Орталық Азиядағы саяси ислам
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Орта Азия мемлекеттерінің рухани-мәдени саясатында идеологиялық вакуум пайда болды. Қоғамды «қарын» сана билеген осы тұста еңсесі кеткен аймақ халқы өзінің төл мәдениеті жайын тереңірек ойлануға, әрине, мұршасы болмады. Есесіне сан түрлі саяси идеологиялар және саяси ислам ұя салып үлгерді.
Дін мәселесі бүгінде Орталық Азиядағы саяси құбылыстардың ажырамас бөлігіне айналған. Осы себепті де посткеңестік елдердің діни ахуалдарына жаппай жасалған зерттеу жұмыстары «саяси ислам» деген жаңа терминді тудырды. Өз алдына дербес мемлекет атанған шақта Орталық Азиялық елдердің ресми дінбасылары Ислам дінінің қайта жаңғыруын барынша қолдады. Осылайша жаһандану заманына өз идеясын көтеріп келген ислам доктринасы Орталық Азия аймағына да бас сұқты. Саяси исламның алғашқы көріністері шетелден дін оқуын тауысқан сақалы бар, мұрты жоқ, шолақ балақ жастарымыздың бойынан байқала бастап еді. Олар білім алып қана келген жоқ, сонымен бірге исламдық саяси идеологияны да арқалай келді. Сауд Арабиясынан тараған осы идеологияның шынайы гуманистік діннен басты ерекшеліктерінің бірі – «Ислам мен зайырлы қоғам қатар өмір сүре алмайды» деген түсінікте жатыр. Орталық Азиядағы саясиланған исламды насихаттаушылардың көтерген ұраны – «я ислам құндылықтарын ұстанған діни мемлекетке айналамыз, я болмаса күш қолдану арқылы діни мемлекетке айналдырамыз» дегендей радикалды талапқа саяды. Ал Орталық Азия елдерінің байырғы заманнан жалғасқан дәстүрлі ұстанымында мұндай оғаш мінез болмаған. Жалпы, Орталық Азия халқы Ханафия мазхабындағы исламды ұстанушылар. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін аймаққа дін жаймақ болған діни ағымдар «ширк», «бидға» деп елдің басын қатырды. Ал оған қарсы тұрғысы келген мемлекеттер бірнеше майданда қатар айқасуға тура келеді. Өйткені күллі мұсылман баласын бір халифатқа қаратып, бір ғана орталықтан басқарылуын қалайтын саяси күштердің идеологиялық экспансиясы бірнеше тараптан қатар жасалуда. Тарқатып айтар болсақ, келіп жатқан діни топтардың әрбірі әр деңгейде радикалданған. Мәселен, Қазақстанда Жоғарғы соттың шешімімен шектеу қойылған 14 діни ұйымның төркіні бір ғана орталық болуы әбден мүмкін. Саясиланған исламнан Орталық Азия мемлекеттерінің ешқайсысы қалыс қалған емес.
Тәжікстандағы азаматтық соғыстың діни астары
Орталық Азиялық мемлекеттердің қатарынан ислам алғаш рет саяси күш ретінде танылған мекен Тәжікстан болды. Сырттан келген салафиттік исламды ұстанушы топтардың тасы өрге домалады. Айналдырған бір-екі жылдың ішінде халық арасынан салафилерді қолдаушылардың саны еселей артып, 100 мыңдай адамның өмірін қиған азаматтық соғыстың себепкері болды. Бақандай бес жылға ұласқан қанды қырғынның ақыр соңы билік құрамына исламшыл оппозиция өкілдерінің күштеп енгізілуімен аяқталды. Салафиттердің бұл жеңісі Орта Азияның басқа да аймақтарындағы діни ұйымдарға үлгі болды. Алайда Тәжікстанның құзырлы орындарындағы саяси рычагтарына діншілдердің қол жеткізуімен елдегі тартыс сейіле қоймады, керісінше, жаңа белеске өтті. Зайырлы қоғам мен исламшылдардың арасындағы тартыстың ондаған жылдарға созылуынан ел ішінде заманауи реформалар жасалмай, экономикалық соққылар ел еңсесін одан ары құлазытып жіберді.
