Оффшорлық компаниялардан не опа таптық?
Ел қазынасын сүліктей сорып, шетел асырған оффшорлық компаниялар жайындағы БАҚ-тың жанайқайын ешкім құлағына қыстырмай келеді. Қоғамды жайлаған жемқорлыққа тосқауыл қоямыз десек, алдымен тасадағы оффшорлық компаниялардың қитұрқы әрекетін сап тыю керек. Ендеше, елге опа бермеген оффшорлық компанияларға қайтіп тосқауыл қоямыз?
Дағдарысты еңсерудің бір жолы – оффшормен күрес
Заң осал болса, қоғамдағы мәселелердің асқынып, тіпті саясиланып кететіні бар. Шетелдік инвесторларды құшақ жая қарсы алатын әдетімізбен оффшорлық компаниялардың қитұрқы әрекеттеріне жол беріп алғанымызға мән бермей қалыппыз. Ішіміздегі кейбір алаяқтардың айдаладағы аралдарда оффшорлық компанияны тіркеу арқылы елден миллиардтаған ақшаны жымқырғанына да көз жұма қарадық. Қаржы дағдарысы қысқалы бері ел қазынасына қол салған оффшорлық компаниялардың құрық бойламас қулығына тосқауыл қоймаққа тырысып жатырмыз. Жақында «Нұр Отан» партиясының жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің 9-шы отырысында «Бас редакторлар клубы» бірлестігінің президенті Мірболат Күнбаев Қазақстанда партияның оффшорлық компанияларға мораторий енгізуді ұсынып отырғанын айтып еді. Расында, оффшорлық қитұрқылықтар – Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің ұрымтал тұсы. Әлемдегі көп елде оффшорлық компанияларға жеңілдетілген салық жүйесі қарастырылғанымен, ақшаның елден тысқары кетуі бас қатырған мәселеге айналды. Оффшор айналасындағы алаяқтық қолданыстағы заңдарды он орап әкетеді. Аз-кем түсіндіре кетсек, оффшорлық компания өзі тіркелген мемлекетте шаруашылық жұмыстармен айналыспайды және резидентті емес заңды немесе жеке тұлға болып табылады. Оффшорлық зона елдерінде салық мөлшері өте төмен немесе мүлде болмайды. Жылына бір мәрте төлемақы төленеді. Олигархтар мен саясаткерлер арасында оффшорлық компания ашу сәнге айналды. Оффшорлық компания несімен тиімді? Біріншіден, салық төлемейсіз немесе өте аз төлейсіз. Екіншіден, оффшорлық компания иесіне меншігін сақтауға кепілдік бар және оны тіркеу тәртібі барынша қарапайым. Үшіншіден, оффшорлық зонада оффшорлық компаниялардан бухгалтерлік есеп беру талап етілмейді. Төртіншіден, оффшорлық компанияның қожайыны туралы мәліметтер құпия сақталады. Оффшорлық компаниялар әлемнің кез келген банкінен қандай көлемде ақша салам десе де құқылы, оның иелері қос азаматтыққа қол жеткізе алады. Оффшорлық компаниялар PLC, LLC, Ltd, GmbH, IBC белгілерімен танымал. Оффшорлық компания тіркеудің құны өте арзан. Мысалы, Кипрде – 2500 долларға, ал Британ Виргин аралдарында 1000 долларға оффшорлық компанияңызды тіркей аласыз. Әлемдегі 1,5-3 миллион оффшорлық компаниялар мемлекетке емес, жеке адамдарға пайда әкеледі. Оффшорлық зона айналымындағы капитал көлемі 500 миллиард доллардан асады екен, ал оның қызметіне 2 миллиондай салымшы қатысады. Тек Британ Виргин аралының өзінде ғана 800 мың компания тіркелген. Әлемдегі мыңдаған оффшорлық зоналарды талап-деңгейіне қарай үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа салық төлеуді, есеп беруді талап етпейтін, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» нағыз оффшорлық зона елдеріне Багам аралдары, Британдық Виргин аралдары, Белиз, Панама, Вануату, Сейшель аралдары, Кайман аралдары жатады. Ал екінші топтағы Ирландия, Гибралтар, Мэн аралдары кіретін оффшорлық зонада Үкімет тарапынан қатаң қадағаланады және салық төлеу талап етіледі. Үшінші топтың талабы одан қаталдау. Бұл оффшорлық зона елдері қатарында Ресей (Калининград облысы), Люксембург, Швейцария, Кипрды атауға болады.
Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мамыр айының аяқ шенінде қаржы дағдарысына байланысты оффшорлық бизнеске қатысты мемлекет тарапынан қатаң шара қолданылатынын айтқан болатын.
Қазақстан оффшорлық зонаның 63 елін қара тізімге енгізді. Олардың арасында Андорра, Доминикан Республикасы, Виргин аралдары және Бермуд аралдары бар. Ұлттық банктің статистикасы бойынша Қазақстанның экспортын сатып алушы ірі елдердің ішінде Ресейден кейінгі орындарды оффшорлық компаниялардың «отаны» Бермуд және Виргин аралдары иеленеді екен. Бұл әлгі ұшақтар жоғалатын Бермуд аралдарында миллиардтаған қаржымыз құрдымға кетіп жатыр деген сөз. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы бүкіл бір жылдық экспорттың 12-15 пайызы, яғни 3,5 миллиард доллары оффшорға кетеді. Дағдарысқа қарсы әбжіл қимылдаймыз десек, оффшорға қарсы тегеурінді саясат керек.
Оффшорлық елдер тізімі:
«Америкалық Швейцария» атанған Коста-Рика LTD оффшоры.
Компанияны тіркеу құны – 2900 доллар, жылдық төлемақы – 1800 доллар.
Маршал аралдарындағы IBC оффшоры.
Компания құны – 1750 доллар. Жылдық төлемақы: 1350 доллар.
Британдық Виргин аралдарындағы оффшор.
Компания құны – 2100 доллар. Жылдық төлемақы – 1900 доллар.
Алаш-анықтама
«Оффшор» – ағылшын тілінен аударғанда «жағалаудан тыс», «шекарадан тыс» деген мағынаны береді. «Оффшор» сөзі алғаш рет АҚШ-тағы БАҚ-та Үкіметтің бақылауынан географиялық жырақта орналасқан қаржылық ұйымның әрекетіне байланысты қолданылды. Еркін суретшілер өзі тұрған мекеннен тыс арнайы тапсырыстарды орындап отырған. Үндістаннан Венецияға бағалы әшекей бұйымдарды жеткізетін ежелгі көпестердің тірлігі – оффшорлық кәсіп.
Ой-тұжырым
Есігімізді қағып кіретін инвесторлардың арасында тонын теріс айналдырып киген оффшорлық компаниялардың тірлігіне заң жүзінде тосқауыл қою керек. Дағдарысты еңсереміз десек, жемқорлықтың күретамырына айналған оффшорлық бизнеске тыйым салған жөн.