Назарбаев селфи жасамақ болған Өтемұратовты итеріп тастады
Бүгін Бурабайда 8 елдің басшысы Саммит өткізу үшін жиналды. Шараның барысында суретке түсу үшін президенттер жиналып жатқан тұста, Нұрсұлтан Назарбаевтың қасына белгілі олигарх Болат Өтемұратов жақындап, селфиге түспек болады. Алайда президент оны итеріп тастады.
Видео Азаттық сайтынан алынды
Ақмола облысына қарасты Бурабай кентінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жоғары деңгейдегі отырысқа Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Молдова Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Галбур, Түркіменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Сатлық Сатлыков, Украинаның Қазақстандағы істерінің уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник, ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысуда.
Кездесу қатысушылары лаңкестік қаупіне бірлесе қарсы тұру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, Достастық қатысушы-елдері күш-қуат құрылымдарының ынтымақтастығы және басқа да негізгі мәселелерді қамтитын тақырыптар топтамасын талқылайды.
Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай және халықаралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдемелер, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығымен байланысты үндеу қабылдануы жоспарлануда. Сонымен қатар отырыс барысында 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы, 2016-2020 жылдарға арналған сыртқы шекаралардағы шекаралық қауіпсіздікті нығайту бағдарламасы қабылданбақ.
Мұнан бөлек, тараптар Түркіменстанның Дашогуз қаласын ТМД-нң 2016 жылғы мәдени астанасы деп жарияламақ. Сондай-ақ 2016 жылы ТМД-ға Қырғыз Республикасының төрағалығы туралы шешім шығарылмақ.
Дереккөз: NUR.KZ