«Өнімді» және «өнімсіз» жұмыспен қамтылғандар кімдер?
Үкіметтің сейсенбідегі селекторлық отырысы әдеттегі қазақша сәлеммен басталып, орысша мазмұнмен жалғасты. Негізінен, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қанатқақты іске асырылу барысы мен оған енгізілетін өзгерістерді баяндай келген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің ресми тілімен ауылдағы әлеуметтің мәселесіне тікелей қатысты жайттар көбірек айтылды. Мәселен, азын-аулақ мал-жанымен отбасын асырап, артылғанын сатып күнелтетіндерді қай санатқа жатқызамыз, «өнімді» және «өнімсіз» жұмыспен қамтылғандарды қалай анықтаймыз? Осы секілді жаңалықтардың ауылдағы қазақтардың әлеуметтік жай-күйіне тікелей әсері болатыны анық.
Бірақ екі ауыз қазақша айтыла қалса, дереу орыс тіліне аударма жасалатын Үкіметте орысша сөйлеген шенеуніктердің сөзін де мемлекеттік тілге (конституциялық теңқұқылықты сақтау үшін) аудару қажеттігін қаперге алған ешкім болмады. Ал «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының маңызы аса зор екеніне шүбә жоқ. Оны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алға тартқан мысалдары-ақ айғақтап тұр. Министрдің сөзін қысқаша қазақшаласақ, Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының алғашқы пилоттық жүзеге асыру жылында жасалған жұмыстар биыл бағдарламаның қарқынды орындалуына септігін тигізген. Биыл, мәселен, осы бағдарламаға қатысуға берілген өтініштер алғашқы жылға қарағанда 66 пайызға артып, әлеуметтік келісімшарттар да 70 пайызға көбірек жасалыпты. Аз қамтылған жұмыссыз тұрғындардың қатысуы да екі есеге ұлғайған. «Бұл ретте ауылдық жерлерде шағын несиелерге деген қажеттілік айрықша байқалды. Шағын несиелермен қаржыландыру үш жарым есеге өсті. 2011 жылғы 3 миллиард 600 миллион теңгеден биыл 12 миллиард 400 миллион теңгеге дейін жетті. Шағын несие алушылардың саны да төрт еседен астам ұлғайды», – дейді министр.
Бағдарламаның төрт бағыты
Бірінші бағыт – оқыту және жұмысқа орналасуға септесу бойынша 448 білім беру мекемесімен келісімшарт жасалып, 63 мыңнан астам адам кәсіби оқумен қамтылған. Әлеуметтік келісімшарт жасау және қатысушыларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы қолдау жұмысқа орналасу көрсеткішін 82 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берген.
Екінші бағыт – кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағытта кәсіпкерлік негіздеріне үйретуден 6 мыңға жуық адам өтіп, 6200 адам микрокредит алыпты. Өз сөзінде осындай деректерді келтірген С.Әбденов мырза: «Аталған бағытты жетілдіру үшін жергілікті атқарушы органдарға ауылдар бойынша басым бағыттар мен жобаларды анықтайтын кәсіпкерлікті дамытудың картасын әзірлеуді жүктеуді ұсынамыз. Кәсіпкерлікті дамытуда ол бағдарламаға қатысушының жоба таңдауын жеңілдетеді. Екіншіден, бағдарламаға қатысушыға сервистік қызметтер ауқымын, соның ішінде бизнес- жоба дайындау, жобаларды бір жылға дейін консультациялық, бухгалтерлік және заңгерлік көмек көрсету тұрғысынан кеңейту көзделеді. Мұндай қолдау жобаның сапасын жақсартып, кәсіпкерлік сауаттылықты да көтере түспек», – деп отыр.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатын жіктеу әдістемесі жетілдірілуде
С.Әбденов «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрамында «өнімді» жұмыспен қамтылғандардың үлесін арттыру екенін айтады. Олардың үлесін 2015 жылы – 56 пайызға, 2020 жылға қарай 75 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Статистика агенттігімен бірлесіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты анықтау әдістемесін жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Ондағы мақсат – жоғарыда айтылған өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатын «өнімді» жұмыспен қамтылғандар және «өнімсіз» жұмыспен қамтылғандар деп құрылымдап қарастыру. Осылай деп бөлгесін, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы өз қанатының астына, яғни назарына «өнімсіз» жұмыспен қамтылған халық санатын алмақ. Министр бұларды, негізінен, қызметі эпизодтық сипаттағы тұлғалар, шаруашылықтағы өнімдері өз отбасынан артылмайтындар, сондай-ақ отбасылық шаруашылықтың ақы төленбейтін жұмысшылары деп анықтап отыр. Мұндай тұлғалардың саны бүгінгі таңда 1 миллион 340 мың адамды құрайды екен.