Өзбекстандағы діни текетірес
Өзбекстандағы саяси ислам елдің ішкі-сыртқы саясатына бірдей әсер етіп отыр. «Уды у қайтарды» дегендей, мемлекет басшысы Ислам Каримов радикалды ислам арқылы жасалған саяси экспанцияға қарулы күш немесе басқадай батыл қадамдармен тойтарыс беруді әдіс ретінде таңдап алды. Бүтін Орталық Азия аймағы саяси исламның ықпалына жығылып кетпеуіне өзбек басшысы ерен еңбек сіңірді десе болады. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында жеке басы мен бүтіндей мемлекеттің имиджін саналы түрде құрбандыққа шалды. Оның үстіне, саясиланған исламнан арылу мақсатында Араб Әмірлігі елдерінің тарапынан жасалатын сан түрлі субсидиялар мен қайтарымсыз қаржылай көмектерден бас тартуға тура келді. Бұл қадам Өзбекстан үшін ауыр соққы. 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін мұндай апаттардың алдын алу барысында Өзбекстан қауіпсіздік күштері бірталай жұмыс жасады. Батыс көзқарасына салғанда дөрекі шараларға барды демесек, ислам доктринасының кеңге таралуына себеп болып жатқан орталықтардың біршамасы залалсыздандырылды. Қазір Өзбекстанда исламшылдардың қарқынды жұмысына қарамастан, жалпы халық саяси ислам мен шынайы гуманистік діннің арасын сәл де болса ажырата біледі. Сондықтан алдағы уақытта Өзбекстанда радикалды дін мәселесі жалпыхалықтық рең алмайды. Бұл жетістік Өзбекстанның ғана емес, жалпы Орта Азия аймағының қауіпсіздігіне сеп болып тұр.
Шатақ дін қырғызды қырыққа бөлді
Саясиланған исламның Орта Азия аймағына кіретін негізгі есіктің бірі – Қырғызстан болып отыр. Халық саны Орта Азия тұрғындарының бес пайызын да құрамайтындығына қарамастан, ел ішінде экстремистік ислам етегін кеңге жайған. Тіпті 2005 жылғы Қырғызстандағы төңкерісте саясиланған ислам күштерінің маңызды рөл атқарғандығын Ресей зерттеу институттары осы күнге дейін кеңінен сөз етті. Дәл қазір Қырғызстандағы ресми мекемелердің қызметкерлері, ЖОО студенттері және де мектеп оқушылары тарапынан жаппай жұма күнгі намазға кетіп қалу оқиғасы байқалады. Өз кезегінде бұл да жергілікті билікке қарсы жасалған агрессивті қадам.
Қазақстанда «қой терісін» жамылған қандай ағым?
Орталық Азиялық мемлекеттердің ішінде Қазақстан радикалды исламшылдар тарапынан жасалатын қанды оқиғаларға ұшырамаған жалғыз аймақ деп есептелінеді. Мұны кейде елдің экономикалық жетістіктерімен де байланыстырып жатады. Өкінішке қарай, бұл пікірлерді жалпақ көзқарас деп бағалауға болады. Елдегі саяси исламның жайлаған өрісі БАҚ құралдарында келтіріліп жүрген деңгейден әлдеқайда ауыр. Қазақстанның жағдайы басқа ортаазиялық мемлекеттерден өзгешелеу. Соңғы жылдары Қазақстанда жұмыс жасайтын экстремистік пиғылды ұйымдар үлкен нәтижелерге жете алмағандықтан, жұмыс жасау тәсілін өзгертті. Бұл күнде Қазақстандағы саяси діншілдер халық тарапынан қолдау табу үшін өз идеяларына жергілікті мәдениетті араластыра отырып, жаңаша насихат жасаудың жолын үйренді. Олар Қазақстан тұрғындарының арасында салафизмге қолдау көрсететіндер аз болғандықтан, жергілікті халыққа жат болмайтын ханафи мазхабын «қой терісі» ретінде сәтті пайдалануда. Ал өкінішті жері, жалпы халық мұндай топтардың будан саясатын төл мәдениетінен ажырата алмай, бір бүтін қалпында саясиланған исламның жетегіне еріп барады. Мәселен, Қазақстанның жалпы халқы «Хизб-ут Тахрирді» басқа радикалды топтардан ажырата алмайды.
Ой-тұжырым
Орталық Азия елдеріне қыруар қаражат құйып, діни ағартушылық бағытта жұмыс жасайтындар жұмысында гуманистік жанашырлықтан гөрі саяси мүдде басым жатыр. Жаһандану құбылысының басты заңдылығы «барша адам баласын бір стандартқа енгізу» екендігін ескерсек, исламды саяси құрал ретінде пайдаланушылардың да діттегені дін арқылы жергілікті дәстүрді, халықтың ойлау жүйесін, ең ақыры тілдік ерекшеліктерге дейін түбегейлі жою.