Президент: Бізге тіл реформасы қажет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға тіл реформасы мне тыңғылықты сараптама қажет екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тоқаев сұхбат барысында тіл мәселесін қозғап, алға қойылатын негізгі мақсаттарды атады.
"Тілімізге келетін болсақ, біз тілімізді сақтап қаламыз. Тарихтағы қиын-қыстау кезеңдерде халқымыздың, ата-бабаларымыздың арқасында тілімізді қорғай алдық. Сонымен қатар бізге тіл реформасын жүргізу қажет. Мәселе тезірек латын әліпбиіне өтуде емес. Бұл сұраққа асқан сақтылықпен келу керек. Тыңғылықты сараптаманы қажет етеді. Тіл саясаты аса сезімтал тақырып болғандықтан асығыстық танытпаған жөн", - деді ол Qazaqstan арнасына берген сұхбатында.
Тоқаев ел болашағының жарқын болатынына сенімділік танытты. Қаңтар оқиғалары кезінде халық бірлігін жоғалтпай, барлық сынақтарды артта қалдырғанын да қосып өтті. Оның сөзінше, бұл құндылықты келесі ұрпаққа мұра етіп қалдыру керек. Себебі бізде бір ғана Отан бар. Ал Тәуелсіздік барлығынан жоғары екенін, мұны көздің қарашығындай сақтау керегін мәлімдеді.