Жастарға жатақхана беру мәселесі қалай шешілмек?
Бағдарламаның аясындағы үшінші бағыт бойынша жастарға жатақханалар салу мәселесі қарастырылмақ. Ал жатақханаға ие болғысы келетін жастың, ең алдымен, жұмысы және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымы болуы тиіс. Бұл тетік қалай іске аспақ? Оны селекторлық отырыс барысында айтылған мүдделі тараптардың тікелей сұрақ-жауабынан іздеген жөн секілді.
Болат ЖӘМІШЕВ, ҚР қаржы министрі:
– Жастарға жатақханалар салу мәселесіне келсек, ол қосымша қаржыландыруды қажет ететіні анық. Оның үстіне, жатақханаларды жастарға беру шарттары айқын емес. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ салымдарының болуы оның (жастардың) бес жыл мерзім ішінде жеке пәтер сатып алуға қажетті соманы жинай алатындығына кепіл бола алмайды. Сондай-ақ осы бағытта жүзеге асуы тиіс құрылыстың ауқымы да нақтыланбаған. Ол «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен қаншалықты сабақтасқан? Осы секілді сұрақ көп.
Серік ӘБДЕНОВ, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Жатақханалар салу жөніндегі бұл шарттар, өзіңіз білесіз, Елбасының ауылдан қалалық жерге көшкен жастардың мобильділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы. Ал жатақханада тұрудың шарттары – жұмысберушімен еңбек келісімшартының болуы немесе жұмыспен қамту орталықтарымен арада жасалған әлеуметтік келісімшарты негізінде жұмыспен қамту жүйесіне қатысуы болмақ. Одан бөлек, тұрақты жұмыс орнын тапқан адам алдағы уақытта жеңілдікті шарттармен баспана сатып алуға қажетті салым жинақтарының болуы үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісімшарт жасасуы тиіс деп санаймыз. Жатақханада тұру мерзімі – бес жыл. Яғни осы мерзім ішінде жұмыспен қамтылуы да, баспана (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы) мәселесінің де шешілуі қарастырылмақ.
Серік АХМЕТОВ, ҚР Премьер-министрі:
– Менің білгім келетіні, бізде жұмыспен өзін-өзі қамтығандарға жататын жеке үй шаруашылығы барлар өнім өндіріп, өз отбасын азық-түлікпен қамтамасыз ететіндер мен өнімін арттырып, өзгеге сататындарға бөлінген. Өнімді жұмыспен өзін-өзі қамтығандар, олардың саны – шамамен 500 мың. Осылай деп бөлу қаншалықты дұрыс және олар бір-бірінен қалай ажыратылады? Статистикалық өлшемдер бар ма? Егер ол жеке үй шаруашылығы арқылы отбасын толық қамтамасыз етсе ше? Оны өнімсіз жұмыспен қамтылғандарға жатқызған жөн бе?
