Полиция реформасы қай елде қалай жүзеге асты?
Азаматтармен тікелей қарым-қатынаста болатын мемлекеттік қызметкерлердің бірі – полицейлер. Сондықтан тәртіп сақшыларының «биліктің айнасына» теңелуі де бекер емес. Дегенмен полиция имиджінің жағымды болуына билікпен бірге халық та мүдделі. Бүгінде сол тәртіп сақшыларының имиджін бүлдіруші жемқор полицейлердің саны аз емес. Яғни олардың санын бір қарын майдағы бір құмалаққа теңей алмаймыз, «құмалақтар» тым көп. Оны еліміздегі қоғамдық сайттар жүргізіп жатқан кез келген сауалнама жұмыстары дәлелдейді.
Мәселен, nur.kz сайтының тәртіп сақшыларына қатысты сауалнамасына жауап берген респонденттердің 41 пайызы «жол ережесін дұрыс сақтамай полицияға ұсталған жағдайда пара беріп құтылатынын» көрсетсе, 60 пайызға жуығы Жол полициясының жұмысына көңілдері толмайтынын айтады. Яғни қазақстандықтар өз полицейлеріне төмен баға береді. Тұрғындардың басым көпшілігі олардың пара алатындығын, дөрекілігін, қызметіне салғырттығын тілге тиек етеді. Бұл аталғандардың қай-қайсысы да қазақстандық сақшылардың бойында бар екені анық. Парақорлықты былай қойғанда, сақшылардың дөрекілігі де жиі сөз болады. Мәселен, біздегі полицейлердің «қылмысқа күдікті» адамдарға деген қарым-қатынасы «сот шешімі бойынша қылмыскер деп танылған» адамдарға деген ұстаныммен бірдей. Күдіктіні былай қойғанда, көшеде қарапайым адамдармен тілдесулер де көп жағдайда дөрекі жүзеге асады.
Сондай-ақ жол сақшыларын мысал етсек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол апаты қаупін тудырудың қажеті қанша? Байқасаңыз, жол ережесін ең көп бұзатын көліктер жол сақшыларына тән. Арнайы дыбыстық және жарық беру белгілерін пайдаланбастан-ақ кез келген жол мен жолақты ерсілі-қарсылы бұзып өте береді. Бұл да, айналып келгенде, қызмет бабын асыра пайдаланудың көрінісі.
Кейде тәртіп сақшылары өз жұмыстарының мақсатын түбегейлі түсінбейтіндей көрінеді. Мәселен, бізде қылмыстың алдын алу шараларына аз көңіл бөлінетіні полицейдің қате психологиясын дөп басып көрсететін мына бір анекдотты еске түсіреді: Күн ыстықта өзенге келіп, шешініп, суға секірген әйелге тәртіп сақшысы келіп: «Сізге айыппұл саламыз, өзенге шомылуға болмайды», – дейді. «Оны неге мен шешініп жатқанда айтпадыңыз?» «Себебі мұнда шешінуге тыйым салынбаған». Сол айтқандай, қылмыскердің қылмысқа баруын күтіп жататын сақшылардың қоғамға тигізер пайдасы шамалы. Қысқасы, реформа керек. Бірақ қандай реформа?
Қандай реформа керек?
Әлемдік тәжірибеде құқық қорғау органдарын реформалаудың түрлі үлгілері бар. Негізінен, француздық, ағылшындық, америкалық және жапониялық үлгілер айтылады. Француздық үлгі ретінде бір кездері наполеондық реформаторлар құрып кеткен полицейлік жандармерия аталады. Қазір Францияда ішкі тәртіпті қадағалайтын, алайда өзара бәсекелесіп отыратын үш құрылым бар: Ішкі істер министрлігіне қарайтын Ұлттық полиция бөлімшесі, Қорғаныс министрлігіне қарайтын Жандармерия, Қаржы министрлігіне қарайтын Кедендік және салықтық бақылау қызметі. Аталған француздық үлгі қазір әлемнің көптеген елдерінде тараған. Оның басты ерекшелігі – полицейлердің түрлі салаларға жіктелуі. Және олар әрдайым өзара бәсекелесіп отырады. Ал АҚШ-тық реформалау әлемнің кез келген еліне келе бермейді. Себебі онда бірінің ісіне бірі араласпайтын әкімшілік аймақтар көп. Британиялық полицейлердің басты ерекшелігі – жергілікті әкімдікке қарайтын тәртіп сақшылары негізгі құрылымға, яғни Ішкі істер министрлігіне есеп бермейді. АҚШ-та, негізінен, үш полицейлік құрылым бар, олар: федералды, штаттық және муниципалды. Жапониялық реформа үлгісін көшірген елдер көп емес. Оның басты ерекшелігі – қатаң түрде орталықтандырылуында.
Қай елде болсын полиция қызметін реформалау оңай жүзеге асқан жоқ. Реформаның сәтті жүруі оған салынған қаржының көлеміне, шетелдік бақылаушылар мен кеңесшілердің санына байланысты емес. Мәселен, қазірде ресейлік баспасөздер «Ресейдегі милицияның полицияға ауысуын сәтсіз реформа» ретінде атап жүр. Төменде шетелдік тәжірибе бойынша бірқатар елдегі реформаларды көрсетіп отырмыз.
Босния және Герцеговина реформасы
1992-1995 жылдары орын алған Босниядағы соғыста жергілікті милиция «этникалық тазалау» тапсырмасын жүзеге асырып, көптеген адамдардың өліміне себепкер болды. Осыдан кейін аталған елде полицияның беделі күрт төмендеп кетті. Артынша, 1996 жылы оны реформалау ісі жолға қойылды. Біліктілігі төмен, техникалық жағынан әлсіз жабдықталған, бекер қара көбейтіп жүрген қызметкерлердің барлығы қысқартуға ұшырады. 45 мың полиция қызметкерінен 18 мыңы ғана қалды. Ал қызметінде қалған сақшыларға қару ұстауға, оны пайдалануға қатаң шектеулер қойылды. Ұлттық полицияның құрамына ішкі істер министріне бағынбайтын, қоғамға жақын адамдардан басшылар тағайындалды. Сақшылар қатары жастардан толықты. Осындай түрлі шаралардың арқасында жеті жылдан кейін аталған мемлекеттегі полицияның қоғамдық беделі ерекше артып, мәртебе саналатын болды.
Германияда
1989 жылға дейін Германия полициясы партияның бас хатшысына тікелей бағынатын. Алайда бірқатар құрылымдық өзгерістерден кейін өзгеше көрініс алды. Тоқсаныншы жылдардағы реформалар барысында орталықтандырылған полицейлік жүйе бұзылып, қатардағы сақшылардың үштен бірі қысқартуға ұшырады. Полиция қызметі өз ішінен сала-салаға бөлініп, әрбірі өз ісіне сай техникалық жарақтанды. Демократиялық ұстанымдармен келіспейтін жоғары шенді сақшылар ұзақ мерзімді демалыстарға жіберілді. Полицияның жоғары офицерлік құрамының барлығы жұмысынан босатылды. Әрине, осының арқасында Германияда полицейлік имидж көтерілді.
Грузияда
Полиция қызметіне ең бір сәтті реформа жасаған елдердің қатарына Грузияны қосуға болады. Қазірде қазақ баспасөзі ресейлік ақпарат кеңістігінің ықпалымен Михаил Саакашвилидің жақсылығын жасырып, жамандығын асырып жүрген жайымыз бар. Алайда оның біраз жыл бұрын құқық қорғау органдарына жасаған реформалары көптеген елдерде үлгі ретінде ұсынылып жүр. 2004 жылы Грузияның жоғарғы офицерлік құрамы түгелімен жұмыстан босатылды, Жол полициясы қызметкерлері толық таратылды (15 мыңдай қызметкер жұмысынан босатылды). Оның орнына патрульдік инспекция қызметі жасақталды. Пара алушылықты түп-тамырымен жою үшін жасалған бұл реформа бірден өз жемісін берді. Бұл бастамаға БАҚ құралдары атсалысқан еді. Оларға пара алушыларды сот санкциясынсыз-ақ жасырын бейнекамераға түсіруге рұқсат берілді. Осы реформаның нәтижесінде жемқорлыққа қатысты Transparency International рейтінгісі бойынша 130-орында тұрған Грузия үш жылдың ішінде 67-орынға бір-ақ көтерілді.