Назарбаев "Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы қандай болуы керек?" деген сауалға жауап берді
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік толғауын» жариялады.
Сөз арасында Президент Н. Назарбаев халқымыздың қастерлі Тәуелсіздігі мен Мәңгілік Еліміздің болашағы өзін үнемі толғандыратынын да атап өтті. «Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы қандай болуы керек?» деген сауалды мен өзіме сәт сайын қойып отырамын. Осы жайындағы ой орамдарын қағазға түсіріп «Тәуелсіздік толғауы» деп атағым келді. Ол азат еліміздің күллі азаматтарына, жалынды жастарға, бүгінгі буынның ерен істерін лайықты жалғастыратын ертеңгі ұрпаққа арналады», - дей келе толғауын жариялады.
Онда Елбасы былай деп толғайды: «Заман ағымы бізді, Қазақстан Республикасын тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде әлемге әйгіленген тарихи дата – 1991 жылдың 16 желтоқсанынан күн сайын, сағат сайын алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдіретін жан жүрегімізбен түсінеміз. Ол – егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол – туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымыбен жұмсау таңдауы. Ол – өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы. Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол – алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол – әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрады. Ол – біздің экономикамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орынымен, ұланғайыр Отанымызға төселген әрбір күре жолымен, дала төсіне енген әрбір тонна алтын дәнімен нығаяды», - деп толғайды Елбасы.
Бұдан бөлек, Елбасы Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі екенін, Тәуелсіздік кешегі батыр бабалар өсиет еткеніндей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі екенін де атап өтті.
«Біз жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясат – халықтың даналығы. Қазақстанды өркендету жолындағы күллі жауапты шешімдердің даналығы. Халқымыздың асқақ абыройының қонақжайлылығы мен кең пейілінің даналығы», – деп толғайды Елбасы.
Бұдан соң, Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздік дегеніміз – Жалпыға Ортақ еңбек екенін, ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттер еңбегі, еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі екенін еске салады. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі екенін де алға тартады, Елбасы.
«Оның көкжиегін жаһандық деңгейге жайған сан қырлы мәдениеті бар. Оның ғылымға, инновациялар мен прогреске әрдайым айқара ашық есігі бар. Оның көздеген межелеріне қалайда жететін мақсаткерлігі бар. Мәңгілік Ел – Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы. Бұл қағидаларды мүлтіксіз сақтай отырып, біз Отанымыздың көк байрағын нық ұстаймыз, оны Қазақстан дамуының жаңа биіктерінде де асқақтата желбіретеміз. Бұл біздің мәңгілік ұстанымымыз», – деп түйіндейді толғауын Елбасы.