Оралмандар саны миллионға жуықтап қалыпты!
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің жаңа басшысы Қабылсаят Әбішев кеше Парламентке келіп, Мәжіліс депутаттарымен көші-қон мәселесі бойынша әңгіме өрбітті. Бұрынғы сенатор, заңгер, қоғам қайраткері, Конституциялық кеңестің мүшесі болған азаматтан халықтың және халық қалаулыларының да күтері көп екені даусыз. Басқосуда бұған дейін шаруасы шатқаяқтап, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген ниетпен жұмыс істеп келген комитетке Қабылсаят Әзімбайұлы тың серпін беретінін бірден байқатты.
Мәжіліс жанындағы Көші-қон мәселелері және отандастармен байланыс жөніндегі консультациялық кеңес «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобымен бірлесіп өткізген «Көші-қон саясатының ағымдағы міндеттері» тақырыбындағы дөңгелек үстел көбінесе оралмандар жайын жан-жақты талқылауға арналды. Елбасының жарлығымен 1999 жылдан бастап шеттен келген қандастарға квота тағайындалғаны белгілі. Ол бойынша бюджеттен ақша бөлініп, алыстан оралған ағайындар үй-жайлы бола бастады. Атап айтар болсақ, 1999-2000 жылдар аралығында 500 отбасы квотаға ие болса, 2001-2002 жылдары 2655 отбасыға квота берілген. Ал бұл сан бертін келе тағы да өсе түсіп, 2003 жылы 5000 жанұя квота алыпты. Осы жылдар ішінде жалпы 6 мың 887 отбасы, яғни 32 мың 421 адам баспанаға қол жеткізіпті. Ал 2004 жылы бұл көмек ақшалай берілетін болып, оралмандарға үй үлестіру тоқтатылғаны мәлім. Қаржының көлемін Қабылсаят Әбішев мырзаның бір ғана дерегінен аңғаруға болады. Мысалға, бес адамнан тұратын бір оралман отбасына 655 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде, яғни 833 мың теңгеден (5500$) астам ақша беріледі. Бұл ақшалай квотаны алатындар саны 2004 жылы 10 мың отбасы болса, 2005-2008 жылдан бастап 15 мың болып бекітілді. Осы төрт жылдың ішінде 69 мың 400 оралман жанұясындағы 380 мың 245 адам ақшалай көмекке ие болған. Ал биылғы 2009 жылы квота алатын оралман отбасылардың қатары 20 мыңға жетіп отыр. Қабылсаят Әбішевтің сөзіне сүйенсек, сиыр жылының алғашқы тоқсанында 3 мың 215 отбасы көшіп келіп, квоталарын алған. Ал тәуелсіздік алғаннан бері елге келген оралмандардың жалпы саны биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін 188 мың 248 отбасы, яғни 737 мың 991 адам болған. Ал қай елден қанша оралман келгенін төмендегі кестеден көруге болады.
Тағы бір мәселе, Көші-қон комитетінің жеке тілшісі елімізде 1997 жылы қабылданған ана тіліндегі жалғыз заң жобасы біраз міндеттер атқарғанымен, көптеген кемшіліктерге толы дейді. Мысалға, талай жылдардан бері жыр болып келе жатқан оралман ағайынның құжат жасату жағдайы. Бұл мәселеге байланысты Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев «шеттен келген оралманды басқа мигранттармен қатар қоймай, дұрыс ниетпен қабылдағанда ғана мәселе оң шешіледі» деген тоқ етер түйінді ой айтты. Мысалға, оралманның қазақ екенін анықтайтын құжаты болған жағдайда оның азаматтық алу өтінішін бірден қабылдап, анда-мұнда сандалтпай, жеке куәлігін тез жасап беру керек. Мәселе бұл ғана емес... Осындай қайнауы жетпей жатқан жайлардың бәрі енді тек құқықтық тұрғыдан реттелмек. Яғни жаңа заң жобасында оралманның ойынан шықпай жүрген мәселенің бәрі орын табуы тиіс. Сонда ғана елдегі көші-қон саясаты, әсіресе шетелде тарыдай шашылып, елге жете алмай жүрген қазақтардың тағдыры оң шешілмек. Ал заң жобасын ұлтжанды азамат, әрі кәсіби заңгер ретінде Қабылсаят Әбішев мырза қолға алмақшы. Оған, әрине, халық қалаулылары мен қоғамның көмегі қажет. Әйтсе де бұл жаңа бастамаға жанашырлар табылатын секілді. Отырысты қорытындылаған Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан: «Дайындалған заң жобасы біз арқылы мақұлданады, сондықтан мейлі үш ай, мейлі үш жыл жұмыс істе, бірақ сенің атың тарихқа жаңа заң жобасымен қалатын болсын, біз көмек көрсетуге дайынбыз», – деп Көші-қон комитетінің басшысына демеу білдірді.