Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қандай болмақ?
Жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасын бекіту туралы № 119 Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлықтың орындалуын бақылау ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктелді. 2011-2015 жылдары үш кезеңге жоспарланған тұжырымдаманың мазмұнына сәйкес, мемлекеттік қызмет «ұлтқа (қоғамға) қызмет ету» ұғымының синонимі болуға және мемлекеттік қызметтерді тұтынушы болып табылатын халыққа бағытталуға тиіс.
Мемлекеттік қызметте меритократия үстемдік құрса игі
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасында көрсетілгендей, «меритократия, тиімділік, нәтижелілік, транспаренттік және қоғамға есептілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесін кәсібилендіру мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің аса маңызды факторы» делінген. Бұл жерде меритократия деген не? Меритократия – лайықтылар немесе еңбегі сіңгендер билігі [лат. meritus – лайықты, грек, kratos – билік] – басқарушы қызметтерде әлеуметтік тегіне, қаржылық жағдайына қарамастан, ерекше қабілетті адамдардың билігі деген мағынаны береді. Меритократияның мәні – «әркімге еңбегіне қарай» деген әділетті қағида бойынша мемлекет басында таза бәсекелестік ортадан суырылып шыққан ең іскер, ақылды, өз саласында беделді, қабілетті, лайықты адамдар шоғыры тұруы керек дегенге саяды. Сарапшылар осы меритократиялық принцип АҚШ-тың басқару жүйесінде барынша көрініс тапқан деп санайды. Халықаралық практикада мемлекеттік қызметке кіру конкурстық негізде жүзеге асырылады, онда меритократия қағидаты, яғни жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау негізгі қағидат болып табылады. Демек, тұжырымдамада меритократияға, яғни қабілеттілер біліктілігіне сенім артылуы – жақсы нышан, тың жаңалық. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасы 1995 жылы қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның аясында «ақ жағалылардың» жұмысына жаңаша мазмұн бермек. Мемлекеттік қызметте күрмеуі қиын мәселе көп: бюрократия, сыбайлас жемқорлық, тамыр-таныстық, құпиялылық, есепсіздік, жауапсыздық, кадрлық әлеуеттің төмендігі, қайшылығы көп «командалық жүйе», кәсіби этиканың сақталмауы, жауапты хатшылардың тұрақсыздығы, тәртіптік кеңестердің әлсіздігі т.б. айтып тауыса алмайсыз. Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жеке сектормен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, 2011 жылғы 1 сәуірдегі статистикалық деректерге сәйкес, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі орташа жалақы 69 027 теңгені құрайды, ал құрылыс саласындағы орташа жалақы – 101 500 теңгені, тау-кен өнеркәсібінде – 133 309 теңгені, қаржы және сақтандыру қызметінде 148 680 теңгені құрап отыр.
Жаңа модельдің мақсаты не?
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделін қалыптастыру үшін «Қазақстан – 2030» стратегиясында айқындалған мемлекеттік қызметті дамытудың басымдықтары: «кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйесін жақсарту»; «мемлекеттік қызмет – ұлтқа қызмет ету»; «мемлекеттік қызметтің жоғары абыройын қалыптастыру және қолдау» тұжырымдамада негізге алынған. Жаңа модельдің мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі тиімді кадр саясаты және адами капиталды басқару жүйесін жетілдіру; мемлекеттік қызметтер көрсетудің жоғары сапасы және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін көтеру; мемлекеттік қызметшілердің оң имиджі және мінез-құлық этикасы мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру болып табылады.
Шенеуніктердің үш корпусы: саяси қызметші, «А» және «Б»
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде үш корпустық вертикаль: мемлекеттік саяси қызметшілер, «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық корпусы айқын көрініс тауып, 2012 жылға қарай осы корпустың негізінде мемлекеттік лауазымдардың жаңа тізілімі бекітілмек. Алдымен мемлекеттік саяси қызметшілер корпусына мемлекеттік саясатты қалыптастыратын, мемлекеттік басқару саласына (аясына) басшылық етуді жүзеге асыратын, тиісті саладағы мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын қызметшілер, сондай-ақ тағайындалуы саяси-шешуші сипатқа ие қызметшілер енгізіледі. Бұл корпусқа: орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың бірінші басшылары, олардың орынбасарлары, облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкімдері және олардың орынбасарлары, сондай-ақ тізбесін ҚР Президенті айқындайтын басқа да мемлекеттік лауазымдар енгізілетін болады. Сондай-ақ жаңа модельде мемлекеттік әкімшілік қызмет құрылымында мемлекеттік саяси қызметшілер қалыптастыратын саясатты іске асыруды және стратегиялық шешімдер қабылдау мен оларды орындау арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін «А» басқарушылық корпусы құрылатын болады. «А» басқарушылық корпусының әкімшілік лауазымдарына тағайындау тек қана кадр резервінен жүзеге асырылмақ. «А» басқарушылық корпусының кадр резервін қалыптастыруды ҚР Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия мемлекеттік органдардың және облыстар, астана, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің ұсыныстары негізінде жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ «А» корпусына жауапты хатшы лауазымы енгізілмек. Жалпы жаңа модельде мемлекеттік саяси қызметшілер саны шектелгелі тұр. Жаңа модельдің жақсы бір ерекшелігі, қолда бар кадр әлеуетін кеңейту және мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығы «әлеуметтік лифт» тетікпен іске асырмақ. Бұл тетік мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын, бірақ мемлекеттік ұйымдарда және жеке секторда басшы лауазымдарды атқаратын кәсіби даярлығы бар кадрларға «А» корпусының кадр резервіне енгізу үшін конкурстық іріктеуге қатысуға мүмкіндік береді.
Ал «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерінің негізгі міндеті «А» басқарушылық корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің талаптарын сәйкес, мемлекеттік саясатты іске асыру (атқарушылық қызмет) болады.
Екшелген екі модель
Халықаралық практикада мемлекеттік қызметтің екі үлгілік моделі – баспалдақтық және позициялық моделі бар:
«Баспалдақтық» үлгі – мемлекеттік қызметшілерді саяси «тағайындалатындар» және кәсіби «орындаушылар» деп бөлу болып саналады.
«Позициялық» үлгі – мемлекеттік қызметке конкурстық негізде қабылдау, бұл мемлекеттік қызметке білікті әрі құзыретті мамандарды іріктеп алуға мүмкіндік береді және кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың патронаждық жүйесі үшін мүмкіндіктерді азайтады. Көп елдерде осы екеуінің араласқан үлгісін құп көреді.