Ортақ жазу – түркі бірлігінің бастауы
Уақыт өте келе, қай халық болсын өзінің тегін іздеп, төл тарихын түгендері сөзсіз. Мұны табиғаттың бұлжымас заңы деуге де болады. Соңғы жылдары ұлы дала төсінде өшпес із қалдырып, әлемдік өркениетте ойып орын алған Көк Түріктің ұрпағының бірін-бірі іздей бастауы осыған дәлел болса керек. Тағдырдың жазуымен сан тарам жолға түсіп, өзінше бағыт алған бөрілі байрақты түріктің мемлекеттік дербестігі бар бүгінгі ұрпақтары түптің-түбінде тамырлас екенін түсініп, ынтымағы ұйысқан тұтастыққа ұмтылуда.
Былтыр ғана құрылған Түркітілдес мемлекеттердің Ақсақалдар кеңесі – ортақ әліпби туралы бастама көтергенін білеміз. Бұл жалпы түркі халықтары бірлігінің кепілі – өзара ортақ әрі түсінікті жазу мен тіл екенін білдірсе керек. Алайда бұл қаншалықты өміршең ұсыныс және оған қашан қол жеткізе аламыз? Енді аз-кем әңгіме осы төңірегінде.
Алғашқы ой Анадолы елінде айтылды
Ортақ әліпби туралы алғашқы ой 1993 жылы Анкара қаласында түркі халықтары басшыларының үлкен саммитінде сөз болған еді. Ол жерде аса мән берілген негізгі мәселенің бірі түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру болатын. Латын графикасына сүйене отырып, күллі түркі жұртшылығына ортақ әрі түсінікті болатын жаңа әліпби жасау жайы талқыланды. Ақыры, саммитке жиналған мемлекет басшылары ортақ тіл мәселесін бірлесіп шешеміз деп уағдаласып тарасқан еді. Алайда Анадолы елінде басталғандай болған ірі мақсат белгілі себептерге байланысты жүзеге асырылмай қалды.
Бұл ғажайып идея 2006 жылы қайта түледі. Дәл осы жылы Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анталиядағы саммитте бірнеше жалпытүркілік құрылым құру туралы, яғни Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Тұрақты органын, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын және Ақсақалдар кеңесін құру туралы ұсыныстар жасады. Осы бастама бойынша 2008 жылы қазанда Парламентаралық Ассамблея құрылды. 2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен түркітілдестердің саммитінде түркі халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттейтін Түркі дүниесі академиясын құру туралы бастама көтерілді. Қазақстан басшысының осынау ойлары кейін Анкарада одан әрі өрбітіліп, нақты келісімдерге қол жеткізілді. Осылайша мәдени-рухани мұрасы мол түркі әлемінің тыңына түрен салып, зерттейтін Түркі академиясы құрылды.
Әзірше латын қарпінің бәсі басым...
Бүгінгі таңда Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан сынды бірқатар мемлекеттер өз алдына жеке-жеке әліпби қабылдап үлгерді. Әрине, бұл ортақ әліпби қалыптасып келеді дегенді білдірмесе керек. Сонымен, ортақ жазу қай қаріпке негізделмек? Ғалымдардың бір тобы көне түркі жазуы – руна таңбасын ұсынса, біразы латын қарпін ұсынып отыр. Бұл дауда әзірге латын қарпінің бәсі басым тұр. Оған себеп те жоқ емес секілді. Біріншіден, түркітектес мемлекеттердің көш бастаушысы – Түркия мемлекеті латын қарпін пайдаланады. Екіншіден, кейбір тіл мамандарының пікіріне қарағанда, латын қарпінің негізі түркі мәдениетімен астасып жатыр. «Латын әліпбиінің таңба ретіндегі түпкі атасы түркі жазуынан шыққан» деген болжам айтушылар да бар. Түркітанушы Серік Ерғалидің айтуынша, латын қарпін жасаған латындар емес. Ерғали мырзаның: «Оның (латын әліпбиінің) ежелгі гректерге де қатысы шамалы. Ежелгі гректер мен қазіргі гректердің өркениеті екі басқа. Ежелгі гректердің мәдениетінің қалыптасуына түркілер үлкен үлес қосты. Қазіргі латын әліпбиі – ежелгі орхон-енисей таңбаларының негізінде жүйеленіп жасалған түрі», – деген пікір айтқаны бар.
