Палестина-Израиль қақтығысы үлкен дауға айналып барады
Әлем назары тағы да Таяу Шығыстағы жанжалға ауды. Израиль мен Газа секторы арасындағы қарулы қақтығыс шиеленісіп барады. Өткен сенбіде исламшыл топтар Газа секторындағы израильдік әскери көлікке шабуыл жасағаннан кейін Израиль мен Палестина арасында әскери шиеленістер басталды.
Алдымен Израильдің әскери әуе күштері Палестина автономиясы аумағындағы содырлар тобының көзін жою операциясын бастап кетті. Алайда соның салдарынан Палестина жерінде бейбіт тұрғындар зардап шекті. Бұған «ХАМАС» қозғалысының әскерилері де қарап жатпай, әскери қарсылық көрсетіп, Израиль аумағын «Кассам» санатындағы зымырандармен атқылады. Сәрсенбі күні Израильдің Әскери-теңіз және әуе күштері Газа аумағындағы содырларға қарсы «Бұлтты тірек» деген атаумен ауқымды операциясын бастады. Израильдіктер Газа секторындағы жүзден астам нысанға жерден, әуеден және теңізден шабуыл бастады. Әсіресе, жұма күні Газа секторын барынша бомбалап, 150-ге жуық соққы жасалды. Сол операция барысында «ХАМАС» қозғалысы жауынгерлік қанатының басшысы Ахмед әл-Джабари қаза тапты. Екі тараптан да зардап шеккендердің саны аз емес. Дегенмен қаза тапқан бейбіт палестиналықтардың саны израильдіктерден анағұрлым басым. БҰҰ-ның Палестинадағы тәуелсіз бақылаушысының мәліметіне қарағанда Израиль әскери шабуылынан қаза тапқандардың саны қазір 140 адамға жетіп отыр.
АҚШ Израильді қолдайтынын ашық айтты
Газа секторында израильдік операциялар басталысымен-ақ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ Президенті Барак Обамаға мемлекеттің өзін-өзі қорғау құқығына қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді. Бұған дейін АҚШ президенті Барак Обама «бұл соғысқа «ХАМАС» кінәлі» дегенді айтқан болатын. Тіпті «алдағы уақытта құрлықтағы әскери шабуылдар басталса да біз кедергі болмаймыз» – деген пікір АҚШ тарапынан ресми түрде айтылды. Ал Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббас зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды. Ол Израильдің іс-қимылы бастапқыдан-ақ Палестина мемлекетін құруға бағытталған үдерістерді бұзуға негізделгендігін атап өтті. БҰҰ Бас ассамблеясына Палестина мәртебесін көтеру туралы өтініш осы айдың ішінде берілуі тиіс еді. АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісінің орынбасары Бен Родс Түркия, Египет және Газа секторының еуропалық серіктестерін «өзін-өзі қорғауға толық құқығы бар» Израильмен жанжалды қоздыруын тоқтату үшін «ХАМАС-қа» қысым көрсетуге шақырды. Мұндай мәлімдемені ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон да жасады. Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі барлық жауапкершілікті «ХАМАС-тың» мойнына арта салды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тартыс
Осы аптада Газа секторындағы ахуалға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде арнайы кеңес өткізілген болатын. Жанжалдасушы тараптардың өкілдері бір-біріне кінә артып, халықаралық қоғамдастықты тағы да адамдардың мерт болуына және жаңа соғыс отының тұтануына жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауға шақырды. Әзірге БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі палестина-израильдік қақтығыстарға тосқауыл қою үшін нақты шараларға бара алмай отыр. Бұған Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдерінің бұл мәселеге қатысты көзқарастарының әртүрлі болуы себеп. Қысқасы, әлем тағы да екі лагерьге бөлініп отыр. Біріншісі, Тель-Авивтің әуе соққыларын түбегейлі айыптап, Израильді күш қолдаудан бас тартуға шақырады. Ал екіншісі, жанжалдың ушығуына палестиндік топтарды айыптап, Израильдің әскери операцияларының салдарына назар аудармастан оларды басты жанжалды бастаушылар санайды. Мәселен, АҚШ Израильдің біртұтастығын қолдаса, Ресей Палестина мүддесін қорғауды көтереді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун палестиндіктерге де, израильдіктерге де зорлық-зомбылықтан тыйылып, гуманитарлық құқық аясында қабылданған міндеттемелерді қатаң ұстануды талап етті. Кеше Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоган «Израиль этникалық тазалау» операциясын жүргізіп жатыр» деген мәлімдеме жасай отырып, оған кедергі бола алмай отырған БҰҰ-ны сынға алды.
Ресей де өзін көп күттірген жоқ. Ресей СІМ-нің ақпаратында Мәскеудің «күштік майдандасуды шұғыл тоқтату, Израиль аумағына да, Газа секторына да соққы жасауды доғару» қажет деп санайтындығы айтылған. Мұндай ұстанымды Египет және бірқатар Араб елдері де қолдап отыр. Ал Мәскеудің жаһандық қауіпсіздік мәселелерінде басты серіктесі Бейжің болса, өзінің алаңдаушылығын білдіріп, барынша ұстанымды болуға шақыратындығын ғана жеткізіп отыр. Қазіргі таңда екі тарап та ұзаққа созылатын соғыстың алдында тұр. Израиль қорғаныс министрлігі резервтегі азаматтарын әскер қатарына шақырылғандығын ресми түрде жария етуде. Соңғы ақпараттарға қарағанда, олардың саны 30 мыңнан 75 мыңға дейінгі адамды құрайды. Газа секторына екі сауытты танк дивизиясы мен Израильдің екі жаяу бригадасы шоғырлануда.
Әлем Израиль шабуылын айыптауда
Әлемнің бейресми жұртшылығы да осы қақтығыстарға қатысты өз пікірін жеткізуге ұмтылып жатыр. Басқаны былай қойғанда Израиль жерінде де Тель-Авивтің агрессиялық соққысына қарсылық білдіріп, тез арада соғысты тоқтатуды талап еткендер бар. Түркия, Мысыр және басқа да көптеген мұсылман елдерінің тұрғындары қантөгіске қатысты наразылығын білдіріп, жаппай ереуілге шықты. Сондай-ақ Грекияның астанасы Афины, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан елдеріндегі Израиль елшіліктерінің есік алды наразылық айтушылардан босамады.