Серік ӘБДЕНОВ, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Статистика агенттігі қолданатын жұмыспен өзін-өзі қамтыған халықты анықтау әдістемесі Халықаралық еңбек ұйымының әдістемелеріне негізделген. Онда осы сәттердің бәрі нақты жіктеліп ажыратылған. Біз тек әлеуметтік қамтамасыз ету үшін «өнімді» жұмыспен өзін-өзі қамтығандар мен «өнімсіз» жұмыспен өзін-өзі қамтығандар деген ұғымды қосымша енгізіп отырмыз. Яғни алынған табысқа қарай отырып, ол адамның әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесіне қаншалықты қатыстылығын анықтау үшін. Бұл дегеніміз – зейнетақы жарнасын төлеу, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және қосылған құны бар өнім өндіру арқылы тұтастай экономикалық қатынастарға қатысуы. Осыған байланысты жеке үй шаруашылығында мал өсіріп, оны сату арқылы қосымша құн қалыптастыратындар – бөлек сала, олармен Экономикалық даму және сауда министрлігі аясындағы Кәсіпкерлікті дамыту комитеті айналысатын болады. Ал біз әлеуметтік қорғау аясында тек өз отбасының қажеттілігі үшін өнім өндіретін және бүгінгі таңда мемлекеттің әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесіне қатыспайтын тұлғалармен айналысамыз.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы:
– Бізде әдістемеге сәйкес, өз бетінше жұмыс істейтіндер санаты бар. Бұлар – жеке кәсіп қылатындар (жеке кәсіпкерлер) және жеке үй шаруашылығымен айналысатындар. Бұл ретте, жеке үй шаруашылығында істейтіндердің саны – 1 миллион 215 мың адам. Олардың өзі екі санатқа – тек отбасылық тұтынуға өнім өндіретіндер және өз отбасының қажеттілігі мен сату үшін өнім өндіретіндерге бөлінеді. Біз осындай екі санатқа бөлеміз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тек өз отбасының қажеттілігіне ғана (сатуға емес) өнім өндіретіндерді «өнімсіз» жұмыспен қамтылғандар санатына жатқызуды ұсынады. Бар мәселе – осы.
Серік АХМЕТОВ, Үкімет басшысы:
– Сіз бұл көзқарасты қолдайсыз ба?
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы:
– Қолдаймын, бірақ бұл жерде әңгіме министрлік (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау. – Автор) жұмыс істеуі тиіс халық санатын анықтауға байланысты болып отырғандықтан, бұл өз отбасының қажеттілігі үшін өнім өндіретіндердің бәрі бірдей әлеуметтік қорғаумен қамтылады деген сөз емес. Бұдан әрі олар (министрлік) табыстарын саралайды, егер ол табыс белгілі бір өлшемдерге жетпесе, онда әлеуметтік көмектермен қамтылады. Ал егер табыстары өзін және отбасын толық қамтамасыз етуге жететін болса, онда олар (отбасылар) әлеуметтік қорғаумен қамтылмайды.
Осымен әңгіме тамамдалғандай болғанда, бағдарламаның бірінші және үшінші бағытын қанатқақты режимде іске асырып жатқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев байланысқа шығып, алдымен оның тиімді жақтарына тоқталып, кем-кетіктеріне қатысты ұсыныстарын да айтып қалды. Сонымен, талқылауды қорытқан Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен өзге де мүдделі министрліктерге «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына өзгерістер енгізу барысын тездетуді тапсырды. Бұл ретте, жүзеге асыру барысында қолданылатын шаралардың тиімділігіне назар аударылып, кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін микрокредиттердің мақсаттылығы қатаң бақылануы тиістігін, ал әкімдер халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажеттігін де баса айтты.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Жалпы, халық бұл бағдарламаны қолдайды, себебі оның ең негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамту. Өткен екі жылда бағдарлама өзінің негізгі міндеттерін орындай бастады деуге болады. Нәтиже бар. Тек қана біздің облысқа (Шығыс Қазақстан облысы) осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Республикалық бюджеттен 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бағдарламаға 20 мыңнан астам адам қатысып, кәсіби оқытудан өткендердің 90 пайызы бүгінгі таңда жұмысқа орналасты.