
– Қолыңыздан іс келеді. Неге үлкен саясатта бағыңызды сынап көрмеске?
– Бұл жердегі мәселе саясатқа қай қырынан баға бергенде деп ойлаймын.
Маған саясатты жүргізгеннен гөрі сая­сатты орындау жақын. Елбасының Қазақ­стан халқына дәстүрлі Жолдауы кезінде тың тапсырмалары мен жүктеген міндет­терін, мақсат тұтқан жоспарларының жо­ға­ры деңгейде орындалуына атсалысып, үлес қосқанның өзі – үлкен мәртебе. Халық се­ні­мінен шығу – барлық атақтан қымбат. Шындығында, маған сая­саткер де­геннен гөрі мемлекетшіл, ұлт­жанды деген ұғым­дар жа­ныма жақынырақ десем болады.
– Қандай да бір партияға мүшесіз бе?
– «Нұр Отан» халықтық де­мо­кра­­­тиялық партиясының мү­ше­сі­мін.
– Билік партиясының перспективті мүшелерінің бірісіз. Егер сізге билік тарапынан үлкен қызметтер ұсынылып жатса, барасыз ба?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, мен жоғары білім ордасының бас­шысы болып табыламын. Осы­дан ас­қан міндет жоқ деп бі­ле­мін. Рек­тор қызметі – қызығы мен қиын­­шы­лығы мол үлкен жұмыс. Екін­ші­ден, әке жолында қызмет ат­қа­рудамын. Ол маған өте ыстық. Үшін­­шіден, рек­тор қыз­метінің ұтым­ды ұйым­дастыру ба­рысында ер­теңгі болашақ ұр­паққа терең, ма­ғыналы білім бе­ріп, ғылымды мең­геруіне жағдай жа­сайтын жұ­мыс нәтижесі. Сон­дықтан жа­уап­­кершілікпен ректор қыз­метін ат­қара бе­ру жолында жа­лық­­пай­мын.
– Әкеңіз Мұхтар Арынды танымайтын ел кемде-кем. Ол кісі пе­дагог бола жүріп ұлтқа қызмет етті. Байқап қарасақ, сіз де әкеңіздің сара жолымен келе жатырсыз. Бұл кездейсоқтық па, әлде әке жолын қуу басты мақсатыңыз болды ма?
– Кездейсоқтық емес. Бұл әке қанымен қалыптасқан қасиет болса керек. Мұхаңның жолымен рухани мәселелер тұрғысынан Керекуде жақсы істер атқару – парызым. Әр­да­йым рухани-мәдени игі ша­ра­лардың басы-қасында болып, игі іс­тер­дің ұйытқысы болғанға не жетсін?!
– Сіз мешітке жиі барып тұрады екенсіз. Мұсылмандықтың парыздарын өтеп жүрсіз бе?
– Бала кезімізден, Кеңес билігі тұсында да отбасымызбен Аллаға сенеміз, аруақты сыйлаймыз. Кезінде әкем «Бес анық» жинағына тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекен мә­селелерін өзек еткен болатын. Осы құнды ойларды қылышынан қан тамған кеңес заманында жадымызға сіңіріп, ұлттық бес құн­дылыққа берік болуымызды талап ете­тін. Міне, осы тәрбиеден ата дінімізді берік ұста­нып т.б. құндылықтарды бойы­мыз­ға сіңірдік. Иманы бар әр адамның кө­кірек көзі ашылып, рухани дүниесі өзгереді, өмі­рі мағыналы болады. Иман – тәрбиенің кө­зі десек те болады. Менің ойымша, ғы­лым қателесуі мүмкін, ал ислам діні қате­лес­пейді.
– Сіз – егіздің сыңарысыз. Сізді Нұрлан ағамен шатастырып алатын оқиғалар болып тұра ма? Қызықты оқиғаларды айтып берсеңіз...
– Бұрын болып тұратын. Бала кезімізде, студенттік кездерде қызықты сәттер болатын. Сыңарым Нұрлан екеумізді бала күнімізде ешкім ажырата алмаушы еді. Бір күні география сабағына дайын­далмай бардым. Нұрлан дайындалды. Пән мұ­ғалімі – соғыс ардагері. Қалың шынылы кө­зілдірік тағады. «Бүгін мына егіз Ерлан мен Нұрланды тың­дайықшы, – деді, – бі­рін­ші Ерланды тың­дайық». Менде үн жоқ. Нұрлан сол кезде ер­лік жасап, менің сабаққа дайындал­ма­ға­нымды біліп, тақ­таға шығып, жақсылап тұ­рып сабақ айтты. Мұғалім риза болып, «Енді мынау егізін өкпелетіп алмайын, екіншісін де тыңдайық. Нұрлан, кел», – деді. Мен түк білмеймін, солай Нұрлан мен үшін екі ал­ған. Екеуміз бірінші рет өмірімізде егіздігімізді пайда­ланамыз деп аузымыз күйді, содан кейін бірде-бір рет мұндай іске бет бұрған жоқпыз. Қазір өмірдің түрлі сатыларынан өтіп, жас ұлғайғандықтан, бет-әлпетіміз өз­герді. Десек те, кейде бауырым Нұрлан­ның дауысына келтіріп, анама телефон соққанда, мені шын Нұрлан екен деп сеніп қалады.
 – Жұмыстан қолыңыз қалт еткенде айналысатын хоббиіңіз не?
– Әдеби кітаптар оқу. Мәселен, Мұқаңның «Абай жолы» роман-эпопеясын, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин және т.б. клас­сиктердің туындыларын оқығанды ұна­тамын. Үйдегі кітапханамды бірнеше рет қолға алып оқитын қызықты, құнды кітап­тармен толықтырып отырамын. Студент­­теріме де соны үнемі насихат­таймын. Үйде көбінесе балалармен ойна­ған­ды, бірге кітап оқығанды сүйікті ісіме айналдырдым. Уақытым болса, аңға шығып, дала сахара­сында серуендеймін. Бәрінен бұрын ескінің көзін көрген ғибратты, тағылымы мол қарт­тармен дидарласып әңгіме­лесуден, сұх­баттасудан уақыт аямаймын, ұйып тың­даудан әсте жалықпаймын. Бір өкініш­тісі, мұн­дай адамдардың уақыт өткен са­йын аза­йып бара жатқандығы.
– Өнерге жақындығыңыз бар ма?
– Домбыра тартамын. Бас редакторы ретінде өнер туралы «Қазақ энцикл­о­пе­диясын» жарыққа шығардық. Универ­ситет қабырғасында Студенттік филар­мония аштық. Қаламыздағы Ж.Аймауытов атын­дағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының тұрақты көрерменімін. Сондай-ақ студент жастардың қазақ театрына жиі баруларын жолға қойдық. Біз бұл үшін театр билетін алып, студент­термен бірге ба­рып, рухани азық аламыз.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Жолдасым – ғылым адамы. Ризат Сан­сызбайқызы – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, саяси ғылым­дар докторы, профессор. Бір­неше құнды кітаптардың авторы. Рабиға, Қыр­мызы атты қыздарым бар. Кереку жерінде он жылдан астам уақыт тұрып жатыр­мыз. Ал­матыда Нұрекеңнің қолында анам тұ­рады. Әулетімізде Нұрекең екеуміз 50-ге тол­май үлкені болып отырмыз. Біздің әу­летте төрт ұрпақ аталарын көрмеген. Бұл ба­қытты біздің балаларымыз көрсе дейміз, шір­кін!
– Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста