Наурыз мерекесінің түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерін қайтсек жүйелі жолға қоямыз?

Наурыз мерекесінің түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерін қайтсек жүйелі жолға қоямыз?

60 жылдан астам уақыт төл мерекесін жоғалтып алған еліміздің Наурызды қайта тойлай бастағанына да ширек ғасыр уақыт өтіпті. 1988 жылы өлгені қайта тірілгендей болып қуанған қазақ ұлттық нақыштағы жалғыз мейрамын өз деңгейінде атап өтіп жүр ме? Көкейде – сұрақ, көңілде күмән көп. Неге жыл сайын Наурыз мейрамын науқандатып, кейіннен кейіп, барлық шараны сынап, көңіліміз толмай жатады? Себебі біреу-ақ сияқты. Бірізділік жоқ, яғни Наурыздың түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерінің сақталмауынан бұл мейрамның сыртқы формасын ғана көріп жүрміз.

Жергілікті әкімшіліктердің жыл сайын қайталанатын сценарийімен өткізілетін Наурыз мейрамын біз ұлт болып тамашалаймыз. Қатыспаймыз, бақылаймыз. Ал белгілі ғалымдарымыз жалпыұлттық мейрамның бақылаушысы болмайтынын, жалпы ел оның қатысушысы болатынын айтады. Демек, Наурыз бүгінгідей жалпылама негізде өтпеуі тиіс. Бір күнге ұлтымыздың барлық құндылығын тықпалап, оны өзімізге де, өзгеге де экспонат сияқты көрсетуге тырысамыз.
Шілдехана, тұсаукесер, сүндеттойлардан бастап, ат спорты, алтыбақан, ақсүйек ойындарын бірнеше сағаттық жасанды сценарийге сыйдырып жібереміз. Сонда қазақ Наурыздан басқа уақытта бұл салт-дәстүрлерін ұстанбаған ба? Жыл сайын осы картина көз алдымызға көлбеңдей бергеннен кейін өзге ұлт өкілдері түгіл, қазақтардың өзінде Наурыз осылай өтеді екен деген пікір қалыптаса бастады. Қазақ жастары наурыздың 21-інен басқа күні ақсүйек ойнап, алтыбақан теппеген бе? Осындайда көз алдымызға Америка құрлығындағы үндістердің бейшара халі елестейді. Мысалы, Перу деген мемлекетте 24 маусым – үндістер күні. Үндістердің ата-бабасы ұстанған салт-дәстүр осы күні кеңінен көрсетіледі. Баланың кіндігін қалай кескеннен бастап, аңды қалай аулап жегеніне дейін жан-жақты бейнеленеді. Олар – үндіс, біз қазақ демесеңіз, Наурыз күні бізде де сол көрініс айна-қатесіз қайталанады.
Түпкі атрибуттарын ұмыт қалдырғандықтан да, біз ширек ғасыр бойы осылай тойлап келеміз. Мейрамды модернизациялауды бүгін қолға алмасақ, ертең мұражайлық стильде өткізетін осы күнімізге де зар болып қалуымыз ғажап емес.
Мейрам модернизацияны қажет етеді
Көшпелі қазақтың төл мерекесін бүгінде отырықшы елге айналған мемлекетке көшіре салу мүмкін емес. Десе де, ғұрыптық рәсімдерін жаңғырту арқылы этностық емес, жалпыұлттық деңгейге көтеруіміз керек. Наурыз мейрамы десе, көз алдыңызға не елестейді? Ұлттық киім, наурызкөже, киіз үй… Болды! Бұл дегеніміз Наурыздың қарапайым символы жоқтығын көрсетеді. Спорттық жарыстардың өзіндік белгісі, таңбалары бар ғой. Сондықтан Наурызды бірден еске түсіретін, өзге ұлт өкілдері де мойындайтындай ортақ символын қалыптастыру қажет.
Қолдан жасалған Жаңа жылды еске алғанда шырша мен Аяз ата, Ақшақар елестейді. Ойдан шығарылған кейіпкерлер қалайша соншалықты құдіретке ие болғанын зерделеп, бізге де дайын кейіпкерлерімізді қоғамға сіңдіру қажет. Бізде ол жоқ емес. Наурыздың тұжырымынан туындайтын Көк пен Жердің кейіптері – Қыдыр ата мен Ұмай ананың дайын бейнелері бар. Тағы бір мәселе, желтоқсанның соңғы түнінің мән-мағынасын арттырып тұрған сағат тілінің түнгі 12-ні көрсетуі екені даусыз. Наурыз мейрамының да дәл осындай арнайы уақыты болған. Ырыс таңын қарсы алу деген болған. Қазір бұл – сіреспе сценарийлерден қалыс қалып, халық санасынан ұмытылып бара жатқан ғұрып. Ғұрып құрып кетпесін десек, осындай Наурыздың мән-мағынасын арттыратын атрибуттарды заманға сай жаңғырту қажет-ақ.

Ел ағаларының Наурызға назы бар…
Нұрлан Өнербай, қоғам қайраткері:
– Елбасының бір сөзінде жыл Наурыз мейрамынан басталады дегені бар. Біз сол сөздің деңгейіне жете алмай келеміз. Олай дейтінім, жақында бір басылымнан «бізге Наурыз мейрамы керек пе?» деген сыңайдағы мақала оқыдым. Наурыз мейрамы бізде белгілі бір ұлт өкілдерінің ғана мерекесі сияқты. Ал Президент өз сөзінде бұл мерекенің жалпыға ортақ екенін меңзеген еді. Табиғаттың өлетін кезі болады. Бұл – қыс мезгілі. Ал оның қайта жаңаратын кезі – көктем. Бүкіл табиғатқа жан бітіп, қайта жаңаратын Наурызды біз жаңа жылымыз дейміз. Бірақ оны лайықты деңгейге көтере алмай келе жатқанымыз өкінішті. Неге біз қаңтардағы діни мерекені жаңа жыл деп қабылдауымыз керек? Балаларды баурап алатын Санта Клаус пен Аяз ата бізде жоқ па? Бізде Қызыр баба, Қыдыр ата деген бар ғой. Неге соларды кейіпкер ретінде алмасқа?! Олар бүкіл әлемге жылылықпен қатар, балаларға сыйлық әкелсе, төл жаңа жылымыз бізге қазіргіден де жақын бола түсер еді деп ойлаймын.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде Наурызды діни мереке деп есептеп, атеистік мемлекет бұл мейрамды атап өтуге тыйым салды. 70 жылдай бұл мейрамды атап өтпегендіктен, бізде ұрпақтың екі буыны Наурызды көрген жоқ. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мейрамымыз қайтып келгенде Наурыздың мән-мағынасын терең білетін адамдар жоқ болды. Осылайша, күні бүгінге дейін біз Наурызды жаңа жылдың келуі деп емес, науқаншылдыққа айналдырып алдық. Наурыз мейрамы келсе ұлттық киім киіп, киіз үй тіксек, ат шаптырып, көже ішсек болды деп есептейміз. Бұрынғы кезде алты ай қыста біріне-бірі қатынай алмай қалғандар Наурызды асыға күтетін болған. Жаңа жылдың келуімен ауыл-ауылды аралап, қуаныштарына ортақтасып, қайғыларына көңіл айтқан. Қазіргі кезде Наурыз мерекесінің түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерін жүйелі жолға қою үшін сезіне білуіміз керек. Ол үшін еңбек ұжымдары бір жылдық есебін шығарып, өткен жылды қорытындыласа деймін. Жаңа жылға жоспарлар құрып, ақылдасатын уақыт. Тіпті әрбір отбасындағы ақсақалдар шетелде жүрген немере-шөберелерін жинап, Наурыздың отбасылық мейрамға айналуына үлес қосқанда ғана ұлттық мейрам деңгейіне шығара аламыз.
Бізден – үш ұсыныс
Киіз үй тігіп, шапан киюді ұлттық мейрам деп түсініп жүрген бізге сананы жаңғырту керек. Мысалы, Түркияда 1925 жылы Наурызды атап өтуге тыйым салынды. 66 жыл ұлыстың ұлы күнін тойлай алмаған түріктер 1991 жылдан бері атап өтіп жүр. Мемлекет басындағы азаматтардың ықыласы арқасында Түркияда Наурыз ең атаулы мерекелердің біріне айналды. Түпкі атрибуттарын жаңғырта отырып, заманға сай жалпыұлттық мерекеге айналдырды. Бәрі де ерік пен жігердің арқасында екеніне осындай дәлелдер жеткілікті. Осы орайда Наурызды лайықты деңгейде атап өтуге мынадай ұсыныстар білдіреміз.
