Патриархат, матриархаттан педиархатқа...
Жуырда Орталық Азия, қала берді, бүкіл ТМД бойынша Қырғыз елінде тұңғыш әйел президент Роза Отынбаеваны ұлықтау рәсімі өткені мәлім. Дегенмен посткеңестік елдер үшін, әрине, бұл – жаңалық емес, тура бір жыл бұрын, 2009 жылы 12 шілдеде тұңғыш рет Литва Президенттігіне Даля Грибаускайте келген еді. Ресейдің бұрынғы тарихын парақтасақ, Анна Иоанновна, Екатерина I, Екатерина II, Елизавета Петровна сынды нәзікжанды патшайымдардың бүкіл империяны билеп-төстегені еске түсер еді. Бірақ біздің айтпақ ойымыз басқа. Сырғалымдардың саясатта эмансипациясы күш ала бастауы (эмансипация) үрдісінің ар жағындағы түбегейлі қоғамдық бетбұрыстардың қатпарларына және оның салдарларына бойлап көрсек дедік.
МАТРИАРХАТ МӘЗ ЕТЕ МЕ?
Тарих қаз-қалпында қайталанбаса да, түрленіп, айналып соғып отырады екен. Ғылыми топшылауларға жүгінсек, бұдан 20 мың жыл бұрын біраз заман салтанат құрған матриархаттық билік үстемдік құрған тайпалар дәурені үзілді деседі. Әйел билігі деп аталатын матриархат пен гинекократия дәуірі қайта айналып келді. Ғалымдар матриархат болған-болмаған деп дау сабасып жүрген кезде, дәп қазір матриархат дәуірін бастан өткеріп жатқанымызды мойындамасқа амал жоқ. Еуропаны әлдеқашан жайпаған феминистік қозғалыстың алғашқы толқыны қазақ даласына да жетті. Швед парламентінің тең жартысын жаулап алған еуропалық нәзікжандылардың өмір салты қазақ әйелдерінің құбыласына айналып барады. Кеше ғана ағылшын шіркеуінің синоды дәстүрлі дінді жақтаушылардың ескертулеріне қарамастан, әйелдерге епископ болуға рұқсат беріп тастады. Бұған қарап, ертең-ақ бізде әйел имамдар қаулап шыға келсе қайттік? Әйтеуір, ежелден еркін, дәстүрге бекем қазақ әйелдерінің алмаған асуы, игерілмеген «тыңы» – ел билеу екен. Бірақ шығыстық менталитет, қазақы дәстүр әйел затының басты міндетін әуел бастан өлшеп-пішіп қойғанын қаперіне алатын батыстық айтақшыл ұйымдар бар ма? Саясатқа ауыз салған гендерлік ұранмен әйелдің табиғи болмысын жұрдай етерімізді ескеретін шама болмай тұр. Матриархат – қоғамдық-отбасылық құрылымның формасы болса, феминизм – әйелдер құқық қорғау бойынша қоғамдық-саяси ағым ретінде дамып барады. Феминистік үрдістің түпкі мәні – әйелді отбасылық міндеттен босатып, керемет тұрмыстық өмірге кенелту. Раушан-коммунистерді еркіне жіберген КСРО қоғамы матриархаттық қоғам болып есептеледі. Тегін шешеден тарататын Израильді былай қойғанда, Германия, Англия да заңнамалық тұрғыдан матриархаттық ел болып саналады. Дегенмен қазақ халқының қаймағы бұзыла қоймаған дәстүрлі потестарлық қоғамы әйел қауымының шектен шығуына мүмкіндік бере қойған жоқ. Патриархалдық қоғамның адамзаттың рухани дамуының басты факторы екенін ешкім жоққа шығармайды. Біле білсек, тарихта алғаш рет тұрандар, семиттер мен арийлер патриархалдық өмір салтын енгізген екен. Қазіргі кезде ұлттың ұйытқысы болған патриархалдық құндылықтардың іргесі сөгіліп барады. Ұзақ жылдық отаршылдықтың алдымен қазақтың патриархалдық менталитетіне сына қаққанын, ер мінезін жуасытқанын ескермеуге болмайды.
ПЕДИАРХАТҚА ТАП БОЛДЫҚ
Мамандар пікіріне қарағанда, біз сөз етіп отырған патриархат та, матриархат та өткен шаққа айналып барады. Өйткені сипаты бөлек басқа дәуір есігімізден төрге озған екен. Владимир Потиха деген автор патриархат, матриархатқа қоса, балаңдық тән болып келетін «педиархат» деген ұғымды ұсынды. Біздің қоғамымызға дендеп ене бастаған ювеналдық технологиялар, постмодерндік мәдениет осы педиархат дәуірін айқындайды. Индустриалды қоғамда әйелдер қауымы әлеуметтік-мәдени саланы игеріп әкетсе, ерлер күш құрылымдары, басты әкімшілік-саяси және қаржылық саланы өз құзырында сақтап келеді. Педиархат дәуірі – қоғамның жеңіл-желпі құндылықтарға, арзан, жылтырақ дүниелерге бағдарлануымен ерекшеленеді. Мәселен, матриархат қоғамды феминизмге әкелсе, педиархат инфантилизмге, яғни балаңдыққа жеткізді. Ғылымның орнын ойын, компьютерлік ойындар алмастырды. Еуропадан жеткен педиархат құбылысына күнделікті өмірде куә болып жүрміз. Сөзіміздің түйіні ретінде кестеге жүгінуді жөн көрдік. (Салыстырмалы кестеге назар аударыңыз).
Матриархат тән мемлекеттер
Қазіргі кезде матриархаттық белгілер тән болып келетін қоғамдар Тибетте, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Үндістан мен Непалдағы ранатхари халқы), Африкада (туарег), Микронезия аралдарында кездеседі. Мәселен, туарег тайпасында «Асри» ұғымы басы бос әйелдердің абсолютті бостандығы сақталған. Индонезиядағы Минангкабау халқында аналық рулық қатынастар үстемдік етеді. Бұрындары жер мен мүлік атаулыға тек әйелдердің ғана иелік ету құқы болған. «Қара құрлықтағы» Ниенго, Лезиму, Йехве сияқты әйелдердің құпия ұйымдары ерлерге түсініксіз, тек әйел тілінде ғана сөйлеседі екен. Қазіргі әлемде матриархат салтанат құрып жатқан ел – Үндістан.