Парламент депутаттары билікті сынаумен шектелмеуі керек - Мемлекет басшысы
Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент депутаттарын билікті беталды сынаумен шектелмеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл Парламент пен Үкіметтің өзара бірлескен жұмысына да қатысты мәселе. Парламент депутаттарының ой-пікірі атқарушы билікті беталды сынның астына алуды ғана көздемеуге тиіс. Үкіметтің де, Парламенттің де мақсаты – бір. Бұл – халықтың қамы және елдің мүддесі. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бізге, ең алдымен, мызғымас бірлік қажет. Сондықтан азаматтарымыз Парламенттің жаңа құрамына ерекше үміт артып отыр. Ал Үкімет Парламентке өз жұмысы жөнінде есеп береді»», - деді Мемлекте басшысы.
Сондай-ақ, Президент елдегі әлеуметтік кепілдіктердің көлемі қысқармайтынын айтты.
«Адами капиталды тиімді дамыту аясында мемлекеттік әлеуметтік қолдау нақты адамдарға бағдарланған және атаулы болуға тиіс. Әлеуметтік кепілдіктердің ағымдағы көлемі қысқармауы керек, бірақ шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлінуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.