Біріншіден, мейрамның саяси мәнін арттыра түсуіміз қажет. Ол үшін елдегі жылдық есеп-қисаптардың қорытындысы осы уақытқа лайықтап жасалғаны дұрыс. Мысалы, әкімдер мен министрлердің 2011 жыл бойынша қорытынды есебі желтоқсаннан ақпан айына дейін созылды. Одан да ақпан айының басынан наурыздың 20-ларына дейін жүргізсе… Түбі бір түркі жұртының кейінгі жылдары ынтымақтастығы арта түскені белгілі. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті, Парламенттік ассамблеяның маңызды басқосулары осы уақытта өткізілсе, мейрамның да салмағы мығым бола түсетіні анық. Мемлекет басшылары әр жылды әр елде наурыз айында қарсы алып жатса, халықтар да бір табан жақындай түсері сөзсіз.
Екіншіден, Наурыз кезінде де облыс әкімдері Президент, әкім шыршасы сияқты шараларды кең көлемде атап өткені дұрыс. Егер осылай болса, Президенттің, әкімнің наурызкөжесінен дәм татуға балалар да асығатын еді. Республикалық деңгейдегі мұндай шараға қазақ ертегілері кейіпкерлері мен Қызыр бабаны енгізсек, жас ұрпақтың санасына оң әсерін тигізбек.
Үшіншіден, әрбір ұлттың тілі мен мәдениетін сақтауға мүдделілік танытып келе жатқан еліміздің облыс орталықтарында «Достық үйін» салдық. Бұл – ел бірлігін қамтамасыз етіп, одан әрі арттыруға жасалған шаралардың бірі. Ұлттық мереке – Наурызды жалпыхалықтық мейрам ету де қиын шаруа емес. Осы арқылы халықты топтастыруға мүмкіндік бар. Мысалы, 16 млн 400 мыңнан аса халқымыздың 12 миллионы Наурызды отбасылық деңгейде атап өтеді екен. Осынша халық өзінің төл жаңа жылы деп есептейді. Тек қана отбасылықтан мемлекеттік деңгейге көтеруіміз керек сияқты. Бұл жерде қазақтың ұлттық дәстүрінің негізінде Наурызды атап өтудің жалпымемлекеттік стандартты сценарийін дайындау қажет. Сол мейрамды жыл сайын атап өтетін салтанатты Наурыз сарайларын Астана мен Алматыдан бастап, облыс орталықтарына дейін салсақ, артық етпейді. Наурыз-сарай бой көтеріп, ел игілігіне қызмет ететін болса, мемлекеттік деңгейде ресми аталып өтетін ұлық мерекеміздің жыл басы ретінде жалпыхалықтық сипат алып кететініне шүбә келтіруге болмас.
Қазіргі күнтізбе бойынша, бізде 10 мереке бар. Оның екеуі (1-2 және 7 қаңтар) христиан дініне қатысты болса, біреуі – Құрбан айт. Төртеуі – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы елеулі күндер (16-17 желтоқсан, 30 тамыз, 1 желтоқсан, 6 шілде.) 8 наурыз, 1 және 9 мамыр халықаралық мейрамдар десек, қазақтың төл мерекесі осы Наурыз ғана екен. Тәуелсіз ел болып, қолымыз аузымызға жеткенде ұлттық мерекеге жүрдім-бардым қарауға ұялатын кез жеткен сияқты.
Түйін
5 мың жылдық тарихы бар мерекені біз емес, бүкіл халықаралық қауымдастық мойындап отыр. Мысалы, БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясына сәйкес, БҰҰ 21 наурызды халықаралық күн ретінде мойындай отырып, Наурызды атап өтетін мемлекеттердің ақпараттық, ғылыми тұрғыдан бұл мейрамды әспеттеуіне мүдделілік танытады. Бүкіл адамзатты ұйытуға мүдделі Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл күнді мойындауы тегін емес. Наурызды тану арқылы халықаралық қауымдастықтың бірлігін нығайту. Ендеше, БҰҰ тәжірибесін жалпыұлттық, мемлекеттік деңгейде біз де қолдануымыз керек. 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста