«Нұр Отанның» артықшылығы мен кемшілігі
Биыл «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының құрылғанына 10 жыл толды. 15 мамырда Астанада өтетін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІ съезіне жалпы үш мыңнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр. Съезде талқыға түсетін басты тақырыптардың бірі – «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясы 2009-2012 жылдарға арналған жаңа стратегиясы, партияның орталық органын сайлау сынды бірқатар ұйымдастырушылық мәселелері және партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Біздің айтпағымыз басқа. «Елдегі доминантты партия 10 жылда не берді» деген сұрақ төңірегінде ой өрбіттік.
«Отаннан» «Нұр Отанға» дейін
«Нұр Отанның» саяси тарихы өзге партияларды қатарына қосып, салмағын арттыра беруімен ерекшеленеді. Алғаш рет 1999 жылы 1 наурызда «Отан» партиясының бірінші съезі өтіп, оған 400-ден астам делегат қатысты. Бұл сол жылы 10 қаңтардағы Президент сайлауынан кейінгі саяси жүйедегі партиялардың бірігуіне әкелді. «Отан» партиясының құрамына Қазақстан халқы бірлігі партиясы (ПНЕК), Қазақстан демократиялық партиясы, Либералдық қозғалыс, Әділет партиясы, Қазақстан халықтық-кооперативтік партиясы, Республикалық еңбек саяси партиясы, «Қазақстан-2030 үшін» қозғалысы кірді. Кейін ел арасында салмақ жинап, саяси алаңды қызыл брендімен «қыздырған» «Асар» партиясы «Отанның» құрамына еніп жоқ болды. 2006 жылы желтоқсанда Х съезде алдымен «АИСТ» блогымен танымал болған Азаматтық, Аграрлық партияларды өз қол астына біріктірген «Отан» партиясы сол кезден бастап «Нұр Отан» партиясы болып өзгерді. Сөйтіп, «Отан» мен «Нұр Отанның» айырмасы жер мен көктей болып шыға келді.
10 жылда атқарылған істер аз емес
«Нұр Отан» партиялық жүйедегі локомотивке айналып қана қоймай, саяси партия шеңберінен шығып кетіп, мемлекеттік аппаратпен тұтаса түскендей.
Партиялық иерархия қалыптасты. Яғни облыстардағы партия филиалының төрағасы әкім болып табылады, оған бағыныштылар мемлекеттік қызметпен қоса партияның жұмысын атқаруды ұмытпады. «Нұр Отан» 2007 жылғы Мәжіліс сайлауында 88,41 пайыз дауысқа ие болғаннан кейін саяси алаң босап қалып, шын мәніндегі доминантты партияға айналды. Партия әкімшілік, қаржылық, ақпараттық және интеллектуалдық ресурсты уысына шоғырландырды. Бірқатар мемлекетшіл бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдары «Нұр Медиа» ақпараттық холдингіне біріктірілді. «Жемқорлыққа қарсы 10 соққы» бағдарламасы аясында көбіне «майда шабақтар» партия қатарынан шеттетілді. Сарапшылар партияның бұрынғы КПСС сияқты құрылымға айналып бара жатқанын сынға алып жүр. Қалай дегенмен де, бас партияның 10 жылында өздері жиі айтатындай «атқарылған істер аз емес». Халықтың доминантты партияға деген сенімі зор. Өйткені «Нұр Отан» партиясының саяси салмағы мен беделін көтеріп тұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық тұлғасы, өзгелерден табыла бермейтін дара қасиеттері екені анық. Жақында мамырдың 4-інде «Нұр Отанның» республикалық идеологиялық активінде партияны реформалау, қызметін жүйелендіру қажеттігі айтылды. Онда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев: «Нұр Отан» барлық саяси жүйелерді орталықтандыратын, орталық және жергілікті билікті үйлестіретін, қоғамды жұмылдыратын ерекше институт болып табылады. Сонымен бірге біз халықтық партия ретінде әділетті партия болуға міндеттіміз. «Нұр Отанның» шынайы идеологиясы–экономикалық либерализм мен көзі ашық консерватизм синтезінен құралған саяси центризм. Басқарушы партия ретінде жауапкершілікті өзіне алады. Сондықтан айтылған уәделердің үдесінен шығуға күш салады. Партия Елбасының идеалды стратегиялық ресурсына айналды. Партия жұмысында жаңа технологияларды қолданып, жаңа форматта жұмыс істегіміз келеді» деді. Ал Президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев: «Нұр Отан» халықтың партиясы бола отырып, біз тек қоғамның бір ғана бөлшегі екендігімізді ұмытпауымыз керек. Ал егер бұндай қоғамның бөлшегі болудан қалып, тұтастанатын болсақ, онда партия болудан да қалар едік. Кезінде Кеңестің коммунистік партиясы да осының кебін киді. Яғни Компартия мен Кеңестер одағын құрдымға кетірген де осы – бір партия, бір идеология, бір ғана меншік болатын. Сондықтан да біз бұндай қадамнан қаша отырып, идеялық көшбасшылық мәселесін ең алдымен идеялардың бәсекелестігі тұрғысынан қарастыруымыз керек» деп ашық мойындаған болатын.
Осы ретте партияның артық-кем тұстарына бір ауық тоқтала кеткен артық болмас.
Артықшылығы:
Біріншіден, партия жетекшісінің лидерлік қасиеті.
Екіншіден, саяси-әкімшілік, қаржылық-медиа ресурстың жинақталуы.
Үшіншіден, қалың электораттың қолдауына ие болуы.
Кемшілігі:
Біріншіден, шектен тыс бюрократизм, номенклатура, әсіре науқаншылдық.
Екіншіден, партия арасындағы жемқорлық, парақорлық және қоғамдағы әділетсіздік фактілеріне немқұрайдылық.
Үшіншіден, Парламентте плюрализмнің (пікір қайшылығы) бәсеңдігі және т.б.
Саяси сипаттама:
«Нұр Отан» ХДП 1999 жылғы қаңтарда құрылып, сол жылдың 12 ақпанында Әділет министрлігінде тіркелді.
Саяси бағыты – центристік.
Партия мүшелерінің саны – 607 557 адам.
Партияның әлеуметтік негізі – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, студенттер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, шағын және орта бизнес өкілдері.
Басты мақсаттары – қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған экономикалық және саяси реформалардың жүзеге асуына белсенді түрде жәрдемдесу; азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру; әлеуметтік әділеттілікті бекіту және елдегі тұрақтылықты сақтау; ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту; азаматтардың отансүйгіштік сезімі мен елдің үйлесімді дамуы үшін жауапкершілігін тәрбиелеу.
Ой-тұжырым:
Халық арасында «Нұр Отан» партиясына қатысты қарама-қайшы пікір қалыптасқаны жасырын емес. Осындайда ағылшын әдебиетшісі Чарлз Калеб Колтонның «партия басшысына қарсыластарымен күрескеннен өз жақтастарының көңілін табу қиын» сөзі еске түседі. Сондықтан бас партия кемшіліктерден дұрыс қорытынды шығара білсе, болашағына даңғыл жол салмақ.