Н.Назарбаев: Вьетнам – Қазақстанның Азия-Тынық мұхит аймағындағы басты әріптесі
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары аяқталды. Елбасы Н.Назарбаев Вьетнамға сапары барысында сол елдің бірқатар лауазымды басшыларымен кездесті.
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» ХДП төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам Коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен кездесті.
– Вьетнам Коммунистік партиясының басшылығымен Вьетнам халқы әлеуметтік-экономикалық дамуда, білім, мәдениет пен қоғамдық өмірдің өзге де салаларында толымды табыстарға жетті, – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Вьетнам өзара тиімді серіктестігінің сапалы жаңа деңгейге өтуі үшін объективті мүмкіндіктер барын атап өтті.
– Саяси жүйенің тұрақтылығы – екіжақты ынтымақтастықтың табысының кепілі. Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды осындай негізде құру керек, – деп атап өтті Вьетнам Коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ВСР Ұлттық жиналысының төрағасы Нгуен Шинь Хунгпен кездесті.
Вьетнамның жоғары өкілетті органының басшысымен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті парламентаралық өзара іс-қимыл мемлекетаралық байланыстарды дамытуда негізгі рөл атқаратынын атап өтті.
– Делегациялар алмасу және парламентаралық ынтымақтастық тобын құру Қазақстан Парламенті мен Вьетнам Ұлттық жиналысының арасындағы байланыстарды тереңдетуге қызмет етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Нгуен Шинь Хунг атап өткендей, Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары Қазақстан-Вьетнам серіктестігінің жаңа беттерін ашады. «Біз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытып, білім саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруымыз керек. Сонымен бірге халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде нығайтуымыз қажет», – деді ВСР Ұлттық жиналысының төрағасы.
Сонымен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ханой қаласындағы Вьетнам ұлттық университетінде (ВҰУ) болып, студенттермен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, онда Қазақстанның қол жеткізен жетістіктері жайлы баяндап, әлемдегі жағдайға байланысты өз көзқарасымен бөлісіп, Вьетнаммен ынтымақтастықтың одан әрі жасалатын қадамдарынан хабардар етті. Вьетнам ұлттық университетінің ректоры Май Чонг Нхиан Қазақстан Президентіне ВҰУ құрметті докторы атағын беру туралы бұйрықты оқып берді. «Ең алдымен, мен сізге қонақжайлығыңыз бен осындай жылы қабылдауыңыз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұл – менің Вьетнамға алғашқы сапарым. Сіздің елде болған алғашқы минуттардан-ақ мен Вьетнам халқының жүрек жылуын сезіндім», – деп атап өтті Н.Назарбаев аудитория алдында сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы баса айтқандай, «11 жылда алғаш рет біз Астана қаласында ЕҚЫҰ саммитін өткізуге және еуроатланттық және еуразиялық қауіпсіздіктің бірыңғай кеңістігін құруға бағытталған Астана декларациясын қабылдауға қол жеткіздік, биылғы жылдың маусымында Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы аяқталғанын да тілге тиек етті. Қазіргі күні Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалықтың жауапты миссиясын жүзеге асыруда». Вьетнам елі де екі жыл бойы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі міндетін, былтыр АСЕАН-ға төрағалығын табысты атқарды. Осы ретте Елбасы Н.Назарбаев: «Біз Вьетнамды Қазақстанның Азия-Тынық мұхит аймағындағы басты әріптесі ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі хабарлағандай, Қазақстан мен Вьетнам 2012 жылы екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жеті сағаттық рейстерді ашу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі Б.Камалиев ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының көлік министрлігі арасындағы Азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды», – делінген хабарламада. Ведомствоаралық келісім аясында Қазақстан және Вьетнам тараптары екі жақтың авиатасымалдаушыларын Астана, Алматы (Қазақстан) және Ханой, Хошимин (Вьетнам) қалалары арасында тікелей әуе қатынасын ашуға жәрдемдеседі және қолдайды. Осы ведомствоаралық келісім «Эйр Астана» авиакомпаниясы 2012 жылы ашуды жоспарлап отырған әуе қатынасын орындаудың құқықтық базасы болады.
Ханойда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға жасаған мемлекеттік сапары аясында бірінші Қазақстан-Вьетнам бизнес форумы аяқталды. Өз сөзінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бүгінгі таңда Қазақстан ҮИИД бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асырып отырғанын, осыған байланысты Оңтүстік Шығыс Азиядағы экономикасы тез дамып келе жатқан елдердің бірі – Вьетнаммен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Вьетнам Қазақстанға бәсекеге қабілетті бағалар бойынша ауылшаруашылық өнімдері, соның ішінде кофе, шай, күріш, жаңғақ (бұл өнімге отандық кондитерлік фабрикалардан сұраныс түсіп те үлгерген), қара бұрыш, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп өнімдері, атап айтсақ, тоқыма өнімдері мен аяқкиім жеткізе алады. Ал өз кезегінде Қазақстан Вьетнам тарапына мұнай-газ, түсті металлургия, машина жасау және тыңайтқыштарды өңдеу салаларында тиімді ынтымақтастық ұсына алады. Қазақстан кәсіпорындары мұнай-газ құрылғыларын, тыңайтқыштарды, астық, ұн мен макарон өнімдерін экспорттай алады. Сондай-ақ туризмді дамытуда да ортақ мүдде бар.