Министр қарыз құрылымын жіктеп берді
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанның жалпы сыртқы борышы 123,8 млрд долларды құрап отыр. Бұл аз ба, көп пе? Қарыздың құрылымын жік-жікке бөліп баяндаған қаржы министрі «сыртқы қарыздан еш қорықпау керек» дейді.
Мемлекеттің сыртқы қарыз мәселесі соңғы уақытта халықаралық тақырыптағы ең өзекті, күн тәртібінің бірінші проблемасы қатарында тұрғаны шындық. Өйткені қазіргі есеппен әлем елдерінің басым көпшілігі қарызға «өмір сүріп жатыр». Сақа сарапшылар осыған қатты алаңдаулы. 2007-2008 жылдары басталып, әлі де сейілмеген, қайта қаһарына міне түскен жаһандық дағдарыстың қазіргі тегін де сарапшылар мемлекеттік борыштар «буымен» сипаттайды. Басқасын былай қойыңыз, әлемнің ең ірі экономикасы саналатын Еуроаймақ та, АҚШ та дербес қарыз дағдарысына тап болды. Шыға алмай отыр. Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің сыртқы борышы ЖІӨ-ге 100 пайыздан асып кетсе, еуроаймақтың «бас ауруына» айналған Грекияның мемлекеттік қарызы 167 пайызға жетіпті. Грекиядан кейінгі «қарыздың» қара тізіміне Испания мен Италия да ілігіп жатқаны жасырын емес. Сондықтан болар өткен жолы депутат Қуаныш Сұлтанов пен Нұртай Сабильянов мемлекеттің сыртқы қарызы туралы мәселені кесе-көлденең қойып, мүдделі министр Болат Жәмішевті алдыға келтіруді, қалаулыларды нақты ақпаратпен қанықтыруды сұраған. Сөйтіп, Мәжілістің кешегі Үкімет сағатында еліміздің бас қаржыгері Болат Бидахметұлы Қазақстанның сыртқы қарыздарына қатысты жай-жапсармен таныстырды. Таныстырып қана қойған жоқ, депутаттардың аптығын басуға тырысты. Министрдің мәліметіне сүйенсек, 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік және барлық нысандағы меншік субъектілерін қоса алғанда Қазақстанның жалпы сыртқы борышы 123,8 млрд долларды құрайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің 66,6 пайызын құрайды. Ал әлемдік қарыздар арасында Қазақстанның борыш көлемі 36-орынға тұрақтайды. Дегенмен министр бұдан еш қорықпауға шақырды. Сосын борышты бас-басына жіктеп тастады. Сөйтсек, мемлекеттік қарызымыз тым аздау екен. Оны 60 пайызға дейін көтеруге де болатын көрінеді. Мәселен, сыртқы борыш құрылымында тікелей мемлекеттің қарызы – 5 млрд доллар (жалпы сыртқы борыштың 4 пайызы), квазимемлекеттік сектор қарызы – 21 млрд долларды (17 пайыз), екінші деңгейлі банктердің борышы 8 млрд долларды (7 пайыз) құраса, корпоративтік сектор борышы 90 млрд долларды (72 пайыз) құрап отыр. «Мінеки, Қазақстанның сыртқы қарызының құрылымындағы сүбелі үлес корпоративтік секторға, яғни мемлекеттік емес не болмаса мемлекеттің қатысуы 50 пайыздан да кем кәсіпорындарға тиесілі. Ал сол 90 млрд доллардың 60 млрд-ы – тікелей шетелдік инвестиция болып саналатын фирмааралық қарыздар. Басқаша айтқанда, бұлардың ең көбі мұнай-газ секторындағы шетелдік компаниялар болып табылады және олар өздерінің Қазақстандағы еншілес компанияларын қаржыландырып отыр. Осылай есептесек, Қазақстанның сыртқы қарызы қолайлы деңгейден асып кеткен жоқ. Тіпті бұл – біз үшін аса ыңғайлы көрсеткіш», – дейді Болат Бидахметұлы. Бұл ретте министр депутаттардың соңғы он жыл бойынша еліміздің сыртқы борышы қолайлы индикаторлық деңгейден асып кетпегенін айтып сендірді. Дәлел ретінде Дүниежүзілік экономикалық форумның есебін алға тартты. Ол есеп бойынша «мемлекеттік борыш» бағытындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік деңгейінде Қазақстан жоғары көрсеткішті иеленіп, 12-орынға көтерілген. Дегенмен соңғы жылдары мемлекеттің борышы төмендегенімен, ұлттық холдингілер мен компаниялардың сырттан алған қарыздары керісінше өсе түскен. Дегенмен бас қаржыгер квазимемлекеттік сектордың қарыз алуынан да «қорқыныш» жасауға болмайтынын ескертіп, сөзсіз орынды үдеріс ретінде танитындығын айтты. «Сонда да сыртқы қарызды негізсіз өсірмес үшін, «Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымдарын, «ҚазАгро» холдингі мен Қазақстанның даму банкін қоспағанда, басқа компанияларға сырттан қарыз алуға тыйым салуды ұсынамыз. Екіншіден, ішкі қарыздар алатын компанияларда тәуекелдерді басқарудың тиісті жүйелері құрылуы шарт. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектордың қарызын басқару жүйесі одан сайын жетілдіруді қажет етеді», – деп түйіндеді сөзін қаржы министрі.
Алайда депутаттар бұған көндікпеді. Мәселен, Мұхтар Тінікеев: «Банктердің борышы 8 млрд доллар дейсіз, мен 7 жыл бұрын «Әбілязов банкіне» қатысты құлаққағыс жасағанмын. Қайда қарадыңыз? Қазір соның бәрі мемлекеттің мойнына ілінді. Ұлттық компаниялар мен холдингілердің қарызы артып отыр, неліктен? Айлықтарын қысқарту керек, ендеше!» – дейді.
Дегенмен министр Болат Жәмішев те өзінікінен қайтпады. «Ұлттық компаниялардың бизнесі, олардың инвестициялық саясаты сырттан заем тартумен, бюджеттік емес қаражатпен тығыз қабысуы шарт. Дені дұрыс саясат – осы. Мен ұлттық компаниялардың сырттан қарыз алуына тыйым салуға мүлдем қарсымын. Бұл қалай? Онда шетелден инвестиция тарту туралы әңгімені де шетке ысырып, жауып тастайық. Бір сөзбен айтқанда, бізге қарыз қорқынышты емес, тәуекелдерді туындатпау үшін оны басқаруды реттесек жеткілікті», – дейді бас қаржыгер.
Гүржістан қарызды қайтармай отыр
Қазақстанға сыртқы мемлекеттер қанша қарыз екен деген сұрақ туындайды. «1991-92 жылдан кейін есеп айырысу мәселелерінде бірқатар проблема болып еді. Осы жылдары тәуелсіз мемлекеттер арасында өзара міндеттемелерді жүзеге асыру тетігі келісілген болатын. Бұған ұзақ уақыт өтті. Сол кездегі міндеттемелер сол уақытта бекітілген күйі қалды. Дегенмен бізде қазір Беларусь елімен қарызды реттеу мәселесі біршама түсініксіз болып отыр. Олар «Қазақстан бізге қарыз» дейді, біз «Беларусь Қазақстанға қарыз» дейміз. Яғни бұнда мәселе баршылық. Осындай реттелмеген қатынастар Түрікменстанмен де бар», – дейді Болат Жәмішев. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы ыдыраған тұста орын алған біршама түсініксіз түйіндер әлі шешілмегенге ұқсайды. Енді тәуелсіздіктен кейінгі кезеңге келсек, онда Грузия Қазақстанға 20 млн доллар қарыз. Алайда бергісі келмейтіні білінді. «Қазіргі уақытта Грузия Париж клубының шешіміне сілтеп, өздерінің міндеттемелерін орындауды тоқтатып тұр. Өйткені Париж клубының талабына сәйкес, олар өздерінің қарыздарының құрылымын қайта қараған болатын. Осыны негізге алып, олар біздің алдымыздағы міндеттемелерді орындамай отыр. Бұл қарыз шамамен 20 млн долларды құрайды және әлі де мәселе талқылану үстінде», – дейді министр.
«Қарызсыз Қазақстан – 2020»... Мүмкін бе?
Жалпы, қандай болсын, қарыздың атының өзі жақсы емес. Білікті бизнесмен-депутат Нұртай Сабильянов қарызсыз мемлекет атансақ деген ұранды да сол үшін көтерген тәрізді. Бұл үшін Нұртай Салихұлы«арнайы заң жобалары әзірленсе, арнайы бағдарлама қабылданса» дейді. «2020 жылға дейін Қазақстанды қарызсыз мемлекетке айналдыру туралы арнайы бағдарлама қабылдасақ игі. Оны жүзеге асыру арқылы мемлекеттік қана емес, корпоративтік сектордағы қарызды да азайтсақ. Өйткені біз шетелден қарыз алғанымызбен, оны дұрыс пайдаланбай жатқанымыз да шындық», – дейді депутат Нұртай Сабильянов.