Мүгедек әйелдер қамқорлыққа емес, жұмысқа мұқтаж
Еліміздегі мүгедек әйелдер мемлекеттен қамқорлық емес, жағдай сұрап отыр. Себебі кейбір бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда олардың 1,5%-ы ғана жұмыспен қамтылған. Ал кәсіпкерлер оларға жұмыс ұсынайын десе, бой көтерген биік-биік жұмыс орындарының көбінің құрылысы мүмкіншілігі шектеулі жандарды ескермегені – сылтау. Бір-бір кәсіп иесі атануға шамасы бар жарымжан жандардың ақшасы жоқ. Банк несие берейін десе, сақтандыру жүйесі тағы бір сылтау болып отыр.
Статистикалық агенттіктің былтырғы жылға берген мәліметтеріне сенсек, Қазақстанда 563 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың 48%-ын қыздар мен әйелдер құрайды. Бірақ еліміздегі мүгедектігі бар адамдардың тек 3%-ы ғана жұмыспен қамтылған. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, жалпы ашық еңбек нарығында мүгедек жандар 3 пайыздық квотамен жұмысқа орналасуы тиіс. Бірақ шындығына келгенде, біздің жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарды толыққанды жұмыскер ретінде алып қарауға, жұмыс орындарын олардың ерекше қажеттіліктеріне лайықтау үшін қорларын жұмсауға дайын емес сияқты.
Ләззат Қалтаева, «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясының төрайымы:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі «Қазақстан-2050» стратегиясында «Жұмыс берушілер халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын жұмысқа белсене тартып, оларды еңбекақымен қамтамасыз ететіндей жағдай туғызу қажеттігі маңызды. Ең алдымен, бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты» деді емес пе?! Тіпті заңға сәйкес, кәсіпорындардағы жұмыс орындарының 3 пайызы мүгедектерге тиесілі болуы тиіс. Бірақ ол 3 пайыздық квотамен жұмысқа орналастыру құқықтық пәрменді тетіктердің жоқтығынан жұмыс істей алмай отыр.
Расымен-ақ, Елбасымыз өз Жолдауында әлемнің дамыған елдері мүгедектерін қалай жұмысқа тартып, қоғаммен араластыратынын тілге тиек ете отырып, «біз олардың толыққанды еңбек етуіне жағдай туғызуға тиіспіз. Мемлекеттік жәрдемақыны тек, шынымен, нақты жұмыс істей алмайтындар ғана алуы тиіс. Жұмысқа мүгедектерді алып, оларға жағдай жасайтын компаниялар мен корпорацияларды көтермелеу керек» деген болатын. Бірақ мемлекеттік сыйлықтар мен марапаттаулар әлі күнге мүгедек жандарға жұмыс беріп отырған кәсіпкерлерге берілмепті. Тек қызметкерлердің 51%-ын мүмкіндігі шектеулі адамдар құрағанда ғана салық төлеу кезінде жеңілдіктер беріледі. Бірақ ондай кәсіпорындар жоқтың қасы.
Руслан Губарев, «СТС Азия групп» ЖШС директорының орынбасары:
– Мысалы, біздің компанияда үш мүгедек жан қызмет етеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алудан қорқудың қажеті жоқ. Олар, керісінше, 12 мүшесі түгел қызметкерлерден әлдеқайда артық жұмыс істейді. Мүгедектерді жұмыспен қамту үшін оларға жұмыс беріп отырған кәсіпкерлерді ынталандырып, мемлекет олардың кәсібінің жандануына көмектесіп, түрлі жеңілдіктер қарастырса, қатарымыз көбейер еді.
Бірақ мүгедек әйелдер қауымдастығының мүшелері кәсіпкерлерден үмітін үзгенге ұқсайды. Олардың айтуынша, мүгедектердің өз кәсібі болғаны әлдеқайда тиімді. Мүгедектігі бар әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсартудың ең ұтымды жолы – өзін-өзі жұмыспен қамту және кәсіпкерлік салаларын дамыту деп шешкен «Шырақ» қауымдастығының мүшелері бұл тұрғыда бірнеше кедергінің туындап отырғандығын айтады. Әсіресе кәсіп ашу үшін қажетті қаржыны несиеге беретін банк құрылымдарының және сақтандыру агенттіктері мен компанияларының мүгедектік белгісі бойынша клиенттерге кредит беруден бас тартуы қолбайлау болып отырған көрінеді. Сонымен қатар әйел кәсіпкерлігін дамыту мемлекеттік бағдарламаларында мүгедектігі бар әйелдердің мүдделері мен олардың жағдайы қарастырылмағандығы да – үлкен бөгет. Оның үстіне, біздің елде мүгедектігі бар әйелдердің жеке бизнесті дамыту саласында білімсіздігімен күресетін ұйым да, оқытатын бағдарлама да жоқ дейді қауымдастық басшылары. Сондықтан олар ең алдымен мүгедектігі бар адамдарға банктер мен сақтандыру ұйымдары несие рәсімдеу үшін қойылатын талаптарына өзгертулер енгізіп, аздаған жеңілдіктер ұсынса деп отыр.
Мысалы, Угандада мүгедек адамдардың көпшілігі базарда жұмыс істейді екен. Және билік оларға тауардың ең өтімді жерлерін береді. Ал Ресейде call-орталықтарда қызмет ететін операторлардың 90%-ын мүгедектігі бар адамдар құрайды. Енді бұл тәжірибені біздің ел де қолданбақ ниетте. Әзірге бұл тәжірибе тек «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында ғана іске асқан. Бастаманың нәтижесі де жаман емес көрінеді.
Ләззат Ибраимова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы:
– Шынымен-ақ, мүгедек адамдар жұмыс істеуде өте белсенді, жауапты әрі ұқыпты. Мысалы, Пәкістанда Құран оқитындардың ішінде мүгедектер сияқты оқи алатын адам табылмаған. Себебі олардың есте сақтауы өте жоғары болады. Ал операторлар тұтынушылардың телефон қоңыраулары арқылы қойған сұрақтарына нақты және толық жауап береді. Оның үстіне, құлағы нашар еститіндер шулы ортада жақсы жұмыс істей алады. Ресейде де call-орталықтардағы операторлардың қызмет көрсету сапасына қатысты сараптама жүргізілгенде ең жоғары дауыстың 90%-ы мүгедектерге берілген екен.
P.S.
Осылайша мүгедек әйелдерге жұмыс тауып беруді мықтап қолға алған топ Үкіметтің көмегінен де үмітті. Айта кетейік, «Шырақ» қауымдастығының өкілдері Азия мен Тынық мұхит экономикалық және әлеуметтік комиссиясы «Ниппон фаундейшн» және мүгедектік мәселесі жөніндегі Азия-Тынық мұхит дамыту қорымен бірлесіп, «Эскато» сыйлығын тағайындады. Бұл сыйлық мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтыған және олармен тығыз қарым-қатынас орнатқан бизнес өкілдеріне арналған. Алғашқы сыйлық осы жылдың аяғында табыс етіледі.