Партия құруға қанша қаражат қажет?
Тәуелсіздіктен бергі 20 жылдан астам уақыттың ішінде Қазақстанда талай партия құрылып, талайы «дүние салып» жатса, бірқатары бірігіп еңбектену жолын таңдады. Кейбірі идеялық тоқыраудан дағдарысқа тап болса, ендігісі кадрлік резервтің жұтаңдығынан, азаматтық белсенділіктің болмауынан, енді бірі қаржылық қиындықтардың салдарынан бәсекеге төтеп бере алмай, біржола жоғалып кетті. Қазірдің өзінде іс барысындағы партиялардың басым көпшілігі пассив деңгейде жұмыс жасап жатыр.
Саяси ортада «өлі партияны тірілтуден гөрі жаңа партия жасақтап, жаңа идеяның атын қамшылау тиімді болады» деген тұжырым бар. Алайда партия жасақтаудың жүгі – алпыс батпан.
Жалпы, Қазақстанда партия жасақтау үшін оның 10 адамнан тұратын бастамашыл тобы және республика бойынша 50 мыңнан кем болмайтын жалпы мүшелері болуы керек. Сонымен қатар елдің әр аймақтарында филиалдар ашы-лып, әрбірінің құрамында кемі 800-1000 адамнан болуы қажет. Бұл – заңдық талап. Сонымен қатар партияның алғашқы үгіт-насихат жұмыстарына қыруар қаржы мен қажырлы еңбек қажет болатыны айтпаса да түсінікті. Ал алғашқы белестен өтіп, тіркеліп, Парламент қатарынан аз да болса мандатқа ие болған партияны Үкімет қаржыландыра бастайды. Үкіметтен бөлінетін қаржының көлемі партияның Парламент сайлауында жинаған даусының пайызына байланысты. Партияны жаңадан жасақтау қанша қиын болса, оны ұстап тұру, ісін өрге домалату да оңай емес. Көп жағдайда қаржылық қиындықтар қолбайлау болатыны түсінікті. Біз партияның қолына Үкіметтен немесе демеушілерден бөлек, мүшелік жарна арқылы түсетін қаржыға есептік шолу жасаған едік.
Партия туралы логикалық есеп-қисап
Биліктің негізгі партиясы болып отырған «Нұр Отанға» бөлек есеп қажет екені анық. Дәл қазір біз өзге партиялардың жағдайын шамамен есепке салып көрсек деп едік. Қазақстан заңнамасы бойынша тіркеуге отырушы партияның қатарында 50 мың адам мүшелікте болу керек. Қазақстандағы тоғыз партияның арасынан ресми тіркеудегі мүшелерінің саны ең азы Қазақстан коммунистік халықтық партиясына 54 мың адам тиесілі. Көптігі жағынан «Нұр Отаннан» кейін «Ақ жол» тұр – 175 мың адам, одан соң «Патриоттар» партиясы – 172 мың. Орта есеппен алғанда, әр партияда 90 мың адамнан бар. Кез келген пар-тияда мүшелік жарна деген болады. Партия қатарына өткен қазақстандықтар партияның саясатын дамыту үшін, ұранын іске асыру үшін өз қалтасынан ақша шығарады. Ең төменгі жарна 500 теңгені құрайтын болып шықты. 90 мың мүшесі бар партияның мүшелік жарнадан бір жылда жинайтын қаржысы 45 млн теңге болуы керек екен. Алайда мүшелік жарнаны төлеу ерікті түрде жүзеге асырылады. Яғни партия мүшесі оны төлемеймін десе де өз еркі. Шындығына келгенде, партиялық жарнаның 50 пайыздайы жиналса да, жақсы көрсеткіш болар еді. Алайда кейбір партия қызметкерлерінің айтуынша, 50 пайызы да жиналмайды. Дегенмен біз осы 50 пайыз көрсеткіш бойынша есепке салып көрсек, жылына 22-23 миллион теңге шығады екен. Партияның ісін өрге домалату үшін бұл көп ақша ма, партияның саясатын халыққа жеткізу жолында түрлі шаралар жасауға 22 миллион теңгеге не істеуге болады?
Партияның жарнасы екі көлік алуға немесе 1 шақырым жол салуға ғана жетеді
Миллион деген аты болмаса, теңге жүзіндегі бұл ақшаның валюталық құны үлкен емес екені анық. Долларға шаққанда 150 мың АҚШ валютасы шығады. Бұл ақша мемлекеттік тапсырыспен екі көлік алуға ғана жетер еді. Ал Алматы қаласы әкімшілігінің есебіне салсақ, бұл ақша бір шақырым жол салуға ғана жетеді. Яғни партия мүшелері патриоттық танытып, парызын орындап, жылдық жарнасын адал жинап берген ақшаға бір шақырым ғана жол салуға болады. Әрине, біздің партиялар жол салып жатқан жоқ, ендеше, бұл ақшаны қайда, қалай жұмсап жатыр, оны да редакциямыздың есебіне салып көрелік. Кез келген партияның республикамыздың әр аймақтарында филиалдары болады. Демек, республика бойынша 14 өкілдік бар. Оның біреуі – негізгі орталық. Орталық бөлімшеде 20 шақты қызметкер бар. Партия басшысы, орынбасарлары, хатшы, бірнеше заңгер мен есепші, ең ақыры еден жуушы. Ал аймақтағы бөлімшелерде орта есеппен бес қызметкерден болуы керек. Яғни жалпы есепте бір партияның барлық кеңселерінде жалпы саны 80-100-ге жуық адам тұрақты жұмыс жасайды. Барлық қызметкерлердің орташа жалақысын 80 мың деп алайық. Сонда оларға төленетін жалақының жалпы есебі 1 миллион теңге көлемінде болады. Жылына 12 миллион теңге. Яғни мүшелік жарнадан жиналған 22 миллион теңгенің 12 миллионы жалақы есебінде төленді. Ар жағында 10 млн теңге (65 мың доллар) қалды. Оның біршамасы бөлімшелер орналасқан кеңселерді жалға алуға төленеді. Яғни партия өз саясатын ілгері жылжыту үшін демеушілердің көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Ал Парламент қатарына өткен партиялардың жағдайы дәл осындай мүшкіл деп айта алмаймыз. Себебі ол партияларға Үкіметтен төленетін қаражат тым болмаса қызметкерлерді ұстап тұруға жететіні жоғарыда айтылды.
Әрине, мүшелерінің саны бойынша да, биліктегі деңгейі бойынша да «НұрОтан» партиясын өзгелермен салыстыруға келмейді. Ресми есеп бойынша, «Нұр Отан» ХДП қатарында 900 000 адам бар. Соның 50 пайызы мүшелік жарна төлейтін болса, 225 миллион теңге болар еді.
Партияны жасақтау, оған қолдаушы электорат қалыптастыру, демеушілер мен қаржы көздерін іздеп, партияны ұстап тұру мәселесі жөнінде саясаткерлердің жеке пікірін де білген едік. Сарапшыларымыздың бірі – партияны тіркеу мәселесінің машақатын сезініп жүрсе, екіншісі тәуелсіз Қазақстанның партиялар тарихына шолу жасаумен болған.
Мамандар пайымы
Мэлс Елеусізов, эколог:
– Шындығына келгенде, партиямызды құра алмаудың негізгі себебі халықтың көңіл күйі болған жоқ. Яғни партия құру үшін қажетті талаптардың барлығын орындай алмадық, қол жинау қиын болды. Алайда үмітіміз өшкен жоқ. Елімізде экология мәселесінің маңызды екендігі жиі айтыла бастады. Халық түсіне бастады. Оның үстіне «EXPO 2017» көрмесінің Қазақстанда өткізілуі экологиялық тақырыпты одан ары пысықтап жатыр. Партия құру үшін сенімді демеушілердің болғаны дұрыс. Себебі партияны құрғаннан кейін де оның жұмыстарын ілгері домалату үшін қыруар қаржы, қыруар еңбек қажет. Соған қарамастан, Қазақстанның саяси нарығындағы мүмкіндіктерді, партиялық мүм-кіндіктерді жоғары бағалаймын. Біздегі партиялар Парламентке өтіп, мемлекеттің қаржысына қол жеткізгеннен кейін босаңсып кетеді. Басшыларының партия жұмыстарымен айналысуына уақыты болмай жатады. Бұл дұрыс емес. Екінші жағынан, қазір кәсіпкерлері түрлі кәсіпорындар партияларға демеушілік жасамайды. Себебі сенбейді. Бірақ ол жағдай да мәңгі емес, өзгерістер бар. Өз басым көп ұзамай «Табиғат партиясының» ашылатынына және саяси алаңда тиімді жұмыс жүргізетініне сенімдімін.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Парламентке өткен болса, алған пайызға байланысты мемлекет қаржыландырады. Нақты көлемін білмеймін, бірақ оңай қаржы емес. Тым болмаса, шенеуніктерін ұстап тұруға жетерлік ақша деп естідім. Жалпы айтқанда, Қазақстанның саяси нарығында партиялық мүмкіндіктер төмен деп айтпас едім. Әрине, бәрі сайлаулардың әділдігіне келіп тіреледі. Бұл да уақыт талабына сай өзгере жатар.
Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
– Партияның жұмысына ең бір ауыртпашылық түсіретін мәселе, ол – қаражат мәселесі. Қазақстанның жағдайында партияға жеке демеуші табу өте қиын. Сондықтан оған сенуге болмайды. Ал Үкімет тек Парламентке өткеннен кейін ғана қаржыландырады. Яғни осы арада қиындықтар бар. «Ауыл» партиясына келсек, халықпен қарым-қатынасқа түсіп жұмыс жасау үшін біз өзі-міздің мүшелеріміздің күшіне ғана сенеміз. Біреу шараның орнын алып береді, енді біреу тағы бір қажеттілікті көтереді. Біздің партияның жұмысы өнімді болуы үшін ауыл-ауылды аралап, түрлі шаралар өткізіп, түрлі бастамалар көтеру үшін ұзақ уақыт бойы қаржы жинақтауымыз қажет. Партиялардың несие алуы мен салығы да жеңілдетілмеген. Яғни таза ерік-жігерге, еңбекке сүйенуге тура келеді.