Молдабек Жанболатұлы: Наурыз мерекесін өткізудің концепциясын жасау керек...

Молдабек Жанболатұлы: Наурыз мерекесін өткізудің концепциясын жасау керек...

– Молдабек Жанболатұлы, әуелгі сауа­лы­мызды Наурыздың шығу тарихынан бас­тасақ. Парсы ғалымдары Наурызды өз­де­рінің төл мерекесі санайтын пиғылдан еш­қашан танған емес. Парсының тарихи ри­уаяттары Наурызды тойлау миләди жыл са­науынан бұрынғы 538 жылмен, яғни Ха­қамани билігін орнатушы Куруштың Ва­ви­лонға шабуыл жасап, оны жеңуімен сәй­кес­тен­діреді. Ал біздің ғалымдар көктем ме­рекесін тойлау түркі даласында 10-13 мың жыл бұрын қалыптасқан деген дәйекті кел­тіреді. Ұлы Абайдың жазбаларында да бұл мерекенің тамыры тереңде екендігі баян­далады. Наурыз мерекесін зерттеп жүр­ген этнограф-ғалым ретінде айты­ңыз­шы, осы екі деректің қайсысы көңілге қо­нымдырақ?

– Халқымыздың жадында «Ұлыстың ұлы кү­ні» деген аяулы түсінік әлмисақтан бар. Шығыс ха­лықтарының аңыз-әпсаналары мен ертегі жыр­ларында да, ауыз әдебиеттерінде де жыл басы, Наурыз тойы, Ұлыс күні жөнінде біріне-бірі ұқсас әңгімелер аз емес. Ол жөнінде Шы­ғыстың ұлы классиктері Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балха, Омар Хаям, Хожа-Хафиз еңбектері ар­қылы бізге жеткен түсініктер де баршылық. Ал хал­қымыздың кемеңгер ұлдары ұлы Абай, Шә­кәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұх­тар Әуезов, Сәбит Дөнентаевтар уақытында біршама деректер қалдырған екен. 

Соның баршасында Наурыз парсы тіліндегі «жаңа күн» деген сөзден шыққаны айтылатыны рас. Дегенмен ол осы мерекенің өзі ең алғаш сол парсы жұртының туындысы еді дегенді түсіндіре қоймайды. Негіздірек деректерге қарағанда, Наурызды Үндістан, Ирак, Ауған, Бұхара, Түр­кіс­тан, Кавказ, түркітектес халықтарымен бірге Шы­ғыс славяндары да кеңінен атап өтіп отырған. Христиан дінін қабылдағанға дейін Русьте Жаңа жылды 1 наурызда қарсы алу дәстүрі болыпты. Тіпті ағылшындардың өзі XVIII ғасырдың басына дейін жыл басын 26 наурызға тойлап келген. 

Наурыздың тарихына ден қойсақ, оның да адамзат қоғамы мен халықтар тарихы сияқты қи­лы-қилы тағдыры бар. Ғылыми болжамдар бо­йынша, бес мың жылдан артық тарихы бар Нау­рыз әлі терең зерттеліп, астарлы сыры, құпия құдіреті айқындалмаған дүние. 

Біздің жыл санауымыздың VII-VIIІ ғасырында тарай бастаған мұсылманшылық Орта Азия ел­де­рінің дәстүрлі дүниетанымына, сенім-па­йы­мы­на, тұрмыстық сән-салтанатына шектеу жасап, ығыстыра бастады. Қайбір жеңімпаз бол­ма­сын, өзінің жеңісін нығайтып, өз идеоло­гия­сына үстемдік әперу үшін жергілікті халықтың ті­лін, мәдениетін, әдебиетін, өнерін, дүние­та­нымын, әдет-ғұрпын, ұлттық ерекшелігін жоюға ты­рысатыны белгілі ғой. Ол халықтың тарихын жоқ­қа шығарып, мәдени-тарихи мұраларын тал­қандап, жер-су атауларын өзгертіп, өсер ұр­пақ­тың жадында өткен ата-бабалары жөнінде құн­ды деректен ештеме қалдырмауға ты­ры­сатыны белгілі. Сондықтан да ұлттың санасына сің­ген «Ұлыстың ұлы күні» деген түсінікті діни мей­рамға таңу, осымен Наурыз – жыл басы де­ген түсінікті жою оларға идеологиялық күрестің не­гізгі мақсаты, жеңісі, нәтижесі болғаны анық. 

Ұлы Абай «Ол күнде Наурыз деген бір жаз­ғытұрым мейрам болып, сол күнін «Ұлыс­тың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз Құр­бан айтына айтылады» десе, Ахат Шәкәрімұлы әке­сі жөніндегі естелігінде қажының айтқан­да­ры­нан: «Ескіше 1-мартты қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұ­рын­ғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалды­рамыз деп Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, ұлысты – Наурыз дегізіп жіберген», – деп бастап, жаңа жыл мерекесінің мәнін, оны өткізуге қойылатын талаптар мен оның табиғатына сай рәсімдерді термелейді.

Халықты ортақ ұлттық ынтымаққа ұйыстырып отырған дүниетаным үлгісін ішінен ірітіп, істі баяу­лап бастап, аршындап жеңіске жеткен са­мо­дер­жавиялық Ресей саясаткерлерінің ісін, халықтың діни түсінігі мен дүниетанымын, тұр­мыс­тық салты мен ұлттық рухани мұрасына қыр­ғидай тиген коммунистік идеология өзінің шо­ви­нистік әрекетін ұлт саясаты деген «қызыл туы­мен» бүркемелеп бақты. Соның кеселінен Кеңес Одағы деген алып мемлекет өз құрамына кір­ген қанша халықты тілінен, дінінен, ұлттық ерек­шелігінен айырды. Қазақ халқы да тағ­дырдың бұл тауқыметінен күйзелістің адам айт­қысыз зардабын тартып, қаншама қазынасынан айы­рылып қалды. Соның біреуі Наурыз ме­рекесін тойлаудың дәстүрлі үлгісі болатын. 

– Бір қызығы, ирандық мәдениет шеңбе­рін­де өмір сүріп жатқан барлық адамдар дәл осы Наурыз кезінде мейрамдық рәсім­дер­ді орындау арқылы өздерінің кіндігі бір, та­мыры байланған жұрт екенін айғақтап, бір­ліктерін, тұтастықтарын арттыра түседі екен. Бұл рәсім бізге де үлкен ой салса ке­рек-ті. Өйткені түркі жұртының барлы­ғына жуығы осы «Самарқанның көк тасы еритін» күнді ерекше ықыласпен атап өтеді. Алайда әр ұлт өз салт-дәстүрінің шеңберінде ғана тойлап жүр бұл мерекені. Ендеше, неге бізге де осы мерекеде Түркі тұтастығын арт­ты­ратын ерекше рәсім қалыптастырмасқа? Мы­салы, Наурыз – түркі елдерінің мә­де­ниет­тері арасындағы әріп­тес­тік орнатуға тамаша мүмкіндік секілді.

– Наурыз қайта оралғанда «өшкеніміз жан­ды, өлгеніміз тірілді, жоғалғанымыз та­был­ды» деп қуаныстық. Халқымыздың тұ­тынуға шек­телген тіліне еркіндік тиетін бол­ды, ұлттық әдет-ғұрпымызды, бай тұр­мыстық сән-салтана­тымыз­ды, ­дү­ние­та­ным, сенім, талғамымызды байырғы қал­пына келтіреміз деп ойладық. Әз Наурыз то­йы халқымыздың, еліміздің рухани бол­мы­сын, мәдениеті мен өнерін түлетіп, ұлт­тық рухын оятатынына сендік. Қаншама тарих  тауқыметін, идеологиялық күрес­тер­дің жойқын зілзаласын көтерген Наурыз ме­ре­кесін өткізу арқылы ұлтымыздың тұ­қыр­тылған дүниетанымын, жүдеулі рухани болмысын, әжуа болған сенімін, бұрмаланып жазылған тарихын жөнге салатын сәт туды деп есептедік.

