Қағаздағы сөздің әлі қадірі бар

Қағаздағы сөздің әлі қадірі бар

Кейінгі кездері өмірімізге заманауи технология жетістіктері көптеп еніп жатыр. Жарқын жаңалықтар, тың өзгерістер ақпарат саласында да аз емес. Бүгінгі күннің маңызды оқиғаларын ғаламтордан-ақ біліп, еліміздің екінші шетіндегі танысымызбен әлеуметтік желі арқылы-ақ тілдесіп, пікір бөлісіп жүрміз. Скайптың көмегімен Қазақстан түгілі, әлемнің кез келген бұрышындағы адаммен көзбе-көз сөйлесуге де мүмкіндік туып тұр.
Осындай игіліктердің әсерінен бе, әйтеуір кейінгі уақытта «Әбден компьютерленген қоғамда қағаз бен қалам өз құнын жоғалтады. Яғни, енді көп ұзамай газеттің де күні бітеді. Интернет-ресурстардың көбеюі газет-журналдың қоғамдағы рөлін бәсеңдетті» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Шын мәнінде, солай ма?
Нағыз журналист ғаламторға тәуелді емес
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ғаламтор өмірімізге енбей тұрғанда да, адамдар әйтеуір ілдалдалап ақпарат тауып, әупірімдеп газет шығарып келген. Халықаралық, қалааралық телефондар, қала берді, телефакс, телетайп қызметтері пайдаланылған. Жер шарының сонау қиыр шетінде өтіп жатқан Олимпиада ойындарынан, халықаралық жарыстардан, бас¬қосулардан журналистеріміз айбақ-сайбақ қолымен жазылған репортаждарын факс арқылы жіберіп жататын. Оның кей жерін түсінсек, кей жерін «әй, осылай-ау» деген долбармен шамалап, «диктовкамен» тергізетінбіз. Нөмірге шұғыл ақпарат салу керек болып, тілшілер қоңырау соққанда мәшіңкеші қыз-келіншектер телефон тұтқасын құлағына бастыра орамалмен байлап алып, «ал, айта бер!» деп, бірден сартылдатып тере бастаушы еді. Ана жақтағы журналист қолындағы қағазына қарай ма, әлде оныкі де «диктовка» ма, әйтеуір сарнап ала жөнелетін.
Ал ХХІ ғасыр журналистикасын ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Осыдан бір сағат қана бұрын болған оқиға лезде әлеуметтік желілер арқылы тарап, немесе ақпараттық сайттар бетінде бірден жарқ етіп, елге жария болып жатады. Қазақстанның өзге өңірі түгілі, әлемнің кез келген түкпірінен көзді ашып-жұмғанша хабар алып, жаңалығын біліп отырасыз. Және бұрынғыдай мақалаңызды әуелі қағазға түсіріп, сосын мәшіңкеге бастырып, одан кейін компьютерге қотарып, әуреге түспейсіз. Жұмыс бірнеше есе жеңілдеген: журналистердің көпшілігі қазір қағаз бетін қаламмен «айғыздауды» да қойып, көкейіндегі ойын төгіп-шашпастан тікелей «сиқырлы қобдишаның» өзіне ақтарады.
Бірақ адам игілікке тез бой үйретеді. Оның үстіне, ғаламтор бүгінгі дәуір адамының жұмысын оңайлатқанымен, екінші жағынан, өзіне барынша тәуелді ете бастады. Өкінішке қарай, өздігінен ізденбей, тек өрмекшінің торындай шым-шытырық интернет әлемінің мәліметімен ғана «қоректенетін» әріптестер де бар.
Осыдан оншақты жыл бұрын біз еңбек еткен бір газет редакциясында екі күн қатарынан ғаламтор істемей қалып еді, негізінен жастардан құралған тілшілер ұжымы «енді қайттік?» деп, есінен тана жаздады. Ұжым басшысы, қызметкерлерін әдейі сынайын деді ме, «қайтуші едік, бәріміз отырамыз да, мақала жазамыз!» деді. Сөйтіп, қоғамдық өмірдің сан саласына орай онсыз да өзіндік ой-пікірі, ұстаным-көзқарасы бар әріптестер көкейіндегісін жазуға кірісіп кетті, ал «ғаламторсыз күн көре алмайтындар» шұқшиып отырып қалды…
Газеттің аты – газет
Рас, бүгінде ғаламтордың ақпарат таратудағы орны бөлек. Бұл саланың күрт дамуы қағазға басылатын газеттер мен журналдардың қоғамдағы рөлін қайта қарауға мәжбүр ете бастағаны да рас. Ақпаратты тез беруде басылымдар теледидар мен радионың да, ғаламтордың да алдына түсе алмайды. Бірақ, бұл «газеттің, жалпы қағаз бен қаламның күні өтті» дегенді білдірмесе керек. Елдің оқып жүрген басылымдарының бәрін жауып тастап, тек интернет-газеттерге көшсек, ғаламторға әлі қолы жете қоймаған оқырмандар қайтпек? Олардың ақпарат алу құқығын қайда қоямыз? Ғаламтор орнатуға мүмкіндігі болса да, «балаларым ертелі-кеш компьютерге шұқшиып отырмасын» деп әзірге интернеттен саналы түрде бас тартып отырған отбасыларды да білеміз. Өзі ұнатқан, немесе алдағы уақытта өзіне, болмаса ұл-қызына қажетті деп тапқан материалдарды газет-журналдардан қиып алып, сақтап жүретіндер де азайған жоқ.
Мәскеуде жасы жетпістен асқан Аксель Вартанян есімді ардагер журналист бар. Спорт статистикасының білгірі. Сол бүкіл жинап жүрген қажетті дерек-мәліметтерінің бәрін негізінен қағаз күйінде сақтайды. Себебі, бір рет компьютерінің жүйесінен ақау шығып, бірнеше жылғы еңбегі із-түзсіз күйіп кетіпті! Содан бері, «аузы күйген үріп ішеді» дегендей, компьютерде тұрған мұрағатының бәрін әрі қағазға да басып шығарып қоятын болған. «Сақтықта қорлық жоқ», қазір осы жолдардың авторы да сол тәсілді ұстанады. Әлдеқашан кітаптарына еніп кеткен шығармаларының газет-журналдарда жарияланған алғашқы нұсқаларын сол күйі сақтап жүрген қаламгер ағаларымды да білемін.
Яғни, сарғайса да, шеті мыжылса да, қарпі көмескіленсе де, қашанда қағаздың аты – қағаз. Бұрынғыдан гөрі таралымы азайса да, хал-қадерінше елдің, ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап отырған газеттің аты – газет. Демек, қағаздан құтылуға асықпаған жөн. «Газеттің күні өтті» деп күңіренуге де әлі ерте.
Иә, кейінгі бірер жылда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» саналатын газеттердің бірсыпырасы жабылып, кейбірінің электронды нұсқалары ғана қалды. «Болашақта жалпы газет атаулы түгел тоқтап, олардың орнын сайттар мен порталдар басатын болады» деп болжам жасаушылар да шығып жүр. Олардың ойынша, Қазақстанның бүкіл халқы жаппай «интернеттендіріліп» бітсе керек. Ауылдағы малшы мен диқан да, аудандағы дәрігер мен мұғалім де ақпарат атаулыны ғаламтордан-ақ қарай салуға қол жеткізген тәрізді (қаладағы жұртты айтпай-ақ қояйық, олардың бәрінің қолынан айфон түспейтін сыңайлы-ау).
Шет елдер неге газеттен бас тартпайды?
Ауылға ара-тұра барып тұрамыз ғой, сонда мақта теріп болып, ноутбукқа үңілген, малын жайғай салып, планшет түрткілеп отырған ешкімді көрген жоқпыз. Үйінің төрінде компьютер тұрған үй де ілуде бір ұшырасады. Ал ол компьютерге ғаламтор жалғанған ба, жалғанбаған ба – мұның өзі күмәнді іс. Ал газет-журнал оқитын адам, баяғы кездердегідей аса көп болмағанымен, Құдайға шүкір, жетерлік. Демек, «Қазақстан жұртшылығы жаппай интернеттендірілді» деген сөз – жалаң мақтан, жадағай ұраннан басқа түк те емес. Елдегі ахуалға заманауи технологияның бүкіл жетістіктерімен жабдықталған әйдік үйлердің шыны әйнектерінен емес, шынайы көзбен қараған дұрыс болар.
Бір қызығы, ғаламтордың игілігін бізден бұрын көріп келе жатқан дамыған мемлекеттердің өзі «Е, бүкіл ақпаратты, ойды, идеяны интернет арқылы-ақ таратып, игере беруге болады екен ғой! Онда газет-журналдың не керегі бар?» деп отырған жоқ. Әлем елдеріндегі жетекші басылымдар қай заман, қандай қиындық болсын, мол тиражбен шығып келеді.
Мәселен, Ұлыбританияның «Гардиан» газеті 253 мың таралыммен басылып жүр. Француздың «Монд» газетінің тиражы – 320 мың, «Паис» (Испания) – 432 мың, «Газета выборча» (Польша) – 500 мың, «Коррьере делла сера» (Италия) – 610 мың, «Нью-Йорк таймс» (АҚШ) – 876 мың таралыммен шығады. Үндістанда ағылшын тіліндегі «Хиндустан таймс» 1 млн. 143 мың данамен таралса, хинди тіліндегі «Дайник бхаскар» газеті 2 млн. данамен шығады екен. Жапонияның атақты «Иомури» газетінің таңғы шығарылымы 9 млн. данамен, ал кешкі саны 5 млн. тиражбен таралады!
Егер газеттің, расында да, күні біткен болса, сайттар мен порталдардың заманы туған болса, осы аталған елдер бірінші болып ғаламторға түбегейлі көшпес пе еді? Газет-журналдарын жауып тастамас па еді?
Дамыған елдердің өзі газеттен бас тартпай отырған кезде, одан түңілу бізге тіпті ерсі-ақ. Өйткені, жасыратыны жоқ, елімізде интернет түгілі компьютері, компьютері түгілі электрі жоқ, бар болса да тұрақсыз жерлер аз емес. Ноутбук, айфон, планшет деген бұйымдар да екінің бірінің қолына көшті дей қою қиын. Оның үстіне, бұл құралдардан жылт еткен шағын ақпарат, жедел хабар қарамасаңыз, ауқымды сұхбат, сүбелі мақаланы тұшынып оқи қоюыңыз неғайбыл. Ұзақ уақыт компьютерге үңілу көзіңізге де зиян. Мәселен, жақында ғана дүниеден өткен жазушы, күйші, сыншы Таласбек Әсемқұловтың осы «Алматы ақшамында» жарияланған ойлы, сырлы, терең мақалаларын, эсселерін шұқшиып ноутбуктен қалай оқисыз? Оқығанда да қандай әсер аласыз? Баспахана исі аңқыған газетті алдыңызға жайып салып, жамбастай жатып, асықпай оқығандай тұшынудың орны бөлек қой қашанда…
* * *
Ал «Өмірімізге ғаламтор әбден дендеп енген заманда, газеттер қалай өзгеруі керек?» деген мәселе, расында да, ойланарлық тақырып. Газеттің жылдам ақпар беру жөнінен интернетке, радиоға, телеарналарға ілесе алмайтынын айттық. Енді басылымдар болған оқиғаның лезде себеп-салдарын анықтап, жай-жапсарын зерттеп, сараптап жазуға көшкені жөн шығар. Сонда қоғамдағы өздерінің салмақты орнын сақтай алмақ. Материал көлемін мүмкіндігінше шектеп, аз сөзбен көп мағына жеткізуге тырысқан жөн. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ баспасөзі өтпелі кезеңде тұр деуге болады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста