«Өрлеу» ұлттық педагогтердің біліктілігін арттыру орталығы құрылды
Кеше Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өз жұмысын бастаған жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің біліктілігін арттыру курсы барысында білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов «елімізде педагогтердің біліктілігін жетілдірудің қолданыстағы жүйесі жаңғыртылуда» деп мәлім етті.
Елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жанындағы педагогикалық шеберлік орталығында педагогтердің біліктілігін жетілдіру курсы ашылды. Бірінші кешен педагогикалық шеберлік орталығы мен осы орталықтың Назарбаев зияткерлік мектептерінің базаларында ашылып отырған филиалдары болып табылады. «Келешекте ол жерлерде отандық және шетелдік тәжірибелерді еліміздің барлық мектептеріне таратуға қабілетті білікті де білімді педагогтердің үлкен әлеуеті шоғырланатын болады», – деді білім және ғылым министрі өз сөзінде. Екінші кешен – жаңадан құрылып отырған педагогтердің біліктілігін жетілдірудің «Өрлеу» ұлттық орталығы. Бұл орталық Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін жетілдіруші республикалық институт пен облыстар мен Астана және Алматы қалаларында педагогтердің біліктіліктерін жетілдірумен айналысатын 16 институттың басын қосады. Бұл кешендер корпоративтік басқарудың, әлемдік тәжірибе мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибелерін, әдістемелерін таратудың жаңа бірыңғай базасы негізінде жұмыс істейтін болады деп жоспарлануда. «Біздің еліміздің негізгі тірегі – зияткерлік ұлт мүмкіндігі. Сондықтан да біздің балаларымыздың сапалы білім алуы маңызды. Ақылды экономиканы ақылды адамдар жасауы керек, ал олардың тәрбиесінде педагогтердің алатын алатын орны ерекше», – деп атап өткен министрдің сөзіне қарағанда, курс барысында мұғалімдер дүниежүзілік тәжірибе ескерілген жаңа технология мен әдістемені танып-біледі. «Біліктілік арттыру курстарын табысты аяқтаған әрі сәйкестік деңгейі сертификатына ие болған ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесі де көзделеді. Үшінші деңгей сертификатына ие болған мұғалім өзінің жалақысына 30 пайыз үстемеақы алатын болады. Екінші деңгей сертификатының иегері – 70, ал бірінші деңгей сертификатын алған мұғалім 100 пайыз жалақысына үстемақы алады», – деді Б.Жұмағұлов. Оның айтуынша, педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін жаңғыртып, қайта іске қосуға арналған бесжылдық жоба еліміздің 120 мыңнан астам педагогін оқумен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл оқытушылар корпусының шамамен жартысына тең. Айта кетейік, Астанамен бірге біліктілік арттыру курстарын тікелей трансляция арқылы Семей, Көкшетау, Өскемен, Талдықорған, Павлодар, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалалары да бастады. Іс-шараға мыңнан астам мұғалім қатысты.