Сондай-ақ ол «ортақ әліпбиді қазіргі ағылшын нұсқасындағы қаріп түрінде жасаған дұрыс» деген пікірде. «Себебі барлық техникалық, электрондық бағдарламаларды қайта жасап, уақыт пен ақшаны шығындауға тура келеді. Ал ағылшын әрпі әзір тұр және оның қыруар техникалық әлеуеті де дайын. Тек қана әліпбиді соған негіздеген дұрыс болар», – дейді ол.
«Ортақ жазу» дауы қашан шешімін табады?
Бұған әзір нақты жауап жоқ. Қалай болған күнде де ортақ әліпбидің жасалуы түркілік бірліктің бастауы болатыны еш талас тудырмайды. Тек оның жүзеге асуына уақытша талас-тартыс қана кедергі келтіріп отыр. Енді осы ортақ әліпбидің тиімді тұстарын өзімізше саралап көрелік:
Ең бастысы, басында айтып өткеніміздей, қатал жүйенің салдарынан алыстап кеткен түркі-тамырлық байланысымыз нығаяды.
Екіншіден, күллі түркі жұртшылығы бір-бірімен ортақ әрі түсінікті әліпби арқылы оп-оңай байланысады.
Үшінші, ортақ әліпбиді жасау барысында қазақтан өзге кейбір халықтардың ң, қ, ө, ғ сынды жоғалып кеткен ұлттық сипаттағы ерекше әріптерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туады. Яғни әр халық өзінің төл дыбысымен қайта қауышады деген сөз. Қазіргі түріктердің өздері төл дыбыстарын беретін осындай үш-төрт әріп таңбаларынан айырылып қалғаны белгілі.
Төртінші, бесінші... деп соза беруге болады. Түсінген адамға осының өзі жеткілікті болар деп ойлаймыз.
Жантас Жақыпов, филология ғылымының докторы, профессор:
– Қазір латын қарпінің үстемдік етіп отырған уақыты. Бұл – бізді ұшпаққа жеткізбейтін құбылыс. Қай қоғамда болсын дін өте маңызды фактор атқарады. Оны жоққа шығаруға болмайды. Күллі түркі жұрты ислам дінін ұстанады. Сол себепті ғалымдардың ішінде араб жазуын артық көретіндері бар. Алайда түркілік рухты көтеру үшін көне түркі жазуын жаңғырту керек. Әрине, оны сол күйінде емес, жаңғыртып қолдану жөн. Ортақ жазу осы негізде жасалған көне түркі әліпбиі болуы тиіс. Көне түркі жазуын зерттеу жұмыстары бізде өте жақсы жүріп жатыр. Осылай болған жағдайда Қазақ елі түркі әлемінің көшбасшысына айналады. Алайда бұл мәселе қашан шешіледі? Оны айта алмаймын. Ол үшін өте үлкен бағдарлама жасалуы тиіс. Ол үшін үлкен мұрат болуы керек. Ал «едел-жедел кіргізіп жібереміз» деу кеңес өкіметі құлаған соң, парторгтердің лезде молда болып кеткеніндей болып шығады.
Серік Ерғали, түркітанушы:
– Ортақ әліпби жасалу үшін күллі түркі халқы болмаса да, елдігі мен тәуелсіздігін сақтап қалған мемлекеттердің дыбыстық өзара үйлесімі болуы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ондай үндестік жойылып кетті. Біздегі бар кейбір дыбыстар өзгелерде жоқ. Немесе, керісінше. Өткен ғасырдың 90-жылдары 32 әріптен тұратын әліпби жасалған еді. Алайда ол жалпытүркілік лингвистикалық талаптарға сай келмеді. Сондықтан ортақ үйлесім болмайынша, ортақ әліпби болуы мүмкін емес. Бұл шаруа осыдан кемінде бір ғасыр бұрын басталуы тиіс еді.
P.S.
Түркі халықтарының тілін, ділін, жалпы, ортақ құндылығын жақындастыруды сонау Алаш арыстары да арман еткені белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде сөйлеген сөзінде түркі әлемін жақындастыру үшін ортақ әліпби қолдану туралы мәселе қозғағаны осының дәлелі болса керек. Бірақ бұл мәселе қашан шешімін табады, ол – болашақтың еншісіндегі шаруа.
18 жылға созылған идея тағы ондаған, тіпті жүздеген жылға созылып кетпесе болғаны...