Алғашқы Әз Наурыз мерекесін өткізудің сын­дарлы үлгісі бола қойған жоқ. Ашкөзденіп істі қолға алғанға ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрып, рәсімдеріміздің ешқайсысы тал­ған­бай, таңдалмай жай бағдарламасына енгізілді. Дәл сол сәтте ол қажет еді. Бірақ Наурыз тойының өзі­нің табиғатына сай рәсімдерге көңіл жеткілікті бө­лінбей қалды. «Көш  жүре түзеледі» деген қа­зақы кеңпейіл, дарқан көңілмен ширек ғасыр уақыт өте шықты. Наурыз тойы өзге той-томалақтан ешқандай ерекшелігі де, өзгешелігі де шамалы даңғара, дырду қалпында өтіп жүр. 

Тіпті сахналанған тұрмыстық салт-дәстүр рә­сімдерінің өзі тәрбиелік мәні аз, рухани қуаты әл­сіреген, әдеби, сазды, салтанаттылығы да тар­тымсыз көріністер болып барады. Қазір жүйесіз, мақ­сатсыз ән-күй, биге айналып келе жатқан Әз Нау­рыз тойына қанағаттанбаған жұртшылықтың «Нау­рыз қалай өтуі керек, өзге тойдан ерекшелігі қан­д­ай болуы тиіс» деген сияқты талап-тілектері жиі айтылып жүр.

– Рас, Наурызды өз нақышында тойлай­тын уақыт жетті. Алайда мерекені өзгеше өткізуге қатысты сіздің нақты ұсынысыңыз бар ма?

– Оған ұсынар үлгілеріміз баршылық. Бірақ қашанда жақсылық пен жаңалық өмірге оңай сіңісіп, қауымды тез баурай қоймайтыны белгілі. Оның үстіне ол рухани қайрат-күшін, ерік-жігер қуатын қажет ететін болғандықтан ауырдың үсті, жеңілдің астымен қалықтап жүруге құмарлар үшін қол болып шықты. Тіпті кейбір тоғышар тоқ­мейіл басшыларға осы тіршіліктің өзі қа­нағаттанарлық өмір көрінетін болды. 

Сонымен түбі бір түркі тектес халықтар түгілі бір шөкім қазақтың өзі дүниеге, өмірдегі құбы­лыс­тарға әр қырынан қараумен келеді. Өзінің рухани байлығының бастау қазынасын танып, бір биікті меже тұтуды үйрене алмай келеді. Әркім өзі шыққан төбесін биік санап, өзі жетек­теген тұғырын тұлпарым деп танып жүр. Оның есесіне нағыз асылды тануды, ардақтауды ар санайтын ала-шұбар талғам, сезім орнығуда. 

Ақиқатына келсек әлемге жазу үлгісін, ондық жүйедегі санау, сандық таңба нұсқасын шығарып, емдеу, дәрі-дәрмек жасау ғылымын, аспан әле­мінің, жалпы, табиғат құбылыстарының заң­ды­лығын ашып, оны өмірде пайдалана білу тәжі­ри­бесін қалыптастырған, тас пен темірді, ағаш пен сүйекті, жүн мен теріні өңдеу, ет пен сүттен сан түрлі ас мәзірін өндіруді білген, ғылыми-тех­но­логиялық жаңалықтарды өмірге әкелген шы­ғыс жұрты екенін Еуропа енді ғана мойындай бас­тады емес пе? Ал батыстықтардың рухани өмір­дегі салт-дәстүр салтанатындағы Аязата, Қар­ғаш, Бикеш сияқты қиял-ғажайып кейіп­кер­ле­рінің көбінің шыққан тегі – Қызыр баба. Қыс – Әз мырза, Жаз – Үт бикеш екеніне өзіміздің қан­­дастарымыздың таңдана, күдікпен қарай­ты­нына қайран қаламын. Сондай жаңалыққа мо­йын­сынбаған бойкүйездік Наурыз тойының та­биғат құдіретімен әділдік, адалдық, тең­­дік-имандылық қасиеттерді меңзейтін ас­тар­лы сырына әлі күнге ден қоюға енжарлық та­ны­тып келеді. 

Қаны, тегі бір, дәстүр-салты ұқсас, дүниеге се­нім, таным, түсінік, түйсігінде өзгешелік жоққа тән түркітектес халықтардың өздерінің сана-са­райының сабақтастығын осы Әз Наурыз мере­кесін тойлау арқылы өрістетсе керек-ті. Күн-Ана, кеу­десі түкті Жер-Ана, сиынарымыз бір Тәңірі бол­ғандықтан адам баласына да, адамзат қоға­мына да қажетті игілік, байлық, рухани қазына қайнары осы ортақтықтан табылары хақ. Ол ұлттық рухымызды оятып, адамгершілік қасиеті­мізді гүлдендіре түспек. 

Өкінішке қарай, жақындасудан гөрі әлі күнге жекеленуге, даралануға ұмтылу тенденциясы тыйылмай келеді. Бірақ сауаты өсіп, санасы жетіле келе ол жарастық табары анық. 

– Молдаш аға, осы берекелі мереке жайлы «Нау­рызнама», «Таным, талғам, та­ғылым» атты зерт­теу кітаптар жаздыңыз. Жал­пы, біздің халықтың тіршіліктің тынысы ашы­лар осы көктем ме­рекесіне деген көз­қарасы, ұғым-түсінігі бір­жақты болып кет­кен сияқты. Жаңа өзіңіз атап өт­кен киіз үй тігу, сәтті-сәтсіз салт-дәстүр элементтерінен көрініс қою, ас ішу, ат шаптыру... Наурыз мерекесінің дүниетанымдық маңызын ашып беріңізші.

– Наурыздың әдеттегідей саяси, экономи­ка­лық тіпті кәсіптік, тарихи жайға мән беру үшін арнайы өткізілетін мерекелерден жөні де, тегі де өзгеше. Ол – ешкімнің ақыл-қайратымен емес, табиғат құбылысының заңдылығымен күн мен түннің теңдік табатын жыл уақытында айналып келіп тұратын сәтке орай өткізілетін мереке. Хал­қымыз даналықпен табиғаттың осы теңдік, жа­сару, өсу, түлеу құбылысын өзінің өмірінің мәні ете білген. Бұл күні табиғат пен қоғамдағы, тіпті адам мен адамның арасындағы теңдікті тануды халық даналықпен мұрат тұтқан. Сон­дықтан теңдік мерекенің негізгі лейтмотиві болған. Оны мерекеде ойнаған ойын, тілеген тілек, айтқан жыр, берген бата, өткізілген рәсімдер мен сал­та­наттың бәрінде де көңілдің төрінде ұстаған. Бұл талапқа хан да, қара да, бай мен кедей де, кә­рі мен жас та мойынсынған.

Қыстың қытымыр ызғары қайтып, қардың көбесі сөгіліп, тоң жібіп, жер бусанып, наурызгүл, сарғалдақтар шешек атып, ағаш бүрленіп, сай-саладан су жүріп, көген басы төл туа бастаған табиғатты ғажайып, жомарт құбылысына орай адам да өз өмірін жаңартуды, түлетуді, тазарту мақсат еткендей. Өткен күндердегі ағаттығы болса еске алып, одан бой тартып, татымсыз мінез, жайсыз қылығына өкінішпен кінә, күнәсін түзеуді, ағайын-туыспен кешірісіп арылуды, қайтарылмаған қарыз, өтелмеген борышынан құтылуды міндет тұтқан. Рухани тазарған.

Табиғаттың тылсым тағылымын түсініп, түлеу, түрлену бақытының бастауы – Наурыз ме­рекесі деп білген бабаларымыздың кемең­гер­лігіне де әлі жете мән бере алмай келеміз.

Наурыз тойын өткізудің сындарлы үлгісі сақталмаған, жоқ екеніне бәріміз де иланамыз. Оны бүгінгі өмір, экономикалық жағдай, рухани қуат, мәдени өсу биігіне сай өткізуді ұйымдастыру қажет-ақ. Ол үшін ғалымдар, журналистер мен жазушылар тарих, этнография, әдебиеттану институттары күш қосып, Наурыздың тарихын зерт­теу, оны өткізудің талаптары мен жолдарын, мін­деттерін айқындау, арнайы мамандар да­йындау ісін жуық арада жүзеге асыруы қажет-ақ.

Наурыздың мәні мен маңызын ашып, оны кеңінен насихаттау, жас ұрпағымыздың санасына сіңіру үшін балабақшасынан, бастауыш сыныптан бастап өткізілетін әңгіме, көрсетілетін мульт­фильм­дерді қолға алу керек. Оны өткізуге мүд­делі ұжым, ұйым, адамдардың істейтін шаруасы қазіргі қалыптасқан дағды бойынша  наурыз айының ортасынан емес жыл басынан жүрер болса, онда:

1. Келер жылдың мерекесін өткізудің кон­цеп­циясы айқындалса;

2. Әз Наурыз мерекесін өткізудің бағдар­ла­ма­сына жүлде жарияланса;

3. Әрбір жылдың рәмізіне – эмблемасына жүлде тағайындалып, одан жеңіп шыққан жоба республика бойынша негізге алынса;

4. Әз Наурыз мерекесінің ән, күй, жыр, тол­ғауына жүлде жарияланса;

5. Көсемдеп ат жеккен күміс арба (шана) үл­гі­сіне бәйге жарияланып, Қызыр баба өз нө­керлерімен сол күймеде жүрсе;

6. Ұйқы ашар, селт еткізер сыйлықтары мен нау­рызкөжеден бастап мереке күндері ұсыны­ла­тын ас-дәм, сусын тағамдарға конкурс өткізу дағ­дыға айналса;

7. Наурыз тілек, наурызбата т.с.с. шығар­ма­ларда өткен бәйге жеңімпаздары шығармалары жария­ланып, Әз Наурыз  мерекесінде арнайы орын­далатын болса...

Осы сияқты көпшілікке бағыт-бағдар, жол-жоба болатын шараларды алдын ала мақсаткер­лікпен жүзеге асырып, үлкенді-кішілі барлық ұжымда Наурыз мерекесін өткізу талап етілсе.

– Аязатаның түп-төркіні Қызыр ба­ба­­­дан шы­ға­ды деп қалдыңыз. Қарап отыр­сақ, әр мейрамның өзінің пірі, қуаныш сый­лар егелері бар. Жаңа жылда Аязатаны ба­лалар қандай асы­ға күтсе, америкалық Сан­та Клаус та 1822 жылы жасанды кейіп­кер­ге ай­налды. Парсы аңыз­да­рында Нау­рыз­ата ұғы­мы бар. Ал бізде Қызыр ба­баны ұлық тұ­тамыз. Алайда сол Қызыр ба­ба­ның об­ра­зы, болмысы біздің санамызда толық ашыл­ды ма?

– Әз Наурыз мерекесі – ұлт руханиятының әліп­песі, игілік пен ізгіліктің іргетасы, адамға ла­йық бақыт, қуаныштың беташары деп түсініп, оны ортамызға әкелетін әулие-бабамыз күн нұ­ры­ның символы – рәмізі – Қызыр бабаны ұлық­тай алмасақ, сөзіміз де, ойымыз да бәтуалы бол­масы анық. 

Халқымыздың жыл атауын алу үшін жаңа атқан таң, шыққан Күннің шапағын бірінші бо­лып көруді тосатын 18 мың ғаламның жан-жан­уар, аң-құсының ішінен жылдың басы болған тыш­қанның тапқырлығы сәбилерге сенімді де, қызықты емес пе? Осы үрдісті жалғастырып, бала түгілі ағаның өзін Наурыздың алғашқы күнінің киелі нұрына шомылып, жылдық қуат алып қалуға құштарлығын оятатын ми­фо­ло­гиялық әңгімелер баршылық.  Бірақ өз асылына та­науын шүйіре қарап, өзіміздің ба­ба­мыздың шапанын айналдырып киген өзгенің Аязатасына шұл­ғи қалатын тексіздік кеселінен Қызыр мен Қы­дырды шатастырып жүрміз. Қызыр баба – тек Нау­рыз күнгі таң шапағымен жарыса келеді, ал Қы­дыр – жыл он екі айдың кез келген күні та­бал­дырығымызды аттауы ықтимал әулие-бейне.  

Халқымыз Қызыр бабаның 22 наурыз күнгі таңғы Күн нұрына бөленіп, көсемдеп жеккен күміс арбамен келетін күміс сақалды баба екенін, оның бейнесі тек Наурыз күнінде ғана адам бей­несінде көрінетінін жадында тұтып, өзі иланбаса да ұрпағының көкейіне құйса екен деп ті­леймін.

– Сұхбатымыздың өзегі Наурыз мерекесі бол­ған соң, молшылық асы – наурызкөже жай­лы айтпай кетуге болмас. Наурызкөже дайындаудың да әу баста өзіндік қасиеті, ерекшелігі болған. Қазір әркім шамасының жет­кенінше түрлі дәмнен көже дайындап ұсы­нып жүр. Айтыңызшы, жеті дәм – жеті түске негізделген наурызкөженің нақты үлгісін жасауымызға, оны жартылай дайын өнім етіп саудаға шығаруымызға не ке­дергі? 

– Танымдық мәні зор, жұмбақ сыры мол Наурыз мерекесін өткізудің өзіндік шартты рәсімдерінің бәрі наурызкөжені әзірлеу, тоя ішіп, тілек тілеп, ниет қосуда екені белгілі.

Оны кейде тоқ көже, көп көже, қара көже, жақ­сы көже деп те атап жатады. Бірақ оның бәрінің негізінде жеті түрлі дәмнен, тағамнан жасалған ыстық ас деген ұғым сейілген емес. Қызыр түні пісіріліп, жаңа жылдың таңы алғаш атып, жаңа күннің алғашқы шапағатты нұры бойына құт болып құйылған нәрлі де дәмді асты түрі, түсі, көлемі бірдей жеті ыдыспен тойғанша тарату ғұрпының өзінде ынтымақ-береке сол тай қазанның дәмін татқан адамның бәрінің өміріне серік болады деген сенім, тілек қалыптасқан.

Ынтымақ пен берекені, сыйластық пен туыстықты бар бақыттың бастауы деп ардақтаған халқымыздың дарқандығын танытатын бұл сырт көрініс қана.

Өйткені ол қазанға түскен астың түрі де, саны да жетеуден мол болатыны анық. Оның құрамында Наурызға арнайы сақталған мүшелер де, құрмалдыққа сойылған көк өгіздің мүшелері де, жомарт жандардың таратқан шүлендері де, отау үйлердің қарттарға арнайы әкелген жал-жая, жамбасы да болуы ықтимал.

Бірақ назар қазанға жеті түске баланған жеті түрлі дәмде екеніне, оның жаңа күннің құтын бойына сіңірген қасиетіне аударыла бермейтіні өкінішті. Оның өзі халқымыздың ой мен ұғымға, сенім мен тілекке, сезім мен сырға бай іштілік қа­сиетін танымайтын жетесіздігіміз деп қорлан­бай­мыз да. Сөздің сырт бейнесі мен ішкі аста­рын­дағы мағынасын аңдамай, нені меңзеп не­ме­неге назар аударып, көңіл қою керегін ұға білуіміз керек.

Ендеше, қазанға түскен дәмнің саны емес қасиетті жеті түске балама жеті түрлі тағамның толық болуына назар аударылса керек.

1. Көк – су;

2. Қызыл – ет (соғымнан сақталған сүрі, арнайы сойылған малдың еті, сыбаға, шүлен);

3. Жасыл – дән (жерден өнген жүктелген, бөрттірілген арпа, бидай, тары, күріш);

4. Ақ – сүт (сүттен жасалған тағамдар, сүзілген құрт, қатық, айран);

5. Сары – май (сарымай, тоң май);

6. Қоңыр – талқан (ұн, кеспе);

7. Қара – тұз.

Қашанда астың дәмді, өңді, нәрлі болмағы оның қатығына да, қайнатуына, қосымша қышқылдықтармен ащы-тұщы, хош иісті қоспаларды мөлшерлі пайдалана білуіне байланысты болары белгілі.

Қалай болғанда да, өзінің құнарлылығымен де, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан танымы, сенімі бойынша да жаңа жылдың ал­ғаш­қы күнінің сәулесі түсіп, құты құйылып, нұры сің­ген наурызкөжені қасиетті ас деп білуге, құр­меттеуге тиістіміз. Астың бұл құрамын сақтамай пер­ловканы шала қайнатып, айран, қатықты ара­ластырып наурызкөже деп ұлттық асымызды қор­лауға жол берілмеу керек. Әрбір адам, аза­мат «ұлт намысы – өз намысым» деп білетіндей қасиет қонатын мезгіл жетті. 

– Қалалы жерлерде наурызкөже тегін берілмейді. Ақшаға сатылады. Қарап отыр­сақ, бұл Наурыз мерекесінің негізгі мақса­тына қайшы келетін тәрізді. Дәл осы күні орындалуы тиіс дәстүр – шүлен тарату емес пе. Демек, елге тегін қызмет көрсету, ас та­рату. Күн мен түн, ақ пен қара, бай мен ке­дей, хан мен қараша тең дәрежеде болатын ұлық мерекеде наурызкөжені сатып беруді тоқ­тату қажет шығар, бәлкім? Өзімізге білін­бегенмен, сырттан келген қонақтарға кө­же сатып ішу жақсы әсер қалдырмасы анық қой...

– Сұрақ-сауалдың төркініне қарамай сөйлер болсам, Наурыз мерекесінің табиғатына орай теңдікті тану, әділетшілікті мұрат тұту мерекенің тұтас бойына да, ішкі мұрат-мүддесінде де негізгі арқау болуы қажеттігіне әлі жеткілікті мән берілмей келеді-ау.

Ғасырлар шаңына көмілсе де, халқымыздың жадында қалғандай күн мен түн, бай мен кедей, хан мен қараша теңдікті мойындаған Наурыз мерекесінде бүгінгі белгілі лауазым иелері галстугін шешіп, тұғырдан түсіп, жұртшылық ортасында болып, елмен бірге ән айтып, би билеп, көже ішіп, доп қуса несі сөкет? Қайта халық құрметтеген ұлттық мерекені ұлықтау, Ұлыстың ұлы күнінің мән-мағынасын арттыру, өзінің адамгершілік болмысын таныту болмас па еді? Тіпті елдің тыныс-тіршілігін, жүрек қалауын, тамыр соғысын бір сәт болса да танып-білуіне де ыңғайлы емес пе?!

Дәл сол сияқты шүлен таратушылар қазір де бар. Бірақ ол абырой-атақ, мадақ, мақтау үшін емес, таза адами қасиет, наурыз сияқты қауым құрметтеген қасиетті ұғымды ұлағаттауға арналса, сауабы да мол болса керек-ті. Оның ішінде «бай – байға, сай – сайға» емес, шын­дығ­ында денсаулықтың жоқтығынан, кәріліктің жет­кенінен, жәбір-жапа көрген кембағал жан­дарға жанашырлық жасау ойластырылса нұр үстіне нұр болмақ-ты.

Наурызкөжені тарату, сату әркімнің еркінде болса да, оның ұлттық ас екеніне кір келтірмеу талабы қойылуы қажет. Асылы, қасиетті күні одан түскен пайдадан гөрі сол күнгі елдің ри­за­лығынан алған алғысы ақ пейілді адамның ме­рейін тасытып, келер күндердегі көп табыс, мол ризығына жол ашатынына сенгені дұрыс-ақ.

– Әр жылдың эмблемасына қатысты ай­та­рыңыз бар ма?

– Жылма-жыл Наурыз тойы қайталанып келгенімен, ол әр жылы жаңа бір атаумен келеді. Наурыздың негізгі рәмізі – наурызгүл, сарғалдақ болғанымен жаңа келген жыл атауына мән беру, назар аудару ерекшелігін тану қажет. Ол дүниетаным көкжиегімізді де кеңейте түсері қақ.

Оның бергі жағында көрші елдердің әрі жылпос, әрі мақсаткер насихатшылары өзінің ұлттық, діни түсінігіне орай түрлі бейнелерді алдын ала қаптатып жібереді. Оған шектеу жасап отырған ешкім жоқ. Сонда келген тышқан ақ тышқан ба, қара тышқан ба, сұр тышқан ба, егеуқұйрық па әйтеуір түрленіп шыға келеді.

Келер жыл тауық па, әтеш пе, дала тауығы ма, әлде құр ма, әйтеуір қаптаған құс немесе ақ қоян, көк қоян, ала қоян тіпті үй қояны да жыл атауына ие болғандай болып шығады. Мұның бәрі иесіз теріні әркім өзіне тартып, қаласа илеп, қаламаса тулақ етіп жатқан тіршілікті танытады емес пе?

Ендеше, өз еліміз үшін жұртымыз құрметтеп, тұшынатын бір белгі, бір нұсқа қажет екенін еріксіз еске салады. Бірақ «ас ішерде ғана қасығын іздемей» елден бұрын түрлі көркемдеу, бейнелеу, әсемдеу үлгілері мен сол рәміз-эмблема, күнпарақ, сапарлама, қалта кітапшасы сияқты кәдесыйлық, ескерткіштерді ертерек шығарып қоюдың мүмкіншілігі бар ғой.

Сайып келгенде, соның бәрі – Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаудың шарасы, елдігімізді танытудың жолы, еркіндігіміздің табысы болмақ.

– Наурыз мерекесін зерттеу барысында тың жаңалықтарға, соны деректерге қол жеткізе алдыңыз ба? Елеусіз қалып кеткен елеулі рәсімдер, дәстүр-жоралғылар бар ма?

– Наурыздың өзінің тарихына, табиғатына сай рәсім үлгілерін жетілдіріп, мифологиялық, ұлттық бейнелер болмысымен молайту қалыптасуға тиіс. Ұлттық өнер түрлері мен оның жанрлық орындаушылық шеберлігін жетілдіру ойын, жарыс, сайыс, өнер бәсекесімен қауым жұртшылық болып ән айтып, би билеп, ойын түрлеріне көпшілік болып қатысу дағдысын қалыптастыруға көңіл бөлінгені жөн.
Наурыз күні орындалуы тиіс елеулі жорал­ғылар тізімінде – Қызыр түнін өткізу, көкқасқа бұқаны сойып оның қанымен балалардың маңдайына күн таңбасын салу, жаңа күнді қарсы алу, тағзым ету, жаңа жылдық сәлемдесу, Қызыр бабаны қарсы алу, қошамет көрсету, шығарып салу, аластау рәсімін өткізу, шүлен тарату, бел көтеру секілді шаралар бар.

– Молдаш аға, салиқалы сұхбатыңызға рақмет! Ұлыс оң, ақ мол болсын аға!

Наурызда айтар датыңыз
Наурыз мерекесі – табиғат құдіретін тану, табиғаттың бұлжымайтын, құбылмайтын заңдылығына құрмет және табиғат-анаға деген қазақы махаббатты таныту деп білсек керек. Ендеше, оны тойлау да сол тарихи танымдық мәнін жоғалтпаса екен деп ойлаймын. Наурыз мерекесін саясаттандыруға тырыспай тәрбиелік, тәлімдік, тағылымдық, көркемдік, ұлттық мән-мағынасына зер салынса. Наурызкөже, шүлен тарату, өзге де қайырымдылық шаралары мейлінше шынайы жүзеге асса берекелі күннің бет-бейнесін қалыптастырған  болар едік.

«Алаш айнасы